«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ШАРУАЛАРЫН ЕЛЕҢДЕТКЕН “АЛАБОТА”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданына қарасты Аққұдық ауылында «Қысқы маусымда «Алабота» асылтұқымды зауыты» ЖШС-інде қазақтың ақбас сиырын ұстау технологиясы» тақырыбында республикалық семинар болып өтті. 

Айгүл ТӘШЕТОВА,  

журналист.

Шараға Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы директоры Қ.Исабеков, аудан әкімі С.Салтықов, «Племзавод Алабота» ЖШС-і басшысы Е.Алпысов және ауыл шаруашылығы саласының басшылары қатысты. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарындағы «Новобратское и К», «ПЗ Балкашинский», «Шалабай», «ПЗ Чапаевский», «Крымское» сынды асылтұқымды мал зауыттарының басшылары мен тәжірибелі мамандарының басын қосқан республикалық деңгейдегі жиын әдеттегідей теориялық емес, керісінше, тәжірибелік тұрпатта өткізілуімен ерекшеленді. Басқосудың негізгі мақсаты шаруашылықтағы ақбас сиырларды бағып-күту технологиясымен танысу және селекция төңірегіндегі мәселелерді тағы бір пысықтап, пікір алмасу еді.

Алғашқы кезекте қазақтың ақбас сиырларын өсіретін шаруашылықтардың бүгінгі жағдайы жөнінде Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы директоры Қабыл Исабеков қысқаша баяндап берді. Оның айтуынша, 2012 жылы негізі қаланған республикалық палата қазақтың ақбас тұқымын одан әрі жетілдіру мақсатын көздейді. Профессор меймандарды республикалық палатаның ресми сайтымен де таныстырды. Ғалым мал шаруашылығын дамытуға байланысты ой бөлісіп, мал тұқымын асылдандыруға байланысты өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды сарапқа салды.  

Жиын барысында ҚазГЗИ селекция бөлімінің ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Виктор Крючков және аталмыш шаруашылықтың бас зоотехнигі, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Антон Малиновский мал шаруашылығын дамыту және қазақтың ақбас тұқымы селекциясына қосқан көпжылдық ғылыми үлесі үшін Мақтау қағаздармен марапатталды. Қазақ спорты тарихында аты алтын әріппен жазылған айтулы тұлғалардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің семинар-кеңеске қатысуы басқосудың шырайын аша түскендей болды. Бүгінде Жақсылық Әмірәліұлы Алматы облысы «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, жеке кәсіпкер, асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысады екен.

Семинар-кеңестен кейін қатысушылар «Племзавод Алабота» ЖШС кешенін аралап, шаруашылықтың қысқы маусымда малды күтіп-ұстау технологиясымен жан-жақты танысты.

«Алабота» асылтұқымды зауыты» ЖШС-і – қазақтың асылтұқымды ақбас сиырын өсірумен айналысып, мал азығын дайындап, ет өндіріп отырған іргелі шаруашылық. Аққұдық ауылында орын тепкен шаруашылық негізінен асылтұқымды малды өсіруімен, нақтырақ айтсақ, қазақтың ақбас сиырын көбейтумен шұғылданады. Жалпы шаруашылық иелігіндегі жер үлесі – 41765 га. Оның ішінде 19956 га. – жайылым жер. «Еңбегіңді еселеп қайтаратынына көз жеткендіктен, ақбас сиырды өсіруге бел будық», – дейді шаруашылық басшысы Ерлан Алпысов. Шаруашылықта 4 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған алаң құрылысы аяқталып, жаңа мал қоралары пайдалануға берілді. 2010 жылдан бастап Канададан жоғары өнімді герефорд малы әкелінген. Қазақтың ақбас мұқыл сиыры кезінде осы тұқым негізінде алынған болатын. Қазіргі уақытта ЖШС-де малды жасанды ұрықтандыру және эмбриондарды трансплантациялауға арналған зертхана бар. Зертхананың жұмысын ретке келтіруге, жаңа технологиялар мен әдістерді игеруге республикалық “Асыл түлік” асыл тұқым орталығының мамандары көмек көрсеткен болатын. Агроқұрылымның фермасында 3531 бас ірі қара мал бапталуда, оның ішінде герефорд тұқымдастысы – 611 бас. Тәуліктік салмақ қосу орта есеппен 830 грамды құрайды. Қазір 1451 бас аналық бар. Жемшөп қоры жеткілікті. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған шаруашылықта еңбекақы да төмен емес, 2014 жылы 7 пайызға арта түскен.

Көп жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласында етті бағыттағы қазақтың ақбас сиыры тұқымын өсіруге маманданған “Алабота” асылтұқымды мал зауыты” ЖШС-і – ірі қараның “Алабота” үлгісіндегі жаңа тұқымы – қазақтың ақбас мұқыл сиырын өсіріп шығарған алғашқы кәсіпорын. “Алабота” асылтұқымды зауыты” ЖШС-і Қазақстанның агроөндірістік кешені жетістіктерінің “Қараөткел” көрмесіне жыл сайын қатысып, үнемі жүлделі орындарды иеленеді. Бүгінде басшылық тарапынан жұмысшыларға түрлі жағдайлар жасалуда – түрлі бұқаралық іс-шараларға қолдау көрсетіледі, елді мекенде наубайхана ашылып, бүкіл ауыл нанмен қамтамасыз етілген көрінеді.

– Болашақта асылтұқымды мал басын арттырып, жұмыс орнын көбейтсем деймін. Шаруаның оңға басуы жұмысшыларымның жауапкершілігі мен шеберлігінің арқасында, – дейді шаруашылық жетекшісі Ерлан Сапарбекұлы.

СУРЕТТЕ: жоғарыда – Ж. Үшкемпіров.

  Тайынша ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp