Наурыз мейрамында Қазақстан халқы театрландырылған қойылымның аясында наным-сенімге толы әдемі салт-дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен танысуда. Біздің өңірімізде бұл жауапты міндет С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымына артылған. Бір жылдық ризығын шашып, тіршілік атаулыға жан бітіре келген Наурыз мейрамының мәнін түсіндіріп, әдемілігін жеткізуде аталмыш ұжымның қосып жүрген үлесі зор ғой деп ойлаймын.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Театр 2000 жылдан бері Наурыз мерекесін тойлауға өз үлесін қосып келеді. Сол жылдары қазақтың мәдениетін көбірек көрсету керек деген тапсырма болған-тұғын. Қойылымдарды дайындаған кезде Өзбекәлі Жәнібековтің және Ақселеу Сейдімбектің еңбектеріне көбірек жүгінеміз. Осындай этнографиялық еңбектерді оқығанымда “Ұлыстың ұлы күні” деген сөздің мағынасын түсіндім. Біреу білер, біреу білмес, бұрынғы кезде ірі империялар қосылған кезде оларды “ұлыс” деп атаған екен. “Ұлыс” “ел” деген мағынаны білдіреді. Түркі халқы өздерін “Ұлыс, ел” деп атаған. Яғни, “Ұлыстың ұлы күні” деген сөз тіркесі “Түркі елі үшін ұлы күн” деген мағынаны білдіреді, – дейді С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қоюшы режиссері – Баатырбек Шамбетов.
Шығыстың Жаңа жылы – Наурыз мейрамы жайлы ата-бабаларымыз: “Ұлыстың ұлы күні көк тұңғиығын қақ жарып бір гуіл өтеді, тәнін тазартқан пенделердің түйсігі түрленеді, жанын пәктеген кісілердің санасы сәулеленеді, парасатын риялаған тұлғалардың ақылы нұрланады, рухын ізгілеген Жәуанмәрттің Жүрегі нәрленеді” деп сипаттаған. Осы орайда Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе, жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастаған. Мереке ұлттық ойындарымен (“Айқыш-ұйқыш”, “Ақ серек пен көк серек”, “Алқа қотан”, т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, “Қызғалдақ” мерекесімен, қазақша күрес, ат жарысымен жалғасып, түнге қарай “Алтыбақан” айналасындағы тамашамен аяқталған көрінеді.
– Сол себепті біз жыл сайын жұртшылыққа Наурызда орындалатын әдет-ғұрыптың бір түрімен таныстырып отырамыз. Бір жылдары сахна маңына жиналған қауымның бетіне ақ жағып, “Аузымыз аққа толы болсын, көңіліміз ағарсын!” деген тілегімізді айтқан едік. Актерлеріміз атқа қонып, жаршы бейнесінде де шыққан болатын. Ал өткен жылы тал егу дәстүрін көрсеттік. Осылай біздің театрға бөлінген 10-15 минут уақытты танымды, қызғылықты етіп ұйымдастыруға тырысудамыз, – деді Баатырбек Шамбетов.
Ұзақ үзілістен кейін қайта жаңғырып, соңғы 26 жыл бойы тойланып жүрген Наурыз мейрамы – достық пен бірліктің, татулық пен ынтымақтың мейрамы. Яғни, рухани тазару, жасару, жаңару күні. “Жаңбырменен жер, батаменен ел көгереді” деген қаймана қазақ бұл күні Қызыр атаның ақ батасын естуге құштар. Қызыр атасыз Наурыз мерекесін көзге елестету мүмкін емес. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн “Қызыр түні” деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ кондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып персонаж. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Біраз жылдан бері Қызыр атаның образын қазақ театрының актері Болат Мамытбеков сомдап жүр.
– Ал елімізді пәле-жаладан аластап, жақсылық шақыратын Ұмай ананың образы Наурыз мерекесін тамашалайтындарға кеңінен таныс. Қазақ елі ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмірбақи анасын сыйлап өткен. Ертеден келе жатқан наным-сенімдердің түп тамыры да – ана. “Аспанда Тәңірі, жерде Ұмай ана” деп табынады қазақтар. Ұмай ана – қамқоршы, жарылқаушы, демеуші, отбасының пірі. Сол себепті бұл образды сомдауды ана ретінде тәжірибесі бар, көрерменге сенім ұялататын актрисаларға тапсырамыз. Ұмай ана образын Кенже Ақжолова мен Динара Қайырбекова сомдайды, – дейді Баатырбек Шамбетов.
Ұмай ана – ертедегі Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық Тәңірісі. Ұмай анаға қазақтардан басқа хакастар, қырғыздар, алтайлықтар, тывалықтар, шорлар және түріктер табынған екен. Бұл жайындағы деректер Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде, ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған. Қазақ даласына Ислам діні дендеп енген соң Көк тәңірімен қатар аталатын Ұмай ана есімі ендігі жерде өз мәнін солғындатып, бөбектер мен аналардың жебеуші піріне айналған. Осы бір аналардың жиынтық образы Наурыз мерекесінің арқасында қайта жаңғырып жүр.
Ал әз-Наурыздың өзін биік деңгейде жаңғырту үшін Елбасы 2000 жылы Астанада өткен аталмыш мейрамға орайластырылған “Наурыз нұры” деп аталған мерекелік кеште жыл басын тек рухани ғана емес, ресми тұрғыдан да 1 наурыздан бастау туралы идеясын ортаға тастаған еді. “Біздің “Жаңа жылымыз” осы мерекеден басталса, дұрыс болар еді! Әнеугүні ақпанда қытайлар өзінің, корейлер өзінің жыл басын тойлап жатты. Ал біз Петр І-дің алып келген 1 қаңтарымен жүрміз әлі күнге дейін”, – деген болатын. Осы орайда Наурызды атап өтуді жоғары деңгейге жеткізіп, сол биігінде сақтап қалу міндеті тұр.
– Наурыз мерекесін тойлауға театр ұжымы тартылған 14 жылдың ішінде Шығыстың Жаңа жылын тойлау деңгейі өскен жоқ. Себебі, ұйымдастырушылар – жауапты мемлекеттік органдардың тарапынан қатаң талап жоқ. Жалпы Наурыз мерекесінде орталық алаңға шығатын мемлекеттік органдардың, шығармашылық ұжымдардың басын біріктіріп, Жаңа жылды тойлауды бір жүйеге келтірсе, Наурыз тойы мәндірек, сәндірек, қызықтырақ болар ма еді? Мәселен, 31 желтоқсанды ерекше тойлаймыз. Бір ай бұрын мерекелік шырша жағамыз, көшелерді, ғимараттарды безендіреміз, түрлі шаралар ұйымдастырылады. Ол бұқаралық сипатқа ие. Наурызды да осындай бір жүйемен атап өту керек. Сонда халықтың санасына терең сіңеді, – деген Баатырбек Шамбетов 14 наурыз – Көрісу күнінен бастап, алғашқы қымыздан ауыз тиетін – Қымыз-мұрындық салты сияқты салт-дәстүрлермен 1 ай тойлау қажет деген ойын жеткізді.
Көктем мезгілі кеш келетін солтүстік өңір үшін Наурызды 1 ай тойлау аса қолайлы. Десек те, қазақы мәдениетті көтеру, дамытуда қолда бар мүмкіншілігімізді толық пайдаланбай отыр екенбіз. Бір айтарымыз, рухани тазалықтың мерекесі – Ұлыстың ұлы күнінен тек жақсылық күтейік!
Коллажды жасаған
Талғат ТӘНІБАЕВ.