«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘЛІМГЕР ТІГІНШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Бұл әріптесімнің қолынан келмейтін іс жоқ. Он саусағынан өнер тамған шебер. Ұстаз болуға жаралған жан. Ол сабақтарында балаларды кәсіпке баулып қана қоймай, үйренген істерін әрі қарай шығармашылықпен дамытуға дағдыландырады. Одан дәріс алған жастардан білікті маман шығары сөзсіз. Біз бұл әріптесімізді құрмет тұтамыз, – деген оқытушы Күлмайраш Қасымова мені тігін цехына ертіп апарып, онда Наталья Фирсова деген әріптесімен жолықтырды.

Біз Петропавл қаласындағы оқу-өндірістік комбинатының табалдырығын аттап, бесінші жыл жұмыс істеп жатқан жас ұжыммен танысқанымызда олардың бір-біріне деген сыйластығы мен ауызбірлігі көз қызықтырды. Әріптесі әріптесін мақтан етіп жүрген ортада үлгі аларлық істер мол екен.

Наталья Фирсова білікті маман, әрі аталмыш комбинатта тігінші мамандығына баулынып жатқан екінші топтың жетекшісі және тігінші шеберханасы бойынша тәлімгер болып шықты. Осыған дейін бір топ түлек ұшырған оның қарамағында бүгінде 14 шәкірт бар. Осы сала бойынша 23 жыл еңбек еткен Наталья Ивановна бұл мамандыққа таңдауы қалай түскенін бүгінде былай еске алады:

– Мен ауылдық мектепте оқыдым. Осыдан отыз жыл бұрын мектептегі еңбекке баулу сабағында қыздарға ыңғайлы істер үйретілмейтін еді десем, көптеген замандасымның келісері сөзсіз. Қыз да, ұл да ағаш жону шеберлігіне үйретілетін. Әлде қыз бала үй шаруасына қажетті істерді анасынан үйреніп алады дейді ме, әйтеуір, біз еңбекке баулу ісінде ұлдардың көлеңкесінде қалатынбыз. Бірде мен осы мәселе бойынша мектеп директорына шағым айта кіргенімде ол: “Сен осы сала бойынша білім алып, туған мектебіңе келіп, бұл істі жандандыр”, – деп жауап берді. Осы мәселе мені қатты толғандырған болуы керек, мектеп бітірген соң жеңіл өнеркәсіп саласының технологы және технология пәнінің ұстазы мамандықтары бойынша екі бірдей жоғары оқу орнын бітіріп шықтым.

Наталья Ивановна – өз ісінің шебері. Осыдан бірнеше жыл бұрын өз біліктілігіне сенімді жан шағын ателье ашқан. Сондағы тұрақты тұтынушылары шебер таныған тігіншісінің қызметтерін әлі күнге дейін пайдаланады. Тіпті, Омбы қаласында тұратын бір тұтынушысы оған жылына екі-үш рет жолығып, өзіне қажетті үлгідегі киім-кешектерді тіктіріп әкетеді екен. Алайда, жүрек қалауымен баяғы тәлімгерлікті аңсап тұратын жан Петропавл қаласындағы №2 мектеп-интернатта 2-3 жыл технология пәнінен дәріс беріп, кейін комбинатқа жұмыс істеуге ауысады.

– Түзету мектеп-интернатындағы оқу-тәрбие жұмыстары баланы еңбекке баулуға бағытталған. Өйткені, дамуында тежеулік байқалатын балалардың кейбірі әрі қарай жоғары білім алуды жалғастыруға шамалары жетпейді. Осындай кезде олар жеңіл-желпі кәсіпке машықтанып алса, ертеңгі күнгі күнкөрістері жеңіл болады, – дейді ұстаз ұрпаққа жанашырлық танытып.

Бүгінде жеткіншектерге білім беру немесе оларды кәсіпке баулу оңай шаруа емес. Алайда, бала кезден тәлімгер болуды мақсат еткен адамға бұл сүйікті іс. Аурушаң балалар әлжуаз болып келетіндіктен, олармен ерекше жұмыс істеу талабы жүктеледі. Сондықтан ұстаз өз сөзінде әр баламен жекедара жұмыс істеуге ерінбейтінін, әр кез оларға көмек қолын созуға дайын екендігін жеткізді. Нәтижесінде оның әрбір шәкірті ұстазына сеніммен қарап, ақыл-кеңес сұрауға, білмегенін үйренуге дайын тұрады.

– Менің бір қызымды өндіріс басына апарғанымда ол заманауи тігін машинкасын көріп, оған үрейлене қарады. Бірақ қасында мен тұрғандықтан, үрейді тез жеңіп, цех шеберінің айтқан нұсқауларын ұғып алуға тырысып тұрғанын байқадым. Олардың әлі буыны қатпаған бала екендігін айтпағанның өзінде шәкірттерімнің көбінде психикалық тежеу бар болғандықтан, біздерге жауапкершілікті арттыру талап етіледі, – дейді тәлімгер.

Мұндағы жас тігіншілерге бұрынғы “Комсомолка” тігін фабрикасы орнындағы кәсіпорынға жұмысқа қабылдану мүмкіндігі пайда болған. Өңірімізде осыған дейін жеңіл өнеркәсіп саласында құлдырау аңғарылса, былтырдан бастап бұл кәсіпорын еңсесін көтеріп, мамандарды жұмысқа қабылдай бастаған көрінеді. Комбинат олармен жақсы байланыс орнатып, бірнеше шәкіртін тәжірибе алуға сонда жіберудің жолын тапты. Болашақ маман кәсіпорын әкімшілігінің көңілінен шықса, кейін оны өздеріне жұмысқа шақыртады. Сол сияқты “Универсал Север” тігін фабрикасын да кадрлармен қамтамасыз етуде іскерлік байланыс орнатқан.

Комбинатта оқып жүрген бойжеткендер мамандықты игерген сайын жетістіктеріне көңілдері толып, ынталана түседі. Ал ұстаз шәкірттерінің қолдары икемге келіп, тігіншілікке бейімделген сайын тапсырманы күрделендіре түседі.

– Балаларға мен мынадай талап қойдым: егер біз бағдарлама бойынша жүргізілетін сабақтың тапсырмаларын уақытынан бұрын үлгеріп жатсақ, онда кәсіби біліктілігімізді арттыратын қосымша амал-тәсілдерді үйренеміз. Бүгінде Интернеттің өзінен көп мағлұмат алуға болады. Шеберлік сыныбын өткізу дағдыға айналды. Қыздар түрлі бұйымдар жасап, оларды ата-анасына, бауырларына, жолдастарына сыйға тартады. Тіпті, қайсыбірі өз қолымен жасалған бұйымды сатып, ақша да қылып жүр. Қолынан іс келетін адамның ешқашан қарны ашпайды, табыс таба алады, – дейді.

Комбинатта тігіншілікке үш топ баулынуда. Бұл жекеменшік оқыту мекемесі болғанымен, мемлекеттік бағдарлама негізінде жұмыс істейді. Мұнда көбіне облыс орталығындағы №1 және №2 түзету мектеп-интернаттарының балалары оқытылады. Сондай-ақ аудандардағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің жолдамасымен кәсіп үйреніп жүрген ересек адамдар бар. Олар да мемлекет есебінен тегін тамақ және жататын орынмен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ оларға шәкіртақы да беріледі. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мекемесінен шыққан кейбір түлектер де осында. Ертеңгі күні қоғамымыздың әл-жуаз тобына жататын бұл балалардың сегізі тігінші мамандығы бойынша диплом алып шығады.

Жалпы дамуында кемістігі бар баланы белгілі бір кәсіпке үйретудің маңызы зор. Бұл мекеме олардың қоғамнан өз орнын табуына үлкен септігін тигізеді.

– Түзету мектебінен келген балалармен жұмыс істеу оңай. Олар мектепте жүргенде еңбекке баулынып келеді, тілалғыш. Тек бір нәрсені үйрету үшін көбірек уақыт керек, үйрету – біздің міндеттіміз. Ондай балалар өздеріне табыс таба алатындай болуы керек. Үлкен фабрикалар еңбек бөлісі қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, бұйымның бір бөлігін бір адам ғана тігеді. Оған аса шеберліктің қажеті жоқ. Тек адам жұмысына ұқыпты болса болғаны. Ал біз оқытқан кезде баланы мүмкіншілігіне қарай жан-жақты дамытуға тырысамыз. Әрине, балалар әртүрлі қабылдағандықтан, біліктілік деңгейі де әртүрлі болады, – дейді.

Былтырғы жылдың соңында өңір тігіншілерінің шеберлігі сынға алынып, облыста алғаш рет байқау ұйымдастырылды. Байқаудың ережесіне сай тігінші мамандарын даярлайтын білім беру мекемелері қатыстырылды. Осы байқауға аталмыш комбинат ұжымы да атсалысты. Олар бір айдың ішінде колледж оқушылары костюмінің үлгісін жасады. Ұстаздар шәкірттерімен бірге сән үлгісін жасап, шеберлік көрсетіп, тігіп шықты. Байқаудың екінші кезеңі биылғы көктемде өткізіледі. Байқау соңында жеңімпаз топқа үлкен тапсырыс берілетін көрінеді.

– Осындай өндірістік байқаудың болып тұрғаны жақсы. Өйткені, біз балаларды үйренуге, ізденуге, талпынуға, басқадан артық бұйым жасауға үйретуіміз керек. Бірақ бірінші жыл өткізіліп отырған бұл сайыстың пысықталмаған тұстары көп. Алайда, шеберлікті көрсету үшін бәсекелестіктің болғаны жақсы. Менің шәкірттерім өз өнерлерін, біліктіліктерін қай жерде болсын абыройлы көрсететініне сенімдімін, – дейді Наталья Фирсова.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp