Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесте Ақжар және Уәлиханов аудандарындағы діни ахуал жайы сөз болып, бірқатар жергілікті діни бірлестіктің жұмысы таныстырылды.
Қазағы қалың Ақжар және Уәлиханов аудандарындағы діни ахуал тұрақты. Заңсыз ағымдар мен экстремистік ұйымдар тіркелмеген. Ал садақадан түскен қаражат мешіттерді салып, намазханаларды жөндеуге жұмсалыпты. Басқа да игі істер жайында хабарлама жасаған аудан әкімдерінің орынбасарлары діни ахуалды тұрақтандыру жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Кеңес жұмысына қатысқан “Петропавл қаласы жетінші күн адвентистерінің шіркеуі” діни ұйымы жетекшісінің орынбасары Денис Яковлев пен “Агапе” інжілдік-христиандық шіркеуінің жетекшісі Николай Полищук өздері басқарып отырған ұйымдардың жұмысымен таныстырып, ұстанған бағыттары қайырымдылық жасау, саламатты өмір салтын насихаттау екенін және елдегі саясатты қашанда қолдайтынын айтты.
Кеңес жұмысын қорытындылаған Фархад Қуанғанов ұлттар арасындағы ауызбіршілікті насихаттау жұмысы жіті бақылауда болу керектігін айтып, діни бірлестіктер жұмысына үнемі бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.