Арман БАСЕНОВ,
мемлекеттік еңбек инспекторы.
Өндіріс орындарының табысты әрі жарасымды дамуы және сапалы өнім шығарылуына жағдай жасау үшін еңбек жағдайлары жөнінде аттестаттау жүргізу маңызды мәселе болып табылады. Жұмыс беруші жұмысшылар өкілдерінің қатысуымен өндірістік нысанның жағдайлары бойынша 5 жылда 1 реттен кем емес аттестаттау өткізуге міндетті.
Жұмыс орнына еңбек жағдайлары жөнінде аттестаттау өткізу Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 317-ші бабында қарастырылған және барлық жұмыс берушілер үшін міндетті болып табылады.
Аттестаттау өткізу мерзімін еңбек шарттарының жағдайларымен байланысты кәсіпорын өзі белгілейді, бірақ кем дегенде бес жылда бір рет. Өндірістік нысан қайта құрылымдаудан өтсе, жаңартылса, онда жаңа техника немесе технология орнатылса, ол кезектен тыс аттестаттауға жатады.
Өндірістік нысандағы және жұмыс орындарындағы зиянды және қауіпті факторлар, жарақаттылық деңгейі, өндірістік жабдықтың, машиналардың, тетіктердің техникалық күйі зерттеу нысаны болып табылады. Жұмыс орнындағы барлық зиянды және қауіпті факторлар (химиялық, физикалық, психофизиологиялық) бағалауға жатады.
Жарақаттылық соңғы бес жылда жарақаттанғандардың санына қарай бағаланады. Жұмысшының жеке қорғаныс құралымен (ЖҚҚ) қамсыздандырылуы жұмысшыларға тегін берілетін арнайы киім, арнайы аяқкиім және т.б. нормаға сәйкестігіне қарай бағаланады және жұмысшының ЖҚҚ-мен қамтамасыз етілуін бағалау хаттамасымен рәсімделеді.
Өндірістік ғимараттардың желдету жүйелері үшін талапқа сәйкес төлқұжаттау және ары қарайғы бақылау қажет.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде алынған ақпарат еңбектің оңтайлы жағдайларын жасауға әсер етеді, ал бұл өз кезегінде жұмысшылардың өздерін жайлы сезінуіне, денсаулықтарын сақтауына көмектеседі және еңбек өнімділігін арттыра түседі.
Өндірістік нысандарды аттестаттауды өз ұйымында қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметі, зертханасы бар жұмыс берушінің өзі немесе арнайы мамандандырылған ұйым өткізеді.