«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДIН мен ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрислам ҒАБДУЛЛИН,

Дін істері жөніндегі облыстық басқарманың

ақпараттық-насихаттық бөлімінің басшысы.

Бүгінгідей күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында өзара ынтымақтастықтың, бейбіт қатар өмір сүрудің қадір-қасиетін бағалай білудің, тарихи, дәстүрлі құндылықтарымызды өскелең ұрпақ бойына ұялата білудің мәні зор. Күдік пен үмітке толы ғаламдық өзгерістер уақытында адамзаттың ақыл-ойы ортақ үйіміз – Жер шарының тұтастығын, оны мекендеген халықтардың амандығын сәт сайын тілеулі. Олай дейтініміз – тұтас елдер мен аймақтарда қақтығыстар көбейіп, оның арты бір-біріне қару кезенген қанды соғыстарға жалғасып, геосаяси жағдай ушығып тұр. Бұған қашан аяқталары белгісіз экономикалық дағдарыстарды қоссақ, қордалы мәселелердің қатары қалың көрінері рас. Осындайда бейбітшілік пен келісім идеяларының, жаһандық конфессияаралық үнқатысу алаңдарының маңыздылығы мен өзектілігі тіпті арта түседі. Ашу-ызаны сабырға, өрекпіген көңілді ақылға жеңдіргенде ғана өзара түсіністік, тағаттылық салтанат құрып, адамгершілік нормасымен еш сыйыспайтын көлеңкелі әрекеттерге тыйым салынары анық.

Жұртшылықты дін атын жамылып, дүрбелеңге салып жүрген, осылайша тұрақтылығымызға үлкен қатер төндіріп отырған лаңкестердің іс-әрекеттері де алаңдатпай қоймайды. Олардың адамның аза бойын қаза қылатын қанқұйлы қас-көйліктері жайлы ондаған мысалдар тізбелеуге болады. Сомалидегі он екіде бір гүлі ашылмаған балғындарды қырып салған қанды оқиғаны еске алсақ та жеткілікті. Шынайы дінмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұндай радикалды топтар діндер мен адамдар арасына жік салатын қауіпті элементтерге айналып, өрісін кең жайып келе жатқаны жасырын емес. Өздерінің ұстанған теріс бағыттары мен көзқарастары үшін неден болса да тайынбайтын содырлар қимылына қарсы бірлесіп күресу тәжірибесін Қазақстан үлгі ретінде үнемі көрсетіп келеді. Елбасы дәстүрлі Жолдауында ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың біріне еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысу талабын атап көрсетті.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қайта жаңару үрдістері, терең демократиялық реформалар діни құрылымды да айналып өткен жоқ. Сан, сапа жағынан өзгерді. Негізгі сипатын, түп-тамырын жоғалтпаған күйі қоғамымыздың ажырамас бөлігіне, жамағаттың рухани тірегіне, имани сеніміне айналды. Осыған орай қазақстандықтар арасында терең діни түсіністік ахуалы қалыптасты. Діни институттар, құрылымдар, конфессиялар құрылып, жергілікті жерлерде дінге деген ынта-ықылас арта түсті. Діни бірлестіктердің жұртшылық алдындағы абырой-беделі, қоғамдық өмірдің түрлі тараптарына ықпалы айтарлықтай өсті, заңдық мәртебесі нығайды. Төзімділік, жүргізіліп жатқан саясаттың ізгі сипатына сену, азаматтық келісім мен дінаралық татулықты насихаттау қашанда олардың басты мұраты болып қала береді. Қоғамымызда этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету оның тұрақтылығы мен тиімді қарекетінің міндетті шарты болып табылатынын және мемлекеттің өте маңызды басымдықты саласына жататынын ескерсек, Қазақстанның татулықтың, мәдениеттің және діннің жаһандық үнқатысу алаңына айналғаны алдымен үлгі етілері сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанадағы съездері – соның айқын мысалы. Президенттің салиқалы саясатының арқасында өзара түсіністіктің, төзімділіктің және келісімнің негізінде ұлтаралық, конфессияаралық топтасудың берік негізі қаланды. Елімізде адамның өзінің діни ұғымына сәйкес өмір сүру бостандығы мен құқығы қатаң сақталады. Дін саласындағы қарым-қатынастар арнайы заңмен реттеледі. Нақтылы саяси жұмыста көпұлтты, көпконфессиялық құрамы бар зайырлы демократиялық мемлекет ретінде қандай да болмасын бір дінге басымдық беруге болмайтын тұжырым басшылыққа алынады. Қызылжар өңіріндегі діни бірлестіктер арасында да сенімді қарым-қатынас орнаған. Олардың жетекшілері мен өкілдері облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің, ассамблеяның мәжілістеріне, басқа да қоғамдық-саяси шараларға жүйелі қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін ашық білдіріп отырады. Облыс аумағында 132 діни бірлестік және олардың филиалдары жұмыс істейді. 64 исламдық, 31 православиелік, 11 католиктік, 26 протестанттық ұйым бар. 65 мешіт, 27 православиелік шіркеу, 44 католиктер шіркеуі, 29 протестанттық мінәжат үйі орналасқан.

Дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңда айқын көрініс тапқан. Қолданыстағы заңнама бойынша Қазақстандағы конфессияаралық кеңістік құрамы айтарлықтай жетілдіріліп, теріс пиғылды діни ағымдардың іс-әрекетіне батыл тосқауыл қойылды. Ерекше атап өтерлігі, ел аумағындағы шетелдік миссионерлердің қызметіне барынша назар аударылып, бірқатар шектеу қойылды. Біз былтыр жақын және алыс шетелдерден 50-ге жуық миссионерді тіркеуге алдық. Олардың басым бөлігі рим-католик шіркеулерінің өкілдері болып табылады. Бұрындары кей шетелдік азаматтар миссионерлік қызметті тіркеуді күтпей-ақ жалғастырса, енді жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті. Тиісті құжаттарды толық күйінде тапсыра алмағандардың өтініштерін кері қайтаруға тура келді. Сол сияқты миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтану сараптама жасау құқығы берілгеннен кейін жат ағымдарды тарататын, насихаттайтын әдебиеттер мен басқа да ақпараттардың күрт азайғаны байқалады. Кейбіреулердің қайырымдылық ұйымдарын ашу немесе олардың атын жамылу арқылы оң мен солын айыра қоймаған аңқау жастарымызды секталарға, теріс діни ұйымдарға тартумен айналысатыны жасырын емес. Олардың да жолдары кесіліп, жат ағымдарға ермеу жолдары үзбей сақтандырылады. Облыс аумағында жұмыс істеп жатқан діни ұйымдар мен миссионерлердің қызметі тұрақты бақылауда.

Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылық сирек болса да кездеспей қалмайды. Ондайларға заң аясында тиісті жазалар қолданылады. Былтыр құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 35 діни ұйымның істерін әкімшілік сотқа жолдауға тура келді. Олардың көпшілігіне діни бірлестіктер құру, мемлекеттік тіркеу талаптарын орындамау тән. Араларында діни кітаптарды заңсыз таратушылар да жоқ емес. Мұндай оқиғалар Петропавл қаласында, Айыртау, Шал ақын аудандарында орын алды. Петропавл, Мамлютка қалаларында “Иегово куәгерлерінің” миссионерлік қызметпен заңсыз айналысқаны анықталды.

Діни бірлестіктер мен ұйымдарға биік талап қойылып отырғандықтан, олардың жауапкершілігін арттыру – біздің басты міндетіміз. Заң бұзылған жағдайда түрлі бұра тарту мен берекесіздіктердің орын алып, адамдар мен қоғамның тыныштығын кетіретіні айтпаса да түсінікті. Өкініштісі сол, “Иегово куәгерлері”, “Благодать”, “Таблиғи жамағат” сияқты діни ұйымдар қоғам мен мемлекет мүддесіне зиян келтіретін заңға қайшы әрекеттерге жиі барады. Ел ішіне іріткі салмақ болған 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз миссионерлікпен айналысудың 21 оқиғасы әшкереленді. Экстремистік және лаңкестік бағыттағы іс-әрекеттерге барған 20 адам өңірдегі түзеу мекемелерінде жазаларын өтеуде. Олардың 14-і экстремистік және лаңкестік қылмыс жасаған.

Діни экстремизмнің, теріс ағымдардың алдын алуда дәстүрге айналған іс-шараларды белсенділікпен қолданып келеміз. Солардың біріне ақпараттық-насихат топтарының ауқымды жұмыстар атқарып отырғанын айтуға болады. Облыс аумағында жұмыс істейтін 13 ақпараттық-насихат топ құрамына діни сауатты, білімді, көзқарасы айқын адамдар енген. Олардың белсене қатысуымен семинарлар, конференциялар, ашық әңгімелер жүйелі өткізіледі. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығы тарапынан арнайы курстар ұйымдастырылады. Имамдардың діни сауаттылығын арттыру тұрғындарды ұшқары идеологиядан сақтандырудың бір бағыты болып табылады. Ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, қалалық және аудандық мешіттердің имамдарының білімін арттыру курсы ұйымдастырылды. 18 имам мен наиб имам тиісті сертификат алды. Курстарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, “Нұр Мүбарак” университетінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті университеттің оқытушылары, мемлекеттік қызметшілер дәріс оқыды. “Дін және патриотизм” тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыруда маңызды рөл атқарды. Оған аудандар әкімдерінің орынбасарлары, Ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілері, “Дінтану негіздері” пәнінің мұғалімдері, жергілікті діни бірлестіктердің жетекшілері жиналып, пайдалы тағылым алды. “Ислам және дәстүр” тақырыбында өткізілген конференцияда дінаралық келісімді нығайту, діни төзбеушілік көріністеріне қарсы әрекет жөніндегі өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мәселелері сөз етілді. Біздің басқарманың жанынан құрылған дін мәселелерін үйрену жөніндегі орталық атқаратын шаралар аясы кең.

Тұтастай алғанда, басқармамыз мемлекеттік органдардың діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл тәсілдерін жетілдіруді, дінаралық келісімді нығайтуды және діни экстремизмнің алдын алуды діттейтін кешенді жұмыстарды жалғастыра беретін болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp