Петропавл қаласындағы №8 орта мектептің ұжымы әз-Наурызды құрметпен қарсы алды. Ұстаздар мен оқушылар ұйымдасып, мерекені бір шаңырақтың астында ауызбірлікпен атап өтті.
Айгүл ТӨЛЕБАЕВА,
№8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Наурызды өзбектер “навруз”, тәжіктер “гульгардон”, татарлар “нардуган”, армяндар “навасарди” деп атайды. Осылайша Наурыз мейрамын көптеген ұлттар тойлайды. Сондықтан да мейрамда әдістеме бірлестіктерінің ұстаздары өзбек, татар, армян, қазақ, орыс, белорус, украин, поляк ұлттарының салт-дәстүрлерін, өнерлерін көрсетіп, олардың қолөнеріне, ұлттық тағамдарына байланысты көрме ұйымдастырылды.
Мұғалімдер Ж Смайылова мен Ш. Мағжанова қазақтың ұлттық дәстүрін көрсетіп, тәттіден шашу шашып, “Аластау” рәсімін көрсетті. Ал Ә.Смайылова жұртшылықты қазақ халқының салт-дәстүрінің бірі – “Ат қою” салтымен таныстырды. Қазақтың қонақжай екенін білдіретін шара “Шетелдік қонақтармен танысу” деп аталып, оның бағдарлама шымылдығы әнмен ашылды. Мерекенің ұлттық тағамы – наурызкөже жасалып, жиналғандар дәмін татты. Ал 2-сынып оқушыларының орындауындағы “Домбыра” биі бұл күнгі мерекелік көңіл күйді одан әрі шалқыта түсті. Концерттік бағдарламадан кейін Қыдыр баба кейпіндегі Қ. Мырзанов көпшілікке өзінің ақ батасын берді. Мерекелік жиын “Қара жорға” биімен аяқталды.
Петропавл қаласы.