Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары Түмен, Омбы, Қорған облыстарындағы әріптестерімен кездесіп, Солтүстік Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымымен күресте өзара қарым-қатынас жөніндегі хаттамаға қол қойды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Есірткі контрабандасы арналарын анықтауда бірлескен іс-шараларды жүргізуді, есірткі тасымалдаумен айналысатын тұлғаларға қатысты жедел ақпарат алмасуды талқылау мақсатында ұйымдастырылған шараны СҚО Ішкі істер департаментінің бастығы Ақан Қажкенов ашты.
– Көрші елдегі әріптестеріміз – Есірткі заттарының айналымын бақылау жөніндегі федералды қызмет басқармалары басшыларына бірлескен шараны қолдауға ниет білдіргендері үшін алғыс білдіремін. Ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін қоғам дертіне тізе қосып қарсы тұрар болсақ, көп ұзамай бірлескен жұмыстың нәтижесін көреміз деп ойлаймын, – деді өңіріміздің бас полицейі.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов екі елдің көршілес өңірлері арасындағы ынтымақтастық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қатысты өткір және жедел мәселелерді оңтайлы шешуде оң ықпалын тигізетініне үміттенетінін айтты.
Бірнеше мемлекетпен шекаралас әрі ірі тораптардың жол айырығында тұрған солтүстік өңірде есірткіге қатысты қылмыстық ахуал тұрақты деуге келмейді. Мәселен, өткен жылы есірткі затының 9 контрабандалық фактісі тіркеліп, заңсыз айналымнан 150 килограмнан астам есірткі тәркіленген. Ол жайында СҚО Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Думан Таев мәлімдеді.
Басқосуда РФ Түмен облысы бойынша Есірткі заттарының айналымын бақылау жөніндегі федералды қызмет басқармасының бастығы Олег Медведев те сөз алып, елімізбен шекаралас орналасқан аймақтың жедел және алдын алу шараларын өткізуде ынтамақтаса әрекет етуге әр кез дайын екендерін жеткізді.
Шара барысында шекаралас ынтымақтастық аясында басымдық берілетін бағыттар талқыланып, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша жоспарлаған жедел-іздестіру шараларын өткізу, темір жол және жүк тасымалдаушы көліктер арқылы жасалатын қылмысты анықтау және жолын кесу мәселелері сөз болды.
Кездесу соңында СҚО ІІД-нің және Түмен, Омбы, Қорған облыстарының құқық қорғау органдарының басшылары өзара қарым-қатынас жөніндегі хаттамаға қол қойды.