Биылғы жылы қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған қылқалам шебері, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 110 жыл толып отыр. Соған орай облыстық бейнелеу өнері мұражайында суретшінің мерейтойлық көрмесінің ашылуы болып өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бейнелеу өнері мұражайында Әбілхан Қастеевтің шығармашылығына арналған “Атамекен” атты ретроспективтік көрме жасалған. Бұл оның негізгі экспозициясы болып есептеледі. Мұражай қорында суретшінің сегіз туындысы сақталған. Олар акварель және майлы бояулармен салынған. Бұл суреттер мұражай қорына 1985-1989 жылдар аралығында Қазақ КСР Суретшілер одағынан және көркемөнер көрмелері басшылығынан түскен. Бүгінгі күні бұл туындылар мұражайдың ғана емес, жалпы өңіріміздің мақтанышы болып табылады.
Әбілхан Қастеевтің танымал суреттерінің бірі – арқалы ақын Сүйінбай Аронұлының портреті. Бұл суретті ол 1972 жылы салған екен. Тәуелсіздік жылдары кескіндемешінің осы суреті ұлттық валюта – теңгенің номиналды банкнотында бейнеленді. Жасыл түстес 3 теңге көбіміздің есімізде болар. Міне, дәл осы теңгеде бейнеленген Сүйінбай Аронұлының портретінің түпнұсқасы Петропавлдағы бейнелеу өнер мұражайының қорында сақталған. Алматы өзені бейнеленген “Алматы өзенінің көрінісі” картинасы мен пейзаж жанрындағы “Жоңғар таулары” (1965ж.), “Сүдігер жырту” (1961ж.), “Жайлауда”, “Колхоз қырманы”, “Натюрморт” (1961ж.), “А.Айтиленовтің портреті” (1951ж.) атты картиналары да мұражайдың жауһарына айналған.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.