«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕҢГЕЙЛІК КУРСТАН АЛҒАН ҒАЖАП ӘСЕРІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлболсын СОЛПАНОВА,

Афанасьевка орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Мен 2013 жылдың көктемінде Петропавл қаласындағы Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтында Кембридж университеті бағдарламасы бойынша үшінші базалық деңгейдегі курсты бітіріп, сертификатқа қол жеткіздім. Жаттықтырушымыз Балғаным Оспанова бізге бар білімін үйретті.

Бұл бағдарламаның мақсаты – педагог қызметкерлердің қосымша білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру, қазіргі кезде қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында мұғалімдерге үздіксіз кәсіби дамуға дайын болуға көмектесу, білім берудегі инновациялық үдерістерге қолдау көрсету.

Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, талпынатын, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаздың қолында. Ал қоғамдағы жаңа өзгерістер ұстаздардың кәсіби біліміндегі жаңашылдықты талап етеді. Үш айлық курс бағдарламасында мұғалімдерге қазіргі заманғы оқыту әдістері жеті модуль арқылы ұсынылады. Атап айтқанда: білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, білім беру үшін бағалау және оқытуды бағалау, білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту, білім берудегі басқару және көшбасшылық. Мен осы курстан соң өзімнің сабақ беру үдерісімді толық өзгерттім. Жаңа форматтағы оқыту тәсілдерін үйрендім.

Бірінші “бетпе-бет” кезеңінде осы модульдер бойынша алған білімімді мектептегі тәжірибе кезінде қолдандым. Мен курс бағдарламасынан игерген білімімді тәжірибеде тиімді қолдануды алдыма мақсат етіп қойдым. Оқушылардың оқуға деген қабілетін жақсарту үшін жаңа әдіс-тәсілдерді, стратегияларды қолдану арқылы жетістіктерге жетуге болатынына көзім жетті. Ол үшін мен тәжірибемде оқушының есте сақтау және ойлау қабілетін дамыту үшін сабақта оқушыларға көңіл бөліп, берген жауабын және ойын толық айтқызуға мүмкіндік беремін. Оқушының бастапқы білімі мен дағдыларын назарға ала отырып, оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді, стратегияларды қолданамын.

Жеті модульдің барлығында қарастырылатын жаңа тәсіл, әдістерді, стратегияларды мектептегі тәжірибеде тиімді қолдану арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынын түсіндім. Мұғалім оқушыға білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге, жеке ойлау үдерістерін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге, міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға, нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі. Оқушы оқу үдерісіне белсенді қатысқанда ғана материалды терең меңгереді.

Мен өз сабақтарымда оқушылардың не білетінін және нені жасай алатынын, сондай-ақ олардың қызығушылықтарын арттыру үшін әр оқушы нені жақсы көретінін және нені істегісі келетінін түсінуге тырысамын. Сабақ барысында оқушыларға презентация жасауға, оны қорғауға, бірін-бірі оқытуына және бағалауларына мүмкіндік беремін. Оқушылар топта бірлесе жұмыс істегенде бірін-бірі қолдағанын, топтық еңбектерін мадақтап отырамын. Мен өз тәжірибемде оқушыларға оқу үдерісін бақылауды үйреттім. Менің көмегім шын қажет болғанда ғана көмек сұрауларын ұсынамын. Сонда менің де нашар оқитын оқушыммен жеке жұмыс істеуге уақытым көбейді. Әр сабақта оқушылар барлық жұмыстарға белсенді қатысуы керек: олар өздерінің болжамдары мен сұрақтарын құрастырып, бір-біріне кеңес береді, әрқайсысы өз алдарына мақсат қойып, алынған нәтижелерін қадағалауды, өз пікірлеріне тәжірибе жасауды және қателер оқудың ажырамас бөлігі екенін түсініп, қорытынды шығаруды үйренуде. Мен өз тәжірибемде өзімнің сабақ беруіме емес, көбінесе оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударғанды жөн санадым. Мен өз тәжірибемде тиянақты білім беруді көздеймін. Оқушылар ойлауға түрткі болар түсініктемелер жасап, жетекші сұрақтар қоюға тырысып, топтың басқа мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін талдай отырып туындаған қиындықтың шешу жолдарын қарастырып, дәлелдейді. Олар тұйыққа тірелмеу үшін жан-жақты ізденіп, қиындық туғызған мәселенің шешімін табу жолында ізденеді.

Мен қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен орыс сыныптарына сабақ беремін. Осы орайда мен өз тәжірибемде көбінесе диалогтық оқытуға көп көңіл бөліп келемін. Диалогтың орыс мектептеріндегі оқушыларды ауызекі сөйлеуге, тілдерін дамытуға тигізер септігі мол. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сабақта қолдану арқылы оқушылардың белсенділіктерін арттырып қана қоймай, өз сабағыма көптеген өзгешеліктер енгізуге болатынына бірінші “бетпе-бет” кезеңінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар модулін оқу кезінде көз жеткіздім. Слайдтар, флипчарт жасауды үйрендім. Мектебімізде физика кабинетінде ғана проектор орнатылған, сондықтан флипчарт сабақтарын қолдануға әзірге мүмкіндік жоқ.

Оқушы үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияны білудің пән бойынша материал жинақтап, білімін кеңейтуде қажеттілігі зор деп ойлаймын. Мысалы, өз пәнімде ақпараттық-коммуникациялық технологияның тиімділігін мен мына тұста байқадым: ең алғашқы күні сауалнама алған кезде оқушылардың сабақ көбіне слайдтар, видеолармен өтсе деген ұсыныстары барын байқадым. Қазіргі таңда шама-шарқымның жеткенінше оқушыларымның ұсыныстарын орындауға тырысып келемін. Дарынды оқушыларыма слайдтар жасап келуді тапсырамын, ал Интернетке шығатын мүмкіндіктері бар оқушыларыма тақырыпқа байланысты қосымша материалдар дайындап келуді тапсырып отырамын. Осы орайда үш деңгейлік курстан алған білімімді, ойымды, алған әсерімді, барынша өз ұжымымыздағы ұстаздармен бөлісіп, мектебіміздің білім беру жүйесіне кейбір жаңалықтарды немесе жаңа технологияларды енгізуді жөн деп санаймын.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp