Мамлют ауданындағы Становской ауылдық округіне Афонькино, Новоукраинка, Орел елді мекендері, бір-ақ отбасысы бар “Орленок” темір жол аялдамасы бекеті қарайды. Оларда 283 отбасы түтін түтетіп отыр, барлығы 823 адам.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Округтің орталығы – Афонькино ауылы. Бір кездері ол “Становской” кеңшарының орталығы болған. Сол шақта кеңшарға, қазіргі уақытта округке аты берілген Становое ауылы Петропавл-Қостанай тас жолы бойында орналасқан. Ол елді мекен бұл күні Воскресеновка ауылдық округіне қарайды.
Жергілікті әкім Жанат Елиясовтің мәліметіне қарағанда, округте 32 шаруашылық субъектісі тіркелген, оларда 232 адам еңбек етеді. Бұл – шамамен жұмысқа жарамды тұрғындардың 47 пайызы. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың саны – 249, ал жұмыссыздар саны 9 адамды құрайды. Жұмыссыздық пен жергілікті тұрғындардың белсенді қимыл танытпауы көші-қон сальдосына да кері әсерін тигізетін сыңайлы. Оған өткен жылы округке 4 адамның көшіп келіп, 108 адамның көшіп кеткені дәлел бола алады. Бұл – соңғы екі жылдағы ең жоғары кері көрсеткіш.
Дегенмен, Афонькино ауылындағы әлеуметтік нысандар, атап айтқанда, екі қабатты Мәдениет үйі, сауда орталығы, үш қабатты мектеп, дәрігерлік қосын бәз баяғы қалпында сақталып, ел игілігі үшін қызмет етуде.
Ерік Ғаббасов басқаратын орта мектепте 81 оқушы оқиды. Ғимараттың үшінші қабатында интернат орналасқан. Онда Новоукраинка, Орел ауылдарының 11 оқушысы тұрады. Мектептің бірінші қабатында 2010 жылдан бері “Айналайын” шағын орталығы жұмыс істеп келеді. Ол 19 бүлдіршінді мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамтып отыр. Білім ошағы қажетті мамандармен толық қамтамасыз етілген. Оқу орнындағы 25 ұстаздың 8-і – жоғары және бірінші санатты мұғалімдер.
– Жоспар бойынша қысқы маусымға 418 тонна көмір, 34 текше метр отын берілді. Бізге бұл көлем жеткілікті. Қазандық талапқа сай мектеп ғимаратынан тыс жерге көшірілгендіктен және жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілгендіктен, мектебіміз жылы. Жергілікті “Стан” ЖШС биыл спорт залына қосымша батареялар орнатты, хоккей кортын мұз айдынымен бірге жасап берді. Өткен жылы 1 гектар жерге картоп, қырыққабат, қызылша, қызанақ, сәбіз еккеміз. Соның арқасында оқушыларымызға күн сайын 50 теңгенің кешенді ыстық тамағы беріледі, ал аз қамтылған 5 отбасының балалары тегін тамақтанады. Көрші ауылдардан келіп оқитын оқушыларды тасымалдауға арналған мектебіміздің арнайы автобусы бар, – дейді мектеп директоры.
Үш елді мекенге 6 дүкен қызмет көрсетеді. Өткен жылы “Григорьева” ЖК округ орталығында наубайхана ашыпты, “Артимович” ЖК облыс және аудан орталығына баратын жергілікті тұрғындарды автобус қатынасымен қамтамасыз етеді.
Округ тұрғындары 3 медициналық қосынның қызметін пайдаланады. Олар орта арнаулы медициналық қызметкерлермен, “Жедел жәрдем” автомобилімен қамтамасыз етілген.
– 2006 жылғы 1 шілдедегі “Балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” заңға сәйкес округтегі 6 отбасы (14 адам) 208 535 теңгенің әлеуметтік көмегін, 15 отбасы (20 бала) 306 387 теңгенің балалар жәрдемақысын алады. Округтегі қариялар үнемі бақылауда. Мысалы, өткен жылы қыркүйек айында қайырымдылық сенбілігі өткізіліп, 1 қазанда 165 қарт пен 34 мүгедекке азық-түлік пакеттері берілді, – дейді Становской ауылдық округінің әкімі Жанат Елиясов.
Статистикалық деректерге жүгінетін болсақ, округтегі жер қоры 24895 гектарды құрайды, оның 13691 гектары – жыртынды жер. Аграрлық сектордағы 4 ЖШС, 14 ШҚ өткен жылы 6500 гектар жерге егін егіп, орташа түсім алыпты. Агроқұрылымдардың ішінде өзінің мүмкіншілігін толығымен пайдаланып отырған, егіншілікпен бірге мал шаруашылығын дамытуды да қолға алған – “Стан” ЖШС ғана.
Үш елді мекенде 565 бас қара мал, оның 238-і – сиыр, 213 бас шошқа, 513 бас қой-ешкі, 174 бас жылқы, 5239 бас құс өсіріледі.
Малдың ауруларын айқындауға арналған ветеринарлық шаралар жоспар бойынша жүргізіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, малдарды тексеру барысында жұқпалы аурулар айқындалмаған.
Округ тұрғындарының Петропавл қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне үзбей қатысып, өз өнімдерін өткізуіне қажетті жағдай жасалған.
Үш жүз орындық Мәдениет үйі, 10527 кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Өткен жылы ғана 159 әдебиет, 145 мың теңгеге музыкалық құралдар сатып алыныпты.
Округте елді мекендердің санитарлық тазалығына ерекше көңіл бөлінетіндігі сырт көзге анық байқалады. Өткен жылы елді мекендерді көркейту үшайлығының қорытындысы бойынша 1-орынды жеңіп алған округте аудандық мәслихаттың көшпелі отырысы, облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытынды концерті өткені де біраз жайды аңғартады.
– Өткен жылғы тұрғындармен есепті кездесу кезінде айтылған өтініш-тілектердің 3-еуі бақылауға алынған болатын. Соған орай Афонькинодағы Мәдениет үйі аумағына ағаш отырғызу, балалар алаңын жасау, Афонькино-Орел жолы бойындағы су құбырларының үстін тегістеу жұмыстары жүргізілді, ал Орел ауылындағы апатты электр желісін ауыстыру мәселесі Мамлют аудандық АЭЖ бақылауына алынды. Округ орталығында “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында салынып жатқан екі үйдің құрылысы өткен жылы аяқталып, қоныс аударған бағдарламаға қатысушыларға көшу үшін қаржылай көмек көрсетілді, – дейді Жанат Сағындықұлы.
Таяуда өткен округ әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде Орел ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін жерасты құдығын қазу, Афонькино ауылының көшелерін жарықтандыру, елді мекендер мен көң-қоқыс орындарын абаттандыру мәселелері көтеріліпті.
– Афонькино мен Новоукраинка ауылдары торапты су құбырын пайдаланады. Суды үйді-үйге тарту мәселесі “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында шешіледі. Су мұнарасы жергілікті орта мектептің дәл жанында болғандықтан, оған су құбырын тарту қиыншылық туғыза қойған жоқ. Ал Орел ауылына ұңғыма құдық қазу мәселесін жергілікті ЖШС-нің басшысы өз мойнына алып отыр. Тұрғындардың барлық өтініш-тілектерін орындау қолымыздан келеді, бәрін де жергілікті агроқұрылым басшыларымен кеңесе отырып, өзіміз шешеміз, – дейді ауылдық округтің әкімі Жанат Елиясов.
СУРЕТТЕ: Ж. Елиясов.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.