Кеше бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың ХХІV сессиясы болып өтті. Онда облыстың медицина мекемелерін кадрлармен қамтамасыз ету, тілдерді дамытуға байланысты 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, энергетиканы дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланып, облыс әкімдігі жанындағы жекелеген комиссиялар мен үйлестіру кеңестерінің дербес құрамдары туралы мәселелер қаралды, облыстық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиясының жаңа құрамы сайланды. Сессия жұмысына облыс әкімі Самат Ескендіров, аудандық мәслихаттардың хатшылары, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сессияда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов емдеуалдын алу мекемелерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету туралы баяндама жасады. Қабдырахман Еркінұлының айтуына қарағанда, облыста 28 аурухана, 84 амбулаторлық-емхана, 477 медициналық қосын және 53 фельдшерлік-акушерлік мекеме бар. Оларда 1415 дәрігер мен 4943 орта арнаулы медицина қызметкері еңбек етеді. 2014 жылғы 1 ақпандағы мәлімет бойынша емдеу-алдын алу мекемелеріне 233 дәрігер жетіспейді, оның 87-сі – ауылдық елді мекендерге, 146-сы – қалаға. Дәрігерлерге, әсіресе, Қызылжар (10), Шал ақын (10) және Тимирязев (8) аудандары мұқтаж. Петропавл қаласындағы облыстық балалар ауруханасына – 16, облыстық медициналық жедел жәрдем орталығына – 22, №2 емханаға – 21, №3 қалалық ауруханаға 15 дәрігер қажет.
Жас мамандарды облысқа тарту үшін ЖОО-лармен үшжақты келісім жасалуда. Қазіргі уақытта медицина ұйымдарының бюджеттен тыс қаражаттары есебінен 24 студент оқып жатыр. Сәуір айында Астана мен Қарағандының медициналық ЖОО-ларында өтетін жәрмеңкеге қатысу жоспарлануда.
Облысқа еңбек етуге келетін жас мамандарға республикалық бюджеттен 70 АЕК көлемінде міндетті “әлеуметтік пакет” және жергілікті бюджеттен 200 мың теңге көтермеақы беріледі, тұрғын үй алуға 630 АЕК көлемінде әлеуметтік қолдау (жеңілдетілген кредит) көрсетіледі. Алайда, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күрделі күйінде қалып отыр.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Светлана Кашинцева, Бақытжан Сәмиева, Анатолий Рафальский медицина мекемелерін кадрлармен қамтамасыз етуге байланысты өз ойларын ортаға салды.
– №24 сайлау округінен сайланған депутат Бақытжан Сәмиева V шақырылымнан бері атқарған жұмысы жайында есеп берді.
Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны 2014-2016 жылдары жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспарын, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяев 2014-2020 жылдарға арналған баламалы және жаңартылатын энергетиканы дамытудың кешенді жоспарын халық қалаулыларының талқылауына ұсынды.
Кезекті сессияда облыс әкімдігі жанындағы жекелеген комиссиялар мен үйлестіру кеңестерінің құрамы жайлы мәселелер қаралды.
Облыс әкімі Самат Ескендіров депутаттарға үстіміздегі жылдың бірінші тоқсаны оң нәтижелермен аяқталып келе жатқандығы жайында айта келіп, медицина мекемелерін кадрлармен қамтамасыз етуге бас дәрігерлер жауапты екендігін мәлімдеді. “Дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін аудандардың әкімдері шешпесе, маған келіңіздер!” деді өңір басшысы аудандардың бас дәрігерлеріне.
Осы күні халық қалаулылары облыстық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының жаңа құрамын жабық дауыспен сайлады.