Еркебұлан КАМЕНОВ,
Қызылжар ауданының әкімі.
Елбасының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы еліміздің даму перспективаларын анықтайтын маңызды саяси құжат болып табылады. Мұнда агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртудың, шағын және орта бизнесті, энергетика саласын, көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Біздің ауданымыз үшін агроөнеркәсіп кешенін дамудың инновациялық жолына көшіру аса маңызды міндет болып табылады. Бұл үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер қарастырылған.
Ауданымызда 304 ауыл шаруашылығы құрылымы бар, оның ішінде 60 ЖШС, 238 шаруа және фермерлік қожалық жұмыс істейді. Мал басы, атап айтқанда, сиыр, шошқа, құс саны көбейіп келеді. Екі мал бордақылау алаңы және асылтұқымды өнім өндірумен айналысатын төрт құрылым бар. Биылғы жылы “Гончаровка” ЖШС-інде 150 басқа арналған мал шаруашылығы базасын және “Петерфельд-Агро” ЖШС-інде 500 бас ірі қара малға арналған кешенді іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Ауданда егіншілік саласын дамытуға да айрықша маңыз берілуде. Өткен жылы дәнді дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 16,9 центнерден өнім алынып, 250 мың тоннадан астам астық дайындалды. Ауданда 369,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы бар, оның ішінде 216 мың гектар – жыртылған жер. Дәнді дақылдар – 150 мың гектарға, майлы дақылар – 28,4 мың, мал азығы 10,7 мың гектарға егіледі.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатумен айналысатын кәсіпорындар жүйесі де едәуір ұлғайды. Бүгінгі таңда 7 диірмен, 24 наубайхана, 2 шұжық цехы, ет консерві зауыты, 4 жартылай өңделген өнім шығаратын цех, 2 сүтті қайта өңдеу цехы, күнбағыс дәнін қайта өңдеу және жарма өндірісі тұрақты жұмыс істеуде. Осындай мақсатты жұмыстардың арқасында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2012 жылдың деңгейіне қарағанда 10 пайызға жетті. Сонымен қатар, ет, май, ірімшік және сүзбе, кондитер және сүт өнімдерінің көлемі айтарлықтай ұлғайды.
Үстіміздегі жылдың алғашқы екі айының мәліметтері бойынша ауданның қайта өңдеу кәсіпорындары былтырғы жылдың деңгейімен салыстырғанда құс еті, нан-тоқаш өнімі, мал азығы өндірісін арттырды. Индустрияландыру картасына таяу кезеңге 1 млрд. 472 млн. теңге сомаға 5 жоба енгізілді. Атап айтсақ, “Петерфельд-Агро” ЖШС-інде ет өнімі бағытындағы ірі қара фермасы салынады. Сол сияқты, “Зенченко және К” КС-і симменталь тұқымды 600 бас ірі қара сатып алып, мал шаруашылығы кешенінің құрылысын бастайды, “СБИ-Агро-Ташкентка” ЖШС-і – 515 бас асылтұқымды ірі қараға арналған бордақылау алаңын салады, “Зенченко және К” КС-і екі жел қуатымен жұмыс істейтін қондырғыны іске қосады. Ал “Молсервис” ЖШС-і қалыпты сүт өнімінің жабдығын жаңартпақ. Сонымен қатар, “Eurasia Croup Қазақстан” ЖШС-і Бескөл ауылында құны 400 млн. теңге тұратын “John Deere” техникасын жөндеу және қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отыр. “Ахмутдинов” ЖК Бескөл ауылында отын дайындау цехын ашады.
Міне, белгіленген осы шараларды жүзеге асыру 55 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Елбасымыз шағын және орта бизнестің дамуына ерекше назар аударып отырғаны белгілі. Ауданда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді, 327 сауда нүктесі белсенді жұмыс жасауда, 34 қоғамдық тамақтану, 10 дәріхана, 8 шаштараз, 4 қонақ- үй, 6 киім және аяқкиім тігу және жөндеу орны бар, 20 жанар-жағармай құю станциясы және газ-жанар-жағармай құю станциясы, 21 ТҚКС және шина жинақтау станциясы, 2 автожуу, 5 такси қызметі, 2 ұялы байланыс салоны тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Биыл Бескөл ауылында спорттық картинг клубын, Якорь ауылында шұжық және жартылай өңделген өнім шығаратын цехты, Мичурино ауылында жеміс-көкөніс базасын және аудан орталығында демалу орнын іске қоспақ ойымыз бар .
Өткен жылы 54 тұрғын үй салынды, оның ішінде “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша Вагулино және Красная Горка ауылдарында 6 үй пайдалануға берілді. Аудан орталығында 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында білім беру саласы қызметкерлерінің алдына да зор міндеттер қойды. Ауданымыздағы 25 орта, 14 негізгі және 9 бастауыш мектеп, 5 балабақша, 55 шағын орталық, 8 мектеп жанындағы интернат, “Мерей” өнер мектебі, 1 дене шынықтыру балалар-жасөспірімдер кешені және “Серебряный бор” сауықтыру лагері, міне, осы талаптар деңгейінен көрінуге күш жұмылдыруда. Білім мекемелерінде 1070 мұғалім, мектеп-алды мекемелерде 155 ұстаз жұмыс істейді.
Мектептердегі оқушылар саны – 5195, оның ішінде 1810 бала мектеп-алды даярлық топтарына барып жүр. Бүлдіршіндердің 99 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Уақыт талабына сәйкес ұстаздар қауымы сапалы қызметтерді кеңейтуге, мектеп оқушыларының өзіндік ізденістеріне, сыни ой-өрістерін дамытуға, ақпаратқа терең талдау жасай білу қабілеттерін жетілдіруге барынша көңіл бөлуге тиіс.
Денсаулық сақтау саласында негізгі басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемді дамытуға беріліп отыр. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу алға қойылып отыр, мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмысшының денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігі – бұл денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қағидаты. Медициналық көмекті 64 емдік-алдын алу мекемесі көрсетеді, оның ішінде 9 дәрігерлік амбулатория, аудандық емхана, аудандық аурухана, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, 43 медпункт. Аудан тұрғындарына 47 дәрігер және 223 орта медициналық маман қызмет көрсетеді. Биылғы жылы емхананың, Боголюбоводағы дәрігерлік амбулаторияның және аудандық аурухананың жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Мәдениет саласында 39 мәдени мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 15 мемлекеттік және 4 жекеменшік мекеме, 112 клуб бар.
Мәдениет үйінде орыс академиялық ардагерлер хоры, “Бескөл нұры” қазақ ардагерлер хоры, “Гүлден” және “Қызылжар” би ансамбльдері, “Күлтегін” қазақ фольклорлық ансамблі, “Бриз” ВИА, “Алтын бесік” эстрадалық квартеті, “Ғасырлар сазы” фольклорлық тобы, “Замандастар” ерлер музыкалық тобы, “Ностальжи” дуэті, балалар драмалық үйірмесі тұрақты негізде жұмыс істеуде.
Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 43 ауылдың тұрғындары немесе 80 пайызы ауызсуды су құбырынан пайдалануда. Биыл су құбыры жүйесін дамытуға 715,4 млн. теңге көзделген. Су құбырлары желілерін қайта құру ауданның 10 ауылында жүргізіледі.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да атқарылып жатқан істер аз емес. Бүгінгі күні ауданда 2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, олардың біреуі ат спорты бойынша, дене тәрбиесі дайындығы бойынша балалар-жасөспірімдер клубы, велосипед спорты бойынша Олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы, әртүрлі клубтар мен үйірмелер жұмыс жасайды. Бұларда 10 мыңға жуық адам жүйелі түрде өздерінің сүйікті істерімен айналысады.
Биыл аудан орталығында 160 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын салу жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің көптеген бағдарламалық құжаттарында жастар тәрбиесіне үлкен мән берді. Мұндай мүмкіндіктердің біреуі “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы болып табылады. Былтыр тұрғын үйді сатып алу үшін жеңілдетілген бюджеттік несиені 35 маман пайдаланды, 68 адам 8 млн. 240 мың теңге біржолғы жәрдемақы алды. 2014 жылы республикалық бюджеттен “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру үшін бюджеттік несиелерді бөлуге 91 млн. теңге қарастырылды.
Жергілікті бюджет есебінен мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру үшін біржолғы көтерме жәрдемақыға 13 млн. теңге бөлінді.
Өткен жылы Қызылжар ауданында “Жастар және балалар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылған болатын. Аталмыш орталықтың негізгі мақсаты – жастармен жұмысты ширату және олардың мәселелерін шешуге атсалысу. Бұл орайда да алғашқы сәтті қадамдар жасалды деп нық сеніммен айта аламыз.
Экономиканы нығайтуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа стратегиялық міндеттер барлық қызылжарлықтарды тың белестерге жігерлендірері сөзсіз. Елбасымыз алға қойған міндеттерге бір кісідей жұмылсақ, табыстарымыз да шоқтықты болмақ.