Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Наурыз мейрамына арналған “Татулық пен қайырымдылықтың жарқын мерекесі” атты кеш өтті. Аталмыш кеш сөзі мен әнін М.Мақатаев пен Т.Сарыбаев жазған “Наурыз-думан” әнімен ашылып, мерекелік шашу шашылды. Мерекелік кешке жиналған ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты аналар жиналған қауымға Наурыз мейрамының тарихын, оған қатысты салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды баяндады.
– Біз жыл сайын осы кітапханада жиналып, Наурыз мерекесі жайлы білген-түйгенімізді жас буынға айтамыз. Кейбір дәстүрлерді бірі білсе, екіншілері біле бермейді. Ал өзім Наурыз мерекесінде балаларыма, келімді-кетімді қонақтарға ет асып, дәстүрлі тағам – наурызкөже пісіріп беремін, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Күләй Омарова.
Танымдық сипаты мол кеш барысында қариялар ақ баталарын беріп, ақындар Наурыз мерекесіне арналған өлеңдерін оқыды.