“СевКазЭнерго” АҚ компаниясының өкілдері көктемнің шұғылалы Наурыз мейрамын мол дастарқанмен қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Олар үшін ең бастысы – облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернат-үйіндегі өздері демеу көрсететін бесінші “Жұлдыздар” отбасындағы ең кішкентай балғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау. “СевКазЭнерго” АҚ басқармасының төрағасы Еділ Көпенов биыл да осы мақсатпен балаларға барды. Энергетиктер құр қол келген жоқ. Мерекелік дастарқанға арналған түрлі тәттілер мен жемістерге қоса, басқарма басшысы өз қолымен балаларға циркке билеттер табыстады.
Еділ Көпенов балаларға үлкен дастарқан басына түрлі этнос өкілдерін жинап, әрқайсымызға құт-береке сыйлайтын, бейбітшілік пен келісімді паш ететін ата-бабамыздан бері келе жатқан мерекенің шығу тарихы туралы айтып берді. Бұл ғажайып дәстүр бүгінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Тәрбиеленушілер қамқоршыларына оқу мен спорттағы табыстары туралы жарыса айтты. Олардың арасында спорт жарыстарының жеңімпаздары бар екен. Қамқоршылар үшін балалардың қуаныштарымен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беруге, олардың тағдырларына ортақтасып, қамқорлық көрсетуге, жан жылуын сезінуге мүмкіндік беру маңызды.
Жаңа жылды достарымен бірге қарсы алу үшін барлық отбасыларда байлық пен құт-берекенің нышаны ретінде наурызкөже пісіріліп, ежелгі дәстүр бойынша бір-біріне қонаққа барып, мерекені жаппай тойлады. Энергетиктер балғындармен болған кездесудің қалай өтіп кеткенін де байқамады. Олар циркте кездесетін болып тарқасты.
“СевКазЭнерго” кәсіпорнының өкілдері жыл сайын өтетін Наурыз мейрамын ұжыммен бірге тойлайды. Биыл да дәстүр бойынша қаланың орталық көшелеріне тігілетін киіз үйлер көрмесіне қатысып, көптен күткен көктемнің келуін шарықтаған әнмен, күмбірлеген күймен, сәнді киіммен, мол дастарқанмен қарсы алды. Энергетиктер тіккен ақ шаңқан киіз үйде “СевКазЭнерго” кәсіпорнының құрметті қонақтары – зейнеткерлер мен сала ардагерлері жиналды. Олар бастары қосылғанда жауапкершілігі жоғары, маңыздылығы жағынан алдыңғы кезекте тұратын, облыс халқына жайлылық сыйлайтын қуат көзімен қамтамасыз етудің өткені мен бүгінін, алдағы жоспарларын тілге тиек етті. Алайда, “СевКазЭнерго” АҚ-ның киіз үйіне жиналғандардың ең басты мақсаты – өзімен бірге көктемнің шуағын ала келетін, достық пен молшылықтың нышаны – Наурыз мерекесімен бір-бірін құттықтап, денсаулық, табыс тілеу.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның
жұртшылықпен байланыс
жөніндегі бөлімі.