Анар КАСЕНОВА,
Социал негізгі мектебінің педагог-психологі.
Қазіргі кезде оқу мен тәрбие егіз деп айтсақ, қателеспейміз. Мектептегі балалардың оқуына, тәрбиесіне келгенде тек мұғалім ғана емес, сонымен қатар ата-ана да бірлесіп жұмыс істеуі керек. Қазір балалар жаңа ақпараттық технологиялармен көп араласады. Кітап, журнал оқығаннан гөрі, Интернет желісін ұнатады. Оның балаларға кері әсері аз емес.
Өзіміз күнделікті өмірде кездестіріп жүргендей, көпшілік жағдайда ата-аналар балаларын шектен тыс еркелетіп, айтқанын екі етпейді. Әрине, баласын жаман болсын, қатардан қалсын деп ешкім де ойламайды. Баланың ата-ана қамқорлығын үнемі сезініп жүруіне не жетсін! Алайда, ата-ананың бәрі бірдей тәрбие жұмыстарының ой-қырын, өзінің міндетін түсіне бермейді. Біреулер жалғыз баласына жөнді тәрбие бере алмай жүрсе, кейбіреулер көпбалалы отбасы болса да, балаларына қазіргі өмір талабына сай ақылды, іскер, еңбекқор етіп тәрбиелейді. Шынында жасынан іскер болып өскен балалар өмірде өз орнын таба біледі. Кейбір ата-аналар баласын тым шексіз жақсы көргендіктен, оның бұзық, шалыс қылықтарына көңіл бөлмейді. “Ештеңе етпейді, бала есейе келе жөнге келеді” деп өзін-өзі жұбатады. Осыған орай Абай атамыздың “Адам мінезін өзгертуге болмайды деген адамның тілін кесер едім” деген данышпан сөзін дәлел ретінде айтуға болады. Жақсы тәрбие баланың мінезін де, тәртібін де өзгертеді.
Бірақ, тәрбие мәселесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне, оның ерекшелігіне көңіл бөлмейтін ата-ана, тәрбиеші, мұғалімдер әлі де кездеседі. Көпшілік ата-аналармен сөйлесе қалсаңыз, қыз балаға қарағанда ер бала тәрбиесі қиын екендігін айтады. Шынында, қай баланың болса да, өзінің ерекшелігі, өзіне тән қиыншылығы болады. Бала тәрбиесі – күрделі үрдіс. Сондықтан тәрбие беруде ұл-қыз деп бөлудің керегі жоқ. Тәрбие екеуіне де ортақ. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға десек, бала – ертеңгі азамат, ел қорғаны, мемлекет негізін қалаушы екенін естен шығармаған жөн. Осы орайда Социал негізгі мектебінде көптеген іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жуырда мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раушан Жангудинаның дайындауымен ата-аналар жиналысы болды. Бұл жиналысқа 23 ата-ана қатысты. Жиналыста ата-аналарға “Қиын бала” тақырыбында баяндама оқылды. Мектеп психологі ата-аналармен тренинг өткізді. Осыған орай Раушан Жангудина ата-аналарға “дені сау балалардың оқуға, еңбекке қызығушылықтары мүлдем нашар, ал мүгедек, денсаулықтарында кінәраты бар балалардың өмірге деген ынталары, қызығушылықтары өте жақсы. Неге бұлай?” деген сұрақ қойды. Осыны дәлелдеу барысында «Мен күштімін» атты бейнефильм ұсынды. Мұнда аяғы жоқ баланың өмірге деген көзқарасы, қызығушылығы көрсетілді.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгеніміз жөн. Қазақта “Тәрбие – тал бесіктен” деп тектен-тек айтылмаған-ау…
Шал ақын ауданы.