М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің акт залында көңілділер мен тапқырлар клубтары “Қызылжар” аймақтық лигасының 1/8 финалы және дәстүрлі “Наурыз кубогы – 2014” ойындары өтті. Оған Петропавл қаласының оқу орындары (СҚМУ, СҚКПК, ПҚЭК, Гуманитарлық колледж), Астана, Рудный қалаларынан, сонымен қатар облыстың Айыртау, Тимирязев, Шал ақын аудандарының құрама командалары бақ сынасты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сәлемдесу мен жамбы атудан тұрған ойын барысында сахнада бар өнерін салған командалардың арасында Борки кентінің “Оян, қазақ!”, нәзік жандардан құралған СҚМУ-дің “Ханымдар думаны” және құрылғанына екі ай толып үлгермесе де Көкшетау қаласында өткен аймақтық “Жайдарманда” бас жүлдені жеңіп алған “Шал ақын” құрама командасының мүшелері тамаша әзілдерімен көзге түсіп, сахна көрігін қыздырды.
Екі сағатқа созылған “Наурыз кубогы – 2014” ойынының қорытындысы бойынша Наурыз кубогын Рудный қаласынан ат терлетіп келген “Бес саусақ” құрамасы жергілікті көрерменнің көзайымына айналып, үздік команда болып танылды. Аталмыш команданың әзілі өзге құрама командаларға қарағанда бір саты жоғары болғанын залға лық толған көрермендердің қол шапалақтап, қызу қолдау білдіруінен-ақ байқадық. Сөйтіп, тапқыр да әзілкеш “бессаусақтықтар” лайықты түрде “Қызылжар” аймақтық лигасының 1/8 финалының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Тимирязев ауданының “Алаш жастары” командасы екінші орынға ие болса, ал Құрылыс-экономикалық колледжінің “ПҚЭК” командасының КТК ойыншылары үздік үштікті қорытындылады.
Ойын ережесіне сай 14 команданың төртеуі (астаналық “Энерго” мен “Қазақ елі жастары”, СҚМУ-дің “Медиа смайл” және Құрылыс-экономикалық колледжінің “Орта жүз” командалары) “Қызылжар” аймақтық лигасының 1/4 ойынына өте алмады.
Үздік командаларға дипломдар мен кубоктар және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.