«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫН САҚА” ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық театр күні С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында мерекелік концерт болып өтті. Онда биылғы жылдың үздік актрисасы мен актері анықталды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Театр ұжымының кәсіби мерекені жаңаша концерттік бағдарламамен атап өтуді мақсат еткені шымылдық ашылғаннан-ақ белгілі болды. Концерттік бағдарлама әзіл-оспақ пен ән-шашудан тұрды. Театр өнерінің қыр-сырына, оның тылсым қасиетіне қанықтырар мағыналы көріністерді көре алмадық демесеңіз, кеш өз деңгейінде өтті.

Театр – ұжымдық өнер. Десе де, бұл өнерде басты рөлді сахнагер сомдары анық. Мамандықты меңгеру барысында болашақ актер не актриса бірнеше жыл қатарынан түрлі тақырыптарды қамтыған этюдтар қойып, сахнада автордың ойын жеткізу үшін мәнерлі де мәнді сөйлеу тәсілін меңгереді. Концерттік бағдарлама барысында актерлік шеберліктің негізін құрайтын дәл осы тәсілдер көрсетілді.

Әдеби шығармалардағы оқиғаларды көрерменге түсінікті әрі қызғылықты етіп жеткізе алса – сахнагер рөлін жақсы сомдағаны. Осындай қанық актерлік ойынды жас сахнагер, жерлесіміз Думан Адекенов сомдаған көріністен көре алдық. Бердібек Соқпақпаевтың әңгімесін оқыған актер көрерменді оқиға желісіне еліктіре білді. Уәлиханов ауданының тумасы Думанның театр сахнасында әлі талай рөлдерді сомдайтыны анық.  

Актер Мұхаммедәлі Испанов пен актриса Зарина Уәлиеваның сомдауындағы шағын этюд те сәтті шықты. Олар сөзсіз-ақ қимыл іс-әрекетпен махаббат сезімін суреттей алды. Екі сахнагер де театрда талай рөлдерді сомдап үлгерді. Қызылжар өңірінің тумасы Зарина жас актриса болса да, бірнеше қойылымда басты рөлдерді бейнеледі. Петропавлдағы өнер колледжіндегі “Театр актері” бөлімінің шәкірті – бүгіндері көрерменнің көзайымы. Алдыңғы толқын сахнагерлердің ізін басып жүрген актриса бұл кеште театрдың шығармашылық кеңесінің шешімімен “Үздік актриса” атанды. Ол жыл сайынғы “Алтын сақа” тәуелсіз театр сыйлығымен марапатталды. Ал “Үздік актер” өткен жылы “Көрерменнің көзайымы” атанған Мұхамедәлі Испанов болды. Ғ.Мүсіреповтің “Қыз Жібегінде” – жігітті, Ш.Башпековтің “Шойын қатын” қойылымында жас ғалым Әлімтайды сомдаған Мұхамедәлі Испанов көрерменге комедиялық образдарымен таныс. Бұл кеште де актер күлкілі бейнелерді суреттеп, өзі ойынымен отырғандарды күлкіге кенелтті.

Бірнеше жыл қатарынан мұқановтықтардың өзара дауыс беруі арқылы анықталатын “Алтын сақа” сыйлығы тек театр қызметкерлерінің мерейін үстем еткен жоқ. Сондай-ақ театрдың қойылымдарын үзбей көретін тұрақты көрермені де анықталды. Ол – М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық коледжінің директоры Нағима Таженова .

Қойылым сәтті шығуына жауапты өзге мамандар сахна сыртында қалатындығы жалған емес. Бұл жолы олар да ұйымдастырушылардың назарынан тыс қалмады. Осы жылдар ішінде театр өнеріне қосқан үлесі бар қызметкерлер театр директорының Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шара мерекелік құттықтаумен жалғасын тапты. Театр ұжымын кәсіби мерекемен облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев құттықтады. Ол сахна саңлақтарына шығармашылық табыс тіледі.

Кеш соңында мұқановтықтарға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp