«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫСТАҒЫ АУДАНДА ДА жұмыссыздар қатарындағылар – экономистер мен заңгерлер…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елді мекендердегі тұрғындарды жұмыспен қамту үдерісі қалай жүріп жатқандығын білу мақсатында Уәлиханов ауданының Жұмыспен қамту орталығынның директоры Әлима Мұхамедьярованы әңгімеге тартқан едік.

– Әлима Зәйкенқызы, бүгінде қазақстандықтарды жұмыспен қамту – басты мәселелердің бірі. Көптеген елді мекендерде жұмыс болмағандықтан, тұрғындар қала маңына қарай қоныс аударуға мәжбүр болуда. Сіздің ауданда бұл мәселе қалай шешілуде?

– Жыл сайын Елбасы бұл мәселе туралы Жолдауларында баса айтып жүр. Бұл көкейкесті мәселені шешу үшін Үкіметіміз түрлі шаралар мен бағдарламалар жасап, жылдан-жылға жұмыссыздар қатары азайып, кедейшілік деңгейі төмендеп келеді. Сондай сүбелі үлес қосып отырған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020”. Ондағы бағыттарды назарға ала отырып, біздің өңіріміздің көптеген тұрғындары еңбеккерлер қатарына қосылуда. Әріге бармай-ақ, былтырғы жылдың нәтижесімен осы бағытта атқарылған жұмыстарды қорытындылауға болады. Бағдарламаның 1-ші бағыты – “Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету” аясында ауданда 137 жұмыс орны құрылды. Онда жалпы сомасы 211 470,0 мың теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылды. Осы жобалар негізінде көптеген адамға өз напақасын табуға мүмкіндік туды. Мәселен, Кішкенекөл №1 орта мектебін күрделі жөндеу жұмыстарында 49 адам еңбек етсе, олардың орташа айлық табысы 45 мың теңгені құрады. Ал аудан аумағындағы автомобиль жолдарын жөндеу ісіне 22 жұмысшы қатыстырылды. Ондағы 11 адам Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен барып, ай сайын 60,0 мың теңгенің табысын тапты. Сол сияқты аудандық орталық аурухананың қазандығын күрделі жөндеуден өткізуге 5 жұмыс орны, Мортық ауылындағы клубты күрделі жөндеуге жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 3 жұмыссыз, Қайрат ауылындағы демалыс орталығын күрделі жөндеуге 5 адам тартылды.

– Ондағы еңбеккерлердің табысы қанша?

– Әрине, табыс онша көп емес. Аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелген немесе ауылдық жерде жұмыссыз отырған тұрғындардың басым бөлігі – арнайы білімі жоқ пен біліктіліктері төмен азаматтар. Сондықтан бағдарлама немесе мемлекеттік тендерді ұтып алған компаниялармен жасалған шарт бойынша олар жұмысқа қабылданған кезде біліктілік санаттары, я болмаса тәжірибесі болмағандықтан, табысты жұмысты атқара алмайды. Мәселен, былтыр Бидайық орта мектебінің екінші ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Оны Петропавл қаласынан келген “Бионт” ЖШС-і атқарды. Онда еңбек еткен 26 жұмысшының 13-і – аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен барғандар. Әрине, арнайы құрылысшылық мамандығы жоқ олар әртүрлі жұмыс атқарды. Сондықтан айлық табыстары 40 мың теңгеден аспады. Ал егер мамандар болса, көбірек жалақы алар еді.

– Жеке кәсіпкерлік бойынша да жұмыс орындары толыққан болар?

– Жеке кәсіпкерлік – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың ең бір тиімді тетігі. Осы бағдарлама бойынша өз кәсіпкерлігін ашып, табыс көзін тапқандар қаншама?! 2011-2013 жылдар аралығында ауданда 62 қарыз алушы 131,91 миллион теңгенің несиесін алып, өз істерін дөңгелеткен. “Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту” бағыты аясында 46 миллион теңгеге несие қаражатын беру және 5 адамды кәсіпкерліктің негізінде оқыту қарастырылды. 2013 жылы несие алып, бизнесін дамытқандар 35 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлаған болатын. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сүйенсек, ол жоспар бойынша кәсіпкерлікте 26 жұмыс орны құрылыпты, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуда – 15, құс шаруашылығында – 2, жүк тасымалдауды ұйымдастыруда – 2, тігін пунктінде – 1, ағаш өндіруде – 1, шағын наубайхананы кеңейту есебінен – 2, тамақтандыруды ұйымдастыруда 2 жұмыс орны ашылған. Енді жол үстіндегі дәмхана ғимаратын, шаштараз салонын салу, мал сою алаңының ғимаратын қайта құру, тротуар плиталарын өндіру бойынша жабдықты орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандарда 9 жұмыс орны ашылатын болады.

– Ал бағдарламаның жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағыты аясында қанша еңбек орны пайда болған?

– 2012 жылы аудан орталығында 22 үй жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілді. Оған Малқара, Жұмысшы, Қарамырза, Берік ауылдарының 22 отбасысы көшіріліп әкелінді. Сонда барлығы 88 адам қоныс аударса, оның 55-сі – жұмысқа қабілетті жастағы адамдар. Оларды көшіру үшін мемлекеттік қордан 881,810 мың теңге субсидия төленді. Ал биыл 9 жеке тұрғын үйді салу жүргізілуде. Оған 67,662 млн. теңге қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес құрылыс жұмыстарын өткізуге конкурс жарияланып, құрылысты “Мегастрой” ЖШС жүргізуде. Жұмыс берушінің тапсырысына сәйкес құрылыс жұмыстарына жұмыспен қамту орталығынан 22 адам жіберілді. Ондағы жұмыс бригадалық тәсілмен жүргізілді. Еңбеккерлердің орташа айлық жалақысы 60 мың теңгені құрап отыр.

– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіптік білім алуға және олардың жұмысқа орналасуына қолғабыс жасау жағы қалай ұйымдастырылуда?

– 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс берушілердің тапсырыстарына сәйкес кәсіптік оқуға 5 жұмыссыз азамат жіберілді. Оның ішінде бір аспаз, бір шаштараз, екі ісқағаздарын жүргізуші, бір автокөлік жөндеу бойынша темір ұста мамандықтары бойынша оқыды. Кадрларды қайта даярлау бойынша үш адамға 435 мың теңге қаржы бөлініп, екі сантехник пен бір газбен және электрмен дәнекерлеуші болуды көздеген үш адам өз білімдерін жетілдіріп, бүгінде олар жұмысқа тұрғызылды. Сондай-ақ “Бухгалтерия1С” бағдарламасы бойынша 2 адам біліктілігін арттырып, өз еңбек ортасын тапты. Облыс орталығына барып, кәсіби біліктілігін жетілдіргісі келген адамға 12 188 теңге стипендия мен 18 520 теңге атаулы көмек және жолақысы төленеді. Осы соңғы үш жылдың ішінде 81 жұмыссыз мамандық алып, жұмысқа орналастырылды.

Сөзімізді қорытындылар болсақ, 2013 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіргендер 179 адам болса, өз ісімен айналысуға ден қойғандардың қатары 119 адамды құрады. Олардың 150-і – жастар, 86-сы нәзік жандар болып табылады. 2013 жылы жұмыс берушілердің тапсырыстарына сәйкес мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмыс орындарына тұру үшін 78 жұмыссызға жәрдем жасалды. 38 адам уақытша әлеуметтік жұмыс орындарына және 72 адам уақытша “Жастар тәжірибесімен” жіберілді. Жалпы біздің атқарып жатқан жұмыстарымыз елдегі жұмыссыздардың санын азайтып, кедейшіліктің деңгейін төмендету болып табылатындықтан, бұл жұмыс әрі қарай да қарқынды жүргізіле береді.

– Ауданда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары? Ал қандай мамандық иелері жұмыс таба алмай жүр?

– Аудан бойынша дәрігерлер тапшылығы басым. Лор дәрігер, тіс дәрігері, акушер-гинеколог дәрігер жетіспейді. Журналист, әлеуметтік педагог, география, математика, химия, физика пәндерінің мұғалімдері, экономист, бухгалтер, тәжірибелі сатушылар мен аспаз мамандықтары бойынша сұраныс көп. Экономист, бухгалтер мамандығы барлар көп, бірақ, олар жұмыс тәжірибесінің жоқтығынан немесе компьютерде керекті бағдарламалар бойынша еркін жұмыс істей алмағандықтан, жұмысқа қабылдана қоймайды. Сол сияқты заңгерлерге жұмыс табылмай, қиындыққа тап болуда.

– 2014 жылы қанша жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр?

– Ауданның жұмыспен қамту орталығының жоспарына сәйкес биыл 85 жұмыссыз азаматқа тұрақты жұмыс орнын табуға жәрдемдесу жоспарланған. Сол сияқты уақытша әлеуметтік жұмыс орындарына – 17 адам, “Жастар тәжірибесіне” 34 адам жіберіледі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp