Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,
Петропавл №2 сотының судьясы.
1991 жылғы 16-шы желтоқсанда егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдаған Қазақстан халқы жиырма екі жылдың ішінде өзіндік бет-бейнесі, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетке айналды. Бұған біз ғана емес, бүкіл дүниежүзілік қауымдастық куә болып отыр.
Осыны айғақтай келіп, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 14-ші желтоқсанында ел тұрғындарына арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру” деп атап көрсетті.
Бұл – Елбасы ұсынған нақты ұзақмерзімдік бағдарлама. Ал биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы – осы бағдарламаның құрамдас буыны.
Еліміздегі қай сала болсын Қазақстанның гүлденуіне, саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қызмет етеді. Бұл орайда биліктің бір буыны – сот жүйесі де осы міндеттерді жүзеге асыруға тиіс. Біздің ұлттық идеямызды “Мәңгілік Ел!” деп Елбасымыз анық айғақтады. Бұл – мағынасы аса зор ұғым. Мәңгілік Ел атану үшін үлкен серпін қажет. Экономикалық ұдайы өркендеу, даму арқылы ғаламдық кеңістікте лайықты, дамыған, қуатты мемлекеттер санасатындай орын алу керек. Президенттің Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсаты осыны көздейді.
Біздің ел жиырма екі жылдың ішінде үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырды. Бұл жетістіктеріміз болашаққа тоқтаусыз ұмтылуға серпін беріп отыр. Жаңа Жолдауда Елбасы әлемдегі ең қуатты 30 елдің қатарына кірудің тұжырымдамасын жасап, алдағы жұмыстың ұзақмерзімдік басымдықтарын белгіледі. Олар кең ауқымды жеті бағытты қамтиды. Бұлар тұтас, мызғымастай берік және бірімен-бірі тығыз байланысқан бағыттар. Экономикалық міндеттер, саяси шешімдер және әлеуметтік мәселелер осыларда көрініс тапқан.
Осы орайда сот жүйесі өзге салалардан іргесін аулақ сала алмайды. Өйткені, сот биліктің бір буыны болып саналады. “Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс”, – деп Президент бізге нақты міндет жүктеп отыр. Бұл орайда сот жүйесіндегі реформаларға сүйене отырып, біз, судьялар қарауымызға келіп түскен істерді әділ шешуге, заңнамаларға сүйене отырып, азаматтардың Конституцияға сай құқықтарының қорғалуына қол жеткізуге тиіспіз. Сонымен бірге жеке тұлғалардың мемлекет пен қоғам алдындағы парызын орындауын заңға сай талап етуіміз керек. Мұны заңды тұлғалардан да осылайша талап ету – міндетіміз.
Азаматтық сот жүйесінде адамдардың, ұйымдардың, мекемелердің бір-бірімен арасындағы дау-дамайлар, еңбек даулары қаралады. Бұларды шешу оңай еместігі мәлім. Судья заң баптарын жетік білуге тиіс. Ол жеке тұлғаның да, заңды тұлғаның да мүдделерін заңнамалардың талабына сай қорғайды. Сонымен бірге қажет жағдайда жауапқа да тарта алады. Өкінішке қарай, қоғамдағы азаматтардың бәрі бірдей адал, әділ, заңды құрметтеуді ұнатады дей алмайсың. Заңды бұрмалайтындар, қоғамдағы түрлі қарым-қатынастарда заңға қайшы әрекеттер жасайтындар бар. Азаматтық сот осы істерді оң шешу үшін қолдан келгенді жасауға тиіс. Заңның бұрмалануына, оған жол бергендердің жазадан, яки салынған айыппұлдан құтылуына судья жол бере алмайды. Дұрыс шешім қабылдауға тырысады. Осы арқылы ол өзінің судья ретіндегі мәртебесі мен беделін қорғайды және мемлекет билігінің бір тармағы ретінде соттың абыройын түсірмейді. Халық адал сотқа сенім артуы үшін судья адал, әділ төреші болуға тиіс.
Біздің ісіміз мемлекетіміздің одан әрі нығаюына үлес қосуға тиіс.