«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСҚАРУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мақсат ҚАСЫМОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің

СҚО бойынша департаментінің консультанты.

Бірнеше жылдардан бері Қазақстанның мемлекеттік қызметі айтарлықтай өзгерістерді басынан өткерді. Қазақстан 2000-шы жылдардың басында Шығыс Еуропа және ТМД елдерінің арасында мемлекеттік қызмет саласын реформалаудың көшбасшысы болып танылды. Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізілді, онда лауазымдар саяси және әкімшілік болып жіктеліп, қызметшілерді кәсібилендіру бойынша шаралар жүзеге асты.

“Мемлекеттік қызмет туралы” Заңды жүзеге асыру кейбір мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді. Олардың ішінде конкурстық тестілеу мен іріктеуде шынайылық пен ашықтықтың жетіспеуі, лауазымдық жылжыту кезінде меритократия қағидасының сақталмауы, жұмыс сапасын бағалау мен еңбекақы төлеу деңгейінде өзара байланыстың болмауы, оқыту жүйесі тиімділігінің жеткіліксіздігі, кадрлардың ауысуының жиілігі мен мемлекеттік қызмет басшысының ауысуы кезінде кадрлық сабақтастықтың бұзылуы, іріктеу, бағалау және жылжытуда кадр қызметі рөлінің төмендігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер тетіктерінің әлсіздігі, қызметтік әдеп нормаларын сақтамау және корпоративтік мәдениет деңгейінің төмендігі сияқтылар бар. Осы мәселелер, сонымен қатар, Елбасының мемлекеттік аппарат және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік алдына қойған басым міндеттері, қоғамның өскелең сұранысы, мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдамасын және “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңын қабылдау қажеттігіне әкелді. 2013 жылы мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы өзгерістер күшіне енді.

Заңнамадағы бұл өзгерістер конкурстан тыс ауысуға шектеуді қарастырады. Мемлекеттік органдар арасындағы ауысу 30 есе кеміді. Сонымен бірге ведомстволар ішіндегі ауысуға рұқсат берілді.  

Конкурстардың ашықтығы мен шынайылығын арттыру бойынша шаралар қабылданды. Алғаш рет заңды түрде бақылаушылар мен сарапшылар институты енгізілді. Бақылаушылардың үміткерлермен әңгімелесуге қатысуына, конкурстық комиссияның жұмысымен танысуына және ол жайлы мемлекеттік орган басшысына өз пікірін білдіруіне болады. БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бақылаушылар ретінде бола алады.

Тестілеу конкурстан бөлініп алынды. 1 наурыздан бастап тестілеуден өту тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Үйде отырып-ақ Интернет бойынша тіркеліп, www.egov.kz порталы, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе біздің агенттіктің департаменті арқылы тестілеу орнын, уақытын және күнін таңдауға болады. Бұл кезде өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. Аудандардағы кадрлық қамтамасыз ету ерекшеліктерін ескере отырып, ауылдық және аудандық буындағы ең төменгі лауазымдарға үміткерлер үшін тестілеу бағдарламасы жеңілдетілген, заңдар саны азайтылып, тестілеу уақыты ұзартылған.

Мемлекеттік қызмет кәсібилендірілген. Халықаралық сарапшылар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси лауазымдар санын сегіз есе қысқарту туралы өткен жылы ақпан айында қабылдаған шешімі саяси ерік-жігердің теңдессіз көрінісі болып табылатынын атап көрсетті. Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды басқару деңгейінің “А” корпусы құрылды. Олар үшін кадрлық резервке, конкурстық іріктеуге, мемлекеттік қызметке өту және оны тоқтатуды іріктеудің ерекше тәртібі, сонымен қатар арнайы біліктілік талаптары қарастырылған. Ашық конкурстық іріктеу патронаждық жүйе және тағайындаудың саяси сипаты кезінде әкімдер немесе министрлердің көзіне түсе бермейтін кадрлық әлеуетті ашуға және жаңа әлеуетті басқарушыларды анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде “А” корпусы 30%-ға жаңартылды. Осылайша “әлеуметтік лифт” тетігі іске асып, жұмыс істей бастады.

Агенттік жауапты хатшылар үшін алдыңғы қатарлы халықаралық сарапшыларды шақырта отырып, стратегиялық жоспарлау, көшбасшылық және жобалық басқару, әлеуметтік дау-дамайдың алдын алу тақырыптары бойынша алғашқы курстар өткізді. Резервтегілермен де жұмыс жүргізу жоспарлануда.

Әдеп және тәртіптік бақылау жүйесі күшейтілді. Мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиясының рөлі және агенттік тарапынан олардың қызметін үйлестіру артты.

Кадрларды бағалау, жылжыту және іріктеу жүйесіндегі персоналдарды басқару қызметінің рөлі мен мәртебесі Заңды түрде арттырылды.

Персоналдарды басқару бұған дейін негізгі қызметі басқа жұмысты атқару болып табылатын қызметшіге жүктеліп келген. Енді аудан және облыс әкімдеріне персоналдарды басқарудың бірыңғай қызметін, бірыңғай конкурстық, аттестаттау және тәртіптік комиссия құруға заңнамалық тұрғыда мүмкіндік берілді.

Персоналдарды басқару қызметін автоматтандыру жұмысы 2015 жылы “е-қызмет” ақпараттық жүйесін енгізу арқылы жүзеге асатын болады. Бұл сонымен қатар оларды одан әрі мазмұнды жұмыс істеуге ынталандыруға ықпал етеді. Алғаш рет тәлімгерлік, сынақтан өту, ауысу, қызметті бағалау институттары енгізілді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында міндеттеген басым бағыттарының бірі тұтастай мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру болып табылады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыруды және жүзеге асыруды жалғастырады. Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжаттар айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауы тиіс. Жергілікті жерлердегі басқару органдарына дербес жұмыс істеуге молырақ мүмкіндік бере отырып, олардың халық алдындағы есептілігін арттырып, сонымен қатар нәтижеге деген жауапкершіліктерін күшейту қажет. Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялардың және бюджеттік ұйымдардың кадрлық саясатына меритократия қағидаларын енгізуді жалғастыру қажеттігі Жолдауда атап көрсетілген.

Мемлекет басшысы алға қойған, тұжырымдамада көрініс тапқан мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру жөніндегі бірлескен міндеттерді жүзеге асыру, мемлекеттік қызмет “ұлт пен қоғамға қызмет” ұғымымен сәйкес келетін мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp