Петропавлда волейболдан ерлер арасында “А” жоғары лигасы шеберлерінің ХХІІ республикалық чемпионатының төртінші туры басталды. Облыс орталығындағы “Жеңіс” спорт кешенінде өткен жарыста жергілікті “Есіл – Виктория” командасы өнер көрсетті. Жерлес құраманың ойынын облыс әкімі Самат Ескендіров тамашалады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Байрақты додада “Динамо – Қазығұрт”, “Ұшқын – ҚазНАУ”, “ВК Павлодар 2”, “Семей”, “Шығыс-Свинец-Строй”, “Жайық – Конденсат” құрама командалары сынға түсті.
Сайыстың үшінші күні “Есіл – Виктория” командасы “ВК Павлодар 2” құрамасымен кездесті.
Ойын басталысымен екі жақтың қол доп шеберлері бірден шабуылға көшіп, жеңімпаз атанудың амалын жасады. Алғашқы минуттан бастап жерлес команда алға шықты. Допқа деген қызу талас-тартыстың барысында солтүстікқазақстандық волейболшылардың Павлодар құрамасынан шеберлік жағынан бір бас жоғары екендігі бірден байқалды. Ойынның екі кездесуінде де есілдіктердің 25:20 және 25:23 есебімен қарсыласынан басым түскені таңданыс тудырған жоқ. Тек үшінші кездесуде жерлес ойыншылардың тарапынан бірнеше қателіктер орын алып, 22:25 есебімен жеңіліс тапты.
Волейбол ойынының ережесі бойынша екі команданың бірі 3 мәрте жеңіске жету қажет. Сондықтан төртінші кездесуде жеңіске деген жігері қайта оянған солтүстікқазақстандық команда 25:18 есебімен кездесуді аяқтады. Сөйтіп, ойынның қорытындысы бойынша “Есіл – Виктория” құрамасы 3:1 есебімен жеңімпаз атанды.
Естеріңізге сала кетсек, наурыздың 24-і күні өткен жарыстың алғашқы күні “Есіл – Виктория” құрамасы “Семей” командасымен кездескен болатын. Ойын қорытындысы бойынша 3:2 есебімен жерлестеріміз қонақтардан басым түскен еді.
Жарыс сәуірдің 1-і күнінде аяқталады. Ал ХХІІ республикалық біріншіліктің бесінші кезеңі сәуір айында Шымкент қаласында жалғасын таппақ.