«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БЕРЕКЕДЕ” КӨБЕЙЕДІ ҚОНЫСТОЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру аясында 244 пәтерлік 4 коммуналдық-жалгерлік, жас отбасыларға арналған 126 пәтерлік 6 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталмыш құрылыстың негізгі бөлігі Петропавл қаласының “Береке” шағынауданында жүргізілуде. Оған Андрей Капустин басқаратын “Альфа-Север” ЖШС өзіндік үлес қосуда.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылжар ауданының орталығындағы заманауи “Мирас” балабақшасын салған да, вокзал маңындағы “Пирамида” сауда үйін қайта жаңғыртудан өткізіп жатқан да – осы серіктестік.

Бүгіндері Бесінші Сенной және Ә.Досмұхамбетов қысқа көшелерінің қиылысында бой көтеріп жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын аталмыш компания өткен жылы 19 тамызда бастаған болатын. Содан бері тынымсыз еңбек еткен құрылысшылар жаңа ғимараттың іргетасын дер кезінде қалап, қытымыр қыстың қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланып келеді. Дайындама жұмыстарын ауа райының қолайлы уақытында жүргізуі арқасында бұл күндері 72 пәтерлік тұрғын үйдің бесінші қабатын тұрғызып жатыр.

– Бұл – “Береке” шағынауданында салып жатқан үшінші үйіміз. Бұған дейін 2012-2013 жылдары әрқайсысы 95 пәтерлік 2 үйді пайдалануға беріп, жаңа аумақтың 190 отбасыға көбеюіне өз үлесімізді қосқан едік. Ғимаратты жоспар бойынша биылғы тамыз айында пайдалануға беруге тиіспіз. Ол қолымыздан келеді. Жаңа ғимараттың маңайын абаттандыруды, жүргінші жолдарын салуды күн жылына бастаймыз. Қысқа дейін дайындама жұмыстарын жүргізіп, құрылысқа жедел кірісіп кеткеніміз де сондықтан, – дейді учаске басшысы Сергей Габатель. Сергей Николаевичтің айтуына қарағанда, аталмыш нысанның жобасын Петропавлдағы “Готика” жобалық-өндірістік бірлестігі” ЖШС жасапты. Қалалық Құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынып жатқан 24 – бір, 48 – екі бөлмелі ғимараттың жалпы құны – 427 млн. 314 мың теңге. Бір бөлмелі пәтердің жалпы аумағы – 41,1, екі бөлмелінікі 61,9 шаршы метрді құрайды.  

Бұл күндері аталмыш құрылыста серіктестіктің 2 тас қалаушылар бригадасы, сантехниктер мен электриктер бригадасы, барлығы – 45 адам жұмыла еңбек етуде.

– Бекежан Табылдинов пен Сергей Брыксин басқаратын тас қалаушыларымыз наурыз айының ортасына дейін бесқабатты ғимараттың қабырғасын қалап шығуға тиіс. Сол кезде үйдің шатырын жабуға ағаш шеберлері кіріседі. Қазірдің өзінде кірпіш қалау жұмыстары аяқталған қабаттарға жылыту жүйелері мен электр желілері, пластикалық терезелер орнатылуда. Күн жылына жұмысқа сылақшылар мен әрлеушілер бригадасын тартатын боламыз. Бәрі де белгіленген кесте бойынша жүргізіліп жатыр, – дейді учаске басшысы.

Құрылысқа қажетті кірпіш – Көкшетаудағы “ЕНКІ” ЖШС-ден, темір-бетон құрылғылары Омбыдан және жергілікті “Гедеон” серіктестігінен тасымалданатын көрінеді.

– Құрылыс басындағы жылжымалы мұнаралық кран мен автокран құрылысшылардың кідіріссіз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасайды. Құрылыс материалдарынан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Керек дүниенің барлығы бар. Серіктестік басшысы Андрей Викторовичтің жіті қадағалауының арқасында, ауа райының әдеттен тыс суық күндері болмаса, бос отырып қалған кезіміз жоқ. Өйткені, құрылысшылар атқарған жұмыстарына қарай еңбекақы алады. Орта есеппен кемінде 120 мың теңгедей. Сондықтан әркім өз нормасын асыра орындауға мүдделі, – дейді Сергей Габатель.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp