«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗЕГІ БҰРЫНҒЫ, ӨҢІ ӨЗГЕШЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде ұлттық өнерді дамытып жүрген бірнеше өнер ұжымдары бар. Олар: Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, “Әлқисса” фольклорлық ансамблі, “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі, “Туған жер” халықтық би ансамблі және тағы басқалары. Ұжымдардың рөлі өзге болғанымен, мақсаты бір. Ол қазақ өнерін насихаттау, дамыту болып табылады. Облыстық филармонияның жанынан құрылған “Азия sound” вокалдық-аспапты тобын осы қатарға жатқызуға болады. Репертуарында қазақ халық әндері басым ұжымның өзге ансамбльдерден қарағанда айырмашылығы – аспаптарында. Электргитара, бас гитара, домбыра, скрипка мен соқпалы музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен шырқалатын қазақ әндері бұл топтың орындауында өзге қырынан танылып жүр. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Топ қазақ әндерін насихаттау мақсатында облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетованың тікелей қолдауымен құрылған. Ұжымның көздегені – гитара, скрипка, соқпалы аспаптары арқылы қазақ музыкасын дамыту. Қазақ эстрадасында осы сынды топтар жетерлік. Бірақ біздің облыста жоқтың қасы. Еліміздегі бұл бағыттағы ансамбльдердің арасынан “МузАрт” пен “Ұлытау” топтарын жеке алып қарастыруға болады. Бұл топтар – халық әндерін халықаралық дәрежеде жарнамалап жүрген өнер ұжымдары. Біздің де арманымыз осы. Алдымен қызылжарлық көрермендердің ықыласына бөленіп, Ресей Федерациясында тұратын қазақ жұртшылығын халық әндерімен сусындатқымыз келеді, – дейді топтың көркемдік жетекшісі Нұрлан Серғазинов.

Мұндай топты құру Нұрлан Есімханұлының байырғы арманы екен. “Әлқисса” фольклорлық ансамблінінің бұрынғы көркемдік жетекшісі Сайран Сәбитовпен бірлесе өңірімізде “Ұлытау” не болмаса “МузАрт” сынды өнер ұжымын ашуды көздеген. Музыкаға берілген әріптестер жинала қалса, топ қандай болуы тиіс деген сұрақтарға жауап іздеп, мақсаттарының іске асу жолдарын қарастырған. Себебі, қандай да бір өнер ұжымын құру үшін оған қаражат қажет. Әртістердің жалақысынан бөлек аспаптар мен аранжировка да қаражатқа тіреледі. Топ мүшелеріне біркелкі киім тігу де – басты талаптардың бірі. Осының барлығын жүзеге асыра білген облыстық филармонияның басшылығы “Азия sound” тобының пайда болуына мұрындық болған.  

– Біздің топ этно-фолк-рок бағытында өнер көрсетеді. Яғни, халық әндерінің негізгі ұлттық мағынасын жоймай, жаңаша аранжировкамен орындаймыз. Батыс және ұлттық музыка өнерін бір арнаға тоғыстыру арқылы жұртшылыққа халық әндерін өзге қырынан насихаттаймыз. Бұл тәсіл көрерменге ұнайды. Әрі жас ұрпақ төл туындыларымызды ұмытпайды. Себебі, музыка өнеріндегі бұл жанр заманауи музыка болып саналады, – дейді топтың көркемдік жетекшісі.

Нұрлан Серғазинов – облыстық филармонияда көптен бері жұмыс істеп жүрген музыкант. Ол музыка өнерін бүгешігесіне дейін меңгеру үшін өмірінің аттай 25 жылын білімге арнаған екен.

Нұрлан Есімханұлының отбасы – Ресей Федерациясынан тарихи Отанына оралған қазақстандықтардың бірі. Балалық шағын өңірімізде өткізген. Жастайынан музыка өнеріне машықтанып өсті. Музыкалық білімді арнайы мектептен алған соң ол Петропавлдағы өнер колледжінде домбыра сыныбы бойынша білім алады. Оны аяқтаған соң М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Саз және педагогика” факультетіне түседі. Оқи жүріп, облыстық филармонияда жұмыс істейді. Уақыт өте домбырамен қоса, контрабас аспабын меңгеруді ұйғарады. Өнер колледжіне қайта түсіп, оны тамамдаған соң оқуын Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде жалғастырады. Нұрлан Есімханұлы осылайша екі бірдей аспапты меңгерген.

Топтың репертуары әрқилы. Негізгі репертуар халық әндерінен құралған. Сондай-ақ “Үркер”, “Ұлытау” топтарының аспапты музыкаларын да орындайды. Өңірлік ақын-сазгерлердің де туындыларын репертуарына қосуды мақсат етеді топ мүшелері. Ең бастысы, әнді нақышына келтіріп айту, дейді олар. Топта екі әнші ән айтады. Олар: Мұхит Ахметов пен Нұрлан Двесов. Ал гитарада Нұрлан Саржанов, соқпалы аспаптарда Евгений Жильцов, скрипкада Анастасия Ерзакова, клавишті аспапта Жанна Маймепесова және бас гитара мен домбыра аспаптарында көркемдік жетекшінің өзі ойнайды.

 Шағын ғана топтың жоспары зор. “Хабар” телеарнасындағы “Аймақтар аламаны” атты жобаға қатысып, облыс намысын жоғары деңгейде қорғаған топ алдағы уақытта республикалық деңгейде танылуды көздейді. Өткен жылы “Әлқисса” фольклорлық ансамблімен бірлесе концерт берген топ наурыз айының соңында өздерінің ән кешін өткізбекші. Вокалдық-аспапты топ алдағы уақытта көрермендерін құлақ құрышын қандырар халық әндерімен сусындатпақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp