Наурыз мерекесі Мамлют ауданындағы Андреевка орта мектебінде кеңінен аталып өтті.
Бәтия НҰРЫШЕВА,
Андреевка орта мектебінің мұғалімі.
Оқушылар күшімен әзірленген мерекелік “Қош келдің, Наурыз!” шарасы дастарқанға қойылған ұлттық тағамдар көрмесінен бастау алды. Той қонақтары – ата-аналар қазақы дәстүрмен наурызкөже мен жергілікті “Арқалық” шаруа қожалығының “Арғымақ” қымызынан дәм татып, бүлдіршіндерге ата салтымен бата берді.
Әсем безендірілген сахнада 7 “а” сынып оқушысы Альбина Визе ән шырқаса, жас өнерпаз Сәулемай Мұқанова “Қамажай” биін нақышына келтіре орындады. “Алдар Көсе мен Шықбермес Шығайбай” аңызы желісімен сахналанған көрініс те салтанатты мерекенің ажарын аша түсті.
Бұл күні мектеп оқушылары ән-күймен ғана емес, қазақтың “Бес асық” сияқты ұлттық ойындарымен де Наурыз мейрамын сәнді ете түсті.