Аққайың ауданының Шағалалы ауылындағы “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС Қызылжар өңіріне елімізде аудандастырылған дәнді, майлы және жемшөптік дақылдар егу, күтіп-баптау және жинау әдістерін ғылыми негізде ұсынуымен, заманауи жаңа технологияларды ұтымды пайдалануымен ерекшеленеді. Аталмыш серіктестік соңғы жылдары етті-сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға, соған орай жемшөп базасын нығайтуға басымдық беріп отыр. Аталмыш серіктестікті 5 жылдан бері Шортандыдағы А.И.Бараев атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында тәжірибе жинақтаған ғалым Белгібай Қанафин басқарады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Элиталық тұқым шаруашылығы
Серіктестіктің бас агрономы Виктор Барановскийдің айтуына қарағанда, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы 1956 жылы құрылды. Сол жылдан бері элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Оны үш жыл сайын дәлелдеп те келеді. Қазір агроқұрылым “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС аталады.
Серіктестіктің 25647 гектар пайдаланатын жері бар, оның 21644 гектары – егістік алқап. Шаруашылық жыл сайын орта есеппен 25000-27000 тонна дәнді дақыл, 800-1000 тонна картоп, 60 тонна ет, 995 тонна сүт өндіреді.
Өткен жылы агроқұрылым егістік алқаптың 10580 гектарына “Астана”, “Астана-2”, “Омбы-35” бидайы мен “Дамсинск кәріптасы” қатты бидайын орналастырды. “Астана-2000”, “Целинный-2005” арпа тұқымын егетін аумақ 1370 гектарды құраған. Бұдан басқа тиісінше 211, 115, 253 және 100 гектар жерге “Мирный” сұлысы, “Богатырь” қарақұмығы, “Шашылмайтын Омбы” бұршағы мен “Десна” соясы егілген. Майлы дақылдардан зығыр (768 гектар), рапс (657), күнбағыс (525) егу жолға қойылған. Біржылдық шөп алқабы – 1341 гектар, жүгері алқабы – 420 гектар, картоп алқабы – 92 гектар.
– Жыл сайын 4 мың гектардай алқап парға қалдырылады. Агротехникалық шараларды тиімді қолданудың арқасында соңғы жылдары “Тәжірибе станциясы” деген атымызға лайық өнім алып келеміз. 2011 жылы гектар берекелілігі 25 центнерден айналса, өткен жылғы ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде орташа өнімділік 17 центнер болды, сұлы 28 центнерге жетті. Күні бүгінге дейін 7654 тонна дәнді және дәнді бұршақты дақыл сатылды, оның 6800 тоннасы – бидай, 854 тоннасы – арпа, майлы дақылдардан 400 тонна зығыр, 550 тонна рапс, 200 тонна картоп өткізілді. Қазіргі уақытта қамбамызда шаруашылықтардың тұқым алмасуы үшін әзірленген 3,5 мың тонна супер элиталық, элиталық және бірінші репродукциялы бидай, 200 тонна сұлы, 350 тонна арпа, 100 тонна зығыр, 400 тонна картоп (“Невский”) тұқымы бар, – дейді Виктор Михайлович.
Серіктестік машина-трактор паркін жаңғыртуға да жете көңіл бөледі. Агроқұрылымның “Джон Дир”, “Хорш”, “Лексикойл” маркалы 4 себу кешені, 15 агрегат “СЗС-2,1” сеялкасы, кеңалымды 10 “Қызылжар” жаткасы, 30 “Енисей” комбайны, 20 “МТЗ-82”, 15 “К-700” тракторы бар. Соңғы үш жылда 6 “Акрос” комбайнын алған. Биыл 2 “Клаас” комбайнына тапсырыс беріпті.
Бас агрономның айтуына қарағанда, өсімдік шаруашылығында 200 адам еңбек етеді.
– Қызметкерлерге еңбекақы төлеу нормасы, еңбекті бағалау, еңбек өтіліне, сыныбына, еңбек сіңірген жылдарына қарай қосымша ақы төлеу кеңшар кезіндегідей сақталған. Өткен жылдан бері еңбек демалысына шыққандарға бірайлық еңбекақы көлемінде сауықтыру ақысы қосымша беріледі. Соған орай шаруашылықта еселі еңбегімен көзге түсіп, ел құрметіне бөленіп жүрген механизаторларымыз бен жүргізушілеріміз аз емес. Әкелі-балалы Юрий мен Виталий Бугалтерді, ағалы-інілі Семен мен Николай Забагоновты, Александр Штыбинді әрдайым мақтан етеміз. Олар – кейінгілерге үлгі боларлық азаматтар. Бар байлық осындай жандардың жанқиярлық еңбегімен жасалады, – дейді серіктестік директоры Белгібай Қанафин.
Шаруашылықтың машина-трактор шеберханасы, машина ауласы, наубайхана, асхана, 20 орындық моншасы заман талабына сай жұмыс істейді.
Асылтұқымды мал шаруашылығы
Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында атап айтылғандай, агроқұрылым мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр. Бүгінгі күні қотанда 1300 бас ірі қара күтіліп-бапталуда. Оның 360-ы – қазақтың ақбас мұқыл сиырлары. Олар Есіл ауданындағы “Заградовское” ЖШС-дан сатып алыныпты. Герефорд бұқалары Тайынша ауданындағы “Алабота” асылтұқымды мал зауыты” мен Ақмола облысындағы “Свободное” ЖШС-дан әкелінген. Бұлар – етті бағыттағы малдар.
Мал фермасындағы 960 бас – қара ала сиыр тұқымдары, оның 320-сы – сауын сиыр. Шаруашылықтың 5 мал қорасы, 4 шашпасы, мал төлдейтін бөлімшесі, қолдан ұрықтандыру қосыны бар.
– Өткен жылы әр сиырдан 3,5 мың килограмнан сүт сауылды. Марина Суглобова сияқты сауыншымыз ол көрсеткішті 4100 килограмға жеткізді. Бақташы Андрей Богаров қарамағындағы торпақтардан 900 грамнан тәуліктік салмақ алды. Сауылған сүт қыс күндері килограмы 90 теңгеден Петропавлдағы “Сүт одағы” ЖШС-не жөнелтіледі, – дейді асылтұқымды мал фермасының бас зоотехнигі Байзақ Жиенбеков. Бас маманның айтуына қарағанда, өткен жылы 395 бас бұзау алыныпты, ал биылғы жыл басынан бері қотанға қосылғаны – 50 бас бұзау.
Шаруашылық “Қазагроинновация” АҚ-ның тапсырмасы бойынша “Етті тұқымды бұқаларды бағалау станциясын құру” жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асырды. Оның негізгі мақсаты – өз құнарлылығы бойынша үздік асылтұқымды бұқаларды анықтау, қолдан ұрықтандыру кезінде олардың генетикалық әлеуетін пайдалану. Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қазақтың ақбас сиыры сияқты мал тұқымын жақсартуына және жоғары сапалы ет өнімін алуына мүмкіндік береді. Соған орай Шағалалы ауылынан 2 шақырым жерде 2012 жылғы 26 желтоқсаннан бері бұқаларды өзіндік құнарлылығы бойынша бағалауға арналған станция жұмыс істеп келеді. Ол 50 басқа арналған ашық жаппа мен шашпадан, зертханадан тұрады.
– Өткен жылы осындай мақсатпен “Xportsinterernational” компаниясына тиесілі канадалық 2 бас герефорд, 1 бас ангус, 1 бас шароле, “Асыл Түлік” АҚ-ның 4 бас сантагертруда, өз серіктестігіміздің 14 бас қазақтың ақбас мұқыл сиыры тұқымды бұқашығы, барлығы 22 бас бағалауға қойылды. Олар 112 күн бойы күтіліп, ұдайы өсу қарқыны, етінің сапасы, өндіргіштік қабілеті тексеріліп отырды. Белгіленген мерзім аяқталған соң бұқаларды алдағы уақытта малдардың генетикалық әлеуетін жақсартуға пайдалану үшін 19 сәуірде қанатқақты жобаны жүзеге асыруға қатысатын “Мал шаруашылығы мен ветеринария ғылыми-инновациялық орталығы”, “Агротехнологияны трансферттеу және коммерциялау орталығы” ЖШС-лерімен бірге аукционға шығардық. Сынақ мерзімі ойдағыдай болып шықты. Мысалы, 2012 жылы 8 қаңтарда туған герефорд бұқасы 12 айда – 456, ал бағалау кезінде 559 килограмм, тәуліктік салмақ қосуы 1732 грамм болды. Ал өзіміздің 2012 жылы 10 ақпанда туған “Байкал” бағалау кезінде 422 килограмм тартты, – дейді Байзақ Кәрімұлы.
Қазіргі уақытта шаруашылықтың қазақтың ақбас мұқыл сиыры тұқымды 50 бас бұқашығы сынаққа қойылыпты.
Өткен жылы серіктестік “Аграрлық кредит корпорациясы” АҚ арқылы заман талабына орай мал соятын қосынды іске қосыпты. Ол үшін арнайы ғимарат салынған, арнайы құрал-жабдықтармен, 30 тонналық тоңазытқышпен, мұздатқыш камерамен, зертханамен қамтамасыз етілген. Тәуліктік қуаттылығы 5-7 қара малды құрайды.
Шаруашылықтың 3400 гектар жайылымдық жері бар. Биылғы мал қыстату науқанына 900 тонна шөп, 2835 тонна пішендеме, 2328 тонна сүрлем әзірленген.
– Серіктестіктің малдары негізінен Степное бөлімшесінде ұсталады, Шағалалыда тек сауын сиырлар ғана күтіледі. Етті бағыттағы малдарымыз – 3, сауын сиырлар – 2, қара ала торпақтар 6 табынды құрайды. Біз отандық малдарды өз жағдайымызда асылдандыру арқылы сапалы ет пен сүт өндіруге басымдық беріп отырмыз. Мал фермамыз өткен жылдан бері асылтұқымды шаруашылық мәртебесіне ие. Агроқұрылымдағы асылтұқымды сиырлар мен асылтұқымды ақбас бұқалар Республикалық Қазақтың ақбас тұқымды малдары палатасында тіркеуден өткен. Сондықтан өзіміздің шаруашылықтың ғана емес, өңірдегі мал басын асылдандыруды мақсат еткен фермерлердің бәріне де қолдан келген көмегімізді көрсете беретін боламыз. Өйткені облыс бойынша құрылған алғашқы “Етті тұқымды бұқаларды бағалау станциясы” осы қағиданы мақсат етеді, – дейді серіктестік басшысы Белгібай Қанафин.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.