«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЖЕСІНЕН – АНАСЫНА, ОДАН – ҚЫЗЫНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған кезінде туған Сапия Жұматоллақызы қолына бала күнінен ине-жіп ұстаған. Анасы Қалима ауыл адамдарына киім-кешек тіккенде ол жанында ойнап жүріп-ақ шешесінің киімді қалай пішіп, қалай тігетінін көріп, көңіліне тоқып өсіпті.

– Ол кезде қазіргідей дайын киім сатылмайды. Шешем бізге көйлек-көншек, кеудеше, қамзол, ішік, тағы басқа киім-кешектерді өзі тігіп беретін. Біздің бала кезімізде ойыншық та болмады ғой, ағаштан қуыршақ жасап, соған қолыма түскен шүберектен мен де киім тігетінмін. Қазір қарап отырсам, осының өзі менің алғашқы мектебім болған екен, – деп Сапия апай балалық шағын сағына еске алды.

Сапия Жұматоллақызының балалық балдәурен шағы Есіл ауданының Алабие ауылында өткен. Ауылда қазақтармен бірге өзге этнос өкілдері де көп болған. “Солардың арасында киім тігу үлгісі шешемдікінен бөлек бір-екі шебер болды. Мен анамның “қазақшалап” тіккен көйлектерін місе тұтпай, көйлек тіккізуге сол кісілерге жиі баратынмын. Онда да жай отырмай, тігіншілік өнерін жадыма сақтап қалуға тырысатынмын”, – деп күліп қойды.  

Сапия апайдың айтуынша, бұрынғы кезде жүн түтіп, жіп иіруден бастап, кесте, киім-кешек тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, алаша тоқу, арқан есу, тағы басқа өнерді қыздар бөгде босағаға бармай тұрып үйренген. “Шетіне кесте тігілген бөртпе орамал қыздың жасауының ажырамас бір бөлшегі болатын. Ол орамалды келін болып түскеннен кейін жұбайыңның туыстары шақырған кезде сол үйлерге құрқол бармай, бір-бірден ала барасың”, – деп қазір ұмыт болып бара жатқан бұл салтты да еске салып өтті. Осының барлығын оң жақта отырып-ақ меңгерген Сапия апай кейін Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылына келін болып түскенде еш қиналмаған. Керісінше өз елінде үйренген өнерін келін болып табалдырығын аттаған босағасының, қала берді бүкіл ауылдың игілігіне жарата білген.

“Шебердің қолы ортақ” демекші, ауылда Сапия апайға ісін тіккізбеген жан кемде-кем екен.

– Ауыл балаларының жаңажылдық шыршаға киетін костюмдері, тұрмысқа шығатын қыздардың жасаулары, үйленетін жігіттің құдалығына жүретін қоржындары, бір кездері сәнге айналған ондатрдың терісінен тігілген құлақшындар, 1980 жылдары жаппай сәнге айналған қыздардың ішіктері, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатындардың сахналық костюмдері, айта берсең, толып жатыр, соның барлығы Сапия тәтеміздің қолынан шығатын. Өзіміз де бала кезімізде ол кісінің ісмерлігінің біраз игілігін көрдік. Ол кезде қазіргідей ақы төлеу деген жоқ, бәрін тегін тігетін, – дейді Сапия апайдың қайын сіңлісі Ұлболсын Құрмашқызы.

Қазір алпыстан асып, жетпіске таяған шағында да Сапия апайдың қолынан ине-жібі түспепті. Ол көзіне көзілдірігін киіп алып, ою ойып, іс тігуден жалыққан емес.

“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деп атам қазақ тегін айтпаған ғой. Сапия апайдың өз анасынан үйренген шеберлік мектебін қазіргі күні тұңғыш қызы Ләззат жалғастырып жүр екен. Бала күнінде іс тігіп көрмесе де, қанында бар өнер оның бойынан да табылған. Ол өзіне және балаларына арнап киім-кешек пен керек-жарақтарды тіккені болмаса, үлкен іске бұрын тәуекел етіп көрмеген.

– Бәрі аяқастынан басталды. Бірде бір туған күнге танысым қалта тігіп беруімді өтінді. Мен оны киіз үй үлгісінде тіктім. Сол шақырыста Алматы қаласынан келген меймандар да бар екен. Оларға менің тіккен қалтам ұнап, сол жерде бірден тапсырыс түсті. Сөйтіп, менің алғашқы алған үлкен тапсырысым алматылықтардан болды. Олар қалталармен қатар, қыздың жасауына да тапсырыс берді. Бұрын тәтем (анасын осылай атайды) тегін тігетін, қазір заман басқа. “Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды” демекші, қолыңнан іс келіп тұрса, түскен тапсырысты ақысына неге тігіп бермеске?! Бойжетіп отырған қызым, өсіп келе жатқан балам бар. Өзімнің негізгі жұмысыма бұл қосымша табыс көзі, – дейді Көкшетау қаласында тұратын Ләззат Серікқызы.

Ақысын алып тіккен соң Ләззат тапсырыстың сапалы, әдемі болуына баса назар аударады. Тапсырыс берушілер де соны талап етеді, қазіргі нарық заманында олардың да талғамы жоғары. Оның айтуынша, біздің солтүстік өңірлерге қарағанда оңтүстікте қыздың жасауына, әсіресе, құрақ көрпеге, оның матасына, түсіне, олардың бір-бірімен үйлесіміне ерекше мән береді. “Бұрынғы аналарымыз құрақ құрау арқылы қыздарын үнемшілдікке, бірді екіге құрай білуге, сондай-ақ ақылдылық, шыдамдылық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерге баулыған ғой”, – деген Ләззат:

– Меніңше, іс тігіп, құрақ құрау күнделікті күйбең тіршіліктегі жайсыздықтарды ұмыттырады, денсаулыққа пайдалы. Қазір қолым босаса, іс тігуді мен де әдетке айналдырдым. Бар материалдардан төр көрпе, бөстек, жамылатын көрпелер, тағы басқа сұранысқа ие дүниелерді тігіп, дайындап қоямын. Оларды сатып алушылар да табылады, өзімнің де жол-жоралғыларым болғанда дайын тұрса сыйлай қоюға жақсы. Соңғы кезде тойларға “Тойбастар” деген шықты ғой. Үйлену тойларына – “киіз үй”, тілашарға – “қуыршақ”, қалжаға – “бесік” түрінде тіккен қалталарым сұранысқа ие, – дейді Ләззат Серікқызы.

Ол нағашы әжесінен бері қарай жалғасып келе жатқан шеберлік өнер өзін айналып өтпегеніне қуанатынын да айтып қалды. “Қолыма алған ісіме бар өнерімді салып, өте мұқият орындап шығуға тырысамын. Осылайша барынша беріліп, өз қолыммен тігіп шыққан ісім көңілімдегідей сәтті шықса, одан рухани рахат аламын. Қызым Жанар да бұл іске бел шешіп кіріспегенімен, көз қырын салып жүреді. Түбінде менің өнерімді ол да жалғастыратын болар”, – дейді Ләззат.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp