«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОНЬКИШIМIЗ ІIЗБАСАРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТIІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сочи Олимпиадасына қатысқан Роман Креч Қазбек Байболов атындағы қысқы спорт түрлері мектебінің конькимен сырғанау бөлімінің және облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Шара барысында жас спортшылар үлгі тұтқан жерлесін көруге асығып, одан спорт бәйгесінде жеңіске жету жолдарының құпиясы жөнінде сұрастырды. Спортшы болса балалардың сұрақтарына жауап беріп, естелік суреттерге түсіп, қолтаңбаларын таратты.

Оқырмандардың назарына БАҚ өкілдері мен жасөспірімдердің қойған сұрақтары мен спортшының жауаптарын ұсынамыз.

– Роман, Сіз бар-жоғы 24 жаста ғанасыз. Соның өзінде әлемнің үздік спринтерлерінің ондығына ендіңіз. Мұндай көрсеткішке әлі бірде-бір қазақстандық конькиші қол жеткізіп көрген емес…

– Жетінші орын төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындары үшін ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш деп айта алмаймын. Себебі, 20 жасында Олимпиадада жеңістің бірінші сатысына көтерілгендер де бар. Өзім тәжірибемді жинақтай жүріп, күндердің күнінде мен де ондай жетістікке қол жеткіземін деген ойдамын.  

– Сочи мен Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының қайсысы Сіздің көңіліңізден шықты?

– Сочидегі ойындар менің спорттық мансабымдағы екінші Олимпиада болғандықтан болар, маған алғашқысынан қарағанда көбірек ұнады. Себебі, Сочидегі ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

– Олимпиадада осындай көрсеткішке қол жеткіземін деп ойладыңыз ба?

– Шынымды айтсам, ондай ой болған емес. Себебі, Сочиде болған он күн ішінде денсаулығым сыр берген еді. Мұз айдынындағы жаттығуларымда көрсетіп жүрген уақытыма көңілім толмай жүрді. Сондықтан болар, өзімнің дайындық деңгейімді жөнді бағалай алмадым. Ақыры Олимпиада ойындары басталып, 500 метр қашықтыққа алғаш жүгіргенімде ғана барлығы жақсы боларына көзім жетті. Әзірге Сочиде көрсеткен нәтижем – спорттық мансабымдағы ең үздік нәтиже.

– Атақты қарсыластарыңыздың алдында бойыңызды үрей билеген шығар? Қобалжу болды ма?

– Жоқ. Себебі, қарсыластарыммен бұрыннан таныспын. Әлем біріншіліктері мен әлем кубоктарында жиі кездесетіндіктен, бір-біріміздің мүмкіндіктерімізді жақсы білеміз. Ең бастысы, маған ешкім салмақ түсіріп, міндетті түрде медальге қол жеткізуге міндеттісің деп талап қойған емес. Сондықтан болар, үздік нәтиже көрсете алдым. Әрине, қобалжу болды. Онсыз болмайды ғой. Себебі, бұл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар да сүрінетін Олимпиада емес пе?!

– Сіз Германия елінде өткен біріншілікке қатыстыңыз ба?

– Өкінішке қарай, денсаулығыма байланысты қатыса алмадым.

– Денсаулығыңыз қатты сыр берді деп айтып өттіңіз. Толықтай қалпыңызға келу үшін қанша уақыт кетеді деп ойлайсыз?

– Демалыс әлі ешкімге де зиянын тигізген жоқ. Өздеріңіз білесіздер, менің тізелеріме екі ота жасалған. Ал қараша айындағы жаттығулар барысында бұғанамды сындырып алдым. Ал Олимпиада алдында толықтай жазылуыма уақыт жетпеді. Қазір екі-үш ай демалған соң емдеу шараларын бастаймын. Сөйтіп, жаңа маусым ескі жарақаттарымсыз өтетіндігіне үміттенемін.

– Сіз Олимпиадада сәтті өнер көрсеткеніңіз үшін пәтер иегері атанатыңызды алдын ала білдіңіз бе?

– Шынымды айтсам, бұл туралы ойланған емеспін. Себебі, мен әлі осындай сый-марапаттар талап ететіндей деңгейге жеткен жоқпын. Сол себепті жаңа пәтердің кілті табысталады деген хабар мен үшін тосын сый болды. Осы орайда облыс әкімі мен облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына осындай қолдау көрсеткендері үшін алғысымды жеткізгім келеді.

– Сіз жаңа баспанаңызды көріп үлгердіңіз бе? Пәтердің кілтін алдыңыз ба?

– Жоқ. Қазіргі уақытта онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол аяқталысымен өзімнің жаңа баспанамды көремін. Мерзiмi жайында маған облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин хабарлады. Тiптi, мекенжайын да айтты. Мүмкiн, Наурыз мейрамы қарсаңында пәтер кiлтiн табыстау рәсiмi өтетiн шығар?

– Сіздің ойыңызша спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін спортшының бойында қандай қасиеттер болуы қажет?

– Әр спортшыда сабырлық қасиеті болуы қажет. Сондай-ақ өз ісіне жан-тәнімен берілген жанкүйер бола білуі керек деп ойлаймын. Десек те кейде өз-өзіңе тоқтау сала білген абзал. Мысалы, Олимпиададан кейін тағы екі ірі халықаралық сайыс өтті. Мен ол додаларға қатысып, бағымды сынап көргім келгенімен, өзіме тоқтау салдым. Әйтпегенде ағзама түскен күш денсаулығыма сыр берер еді.

– Алдағы уақытқа жоспарларыңыз қандай?

– Жоғарыда атап өткенімдей, екі ай бойы емделмекпін. Осы маусымда Қазақстанда спринтерлік көпсайыстан әлем біріншілігі өтеді. Сондай-ақ жекелеген қашықтықтар бойынша әлем біріншілігі бастау алмақ. Сонымен қатар Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін тынбай тер төкпекпін. Бәсі биік додаға ойдағыдай дайындалып, жеңістің биік тұғырына көтерілемін деген үмітім де жоқ емес.

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының  баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp