«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДЕ ДІНИ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов осындай баға берді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Алдыңгүні облысымызға жұмыс бабындағы сапармен келген еліміздің Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов қаламыздағы ғибадатханалардың жұмысымен танысуды “Қызылжар” орталық мешітінен бастады. Онымен кездесуге мешіт алқасының мүшелері, бір топ қажылар және осы мешіт ұйымдастырған бір айлық курстың тыңдаушылары – ауыл молдалары қатысты.

Алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы, орталық мешіттің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай хабарлама жасады. Өңіріміздегі діни ахуалдың қалыпты екендігін қадай айтқан ол атқарылған игі істердің бәрін бірдей тізіп шыққан жоқ. Жарты сағаттық уағыздың мәтіні мешіттің фойесіндегі жүгіртпе жолдар арқылы да берілетіндігін баяндап берді. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған курс тыңдаушыларының жататын орындары да, тамақтану жағы да тегін екендігін еске салып өтті.

Тазалық та, тәртіп те үйлесім тапқан мешіттегі ахуалға Зейнолла қажы Олжабаев, Жұмағұл Дәуренбеков сияқты қарт намазхандар оң баға берді.  

Рас, Мамлютка қаласы мен Бәйтерек ауылында мешіттер тұрғызуға жәрдем сұраған немесе мешіттерді бюджеттен қаржыландыру мәселесін көтеруді өтінген қисынсыздау сұрақтар да қойылды. Кенжетай қажы Дүйсенбай болса мешіт қызметкерлеріне үйлер салып беру үшін жер алуға әрісі – агенттіктің, берісі – әкімдіктің жәрдем беруі жөнінде тілегін білдірді.

Ерлан Абдақасов осы және басқа да өтініштерді орындаудың ортақ шешімін табуға тырысамыз, деді.

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов кеше Достық үйінде облыстық және қалалық ақпараттық-насихат топтарының мүшелерімен кездесті.

Алдымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында Ерлан Абдақасов:

– Қызылжар өңірі – көпэтносты, көпконфессиялы облыс. Бұл өңірді еліміздің діни палитрасы кеңінен көрініс тапқан облыстардың бірі десе де болады. Дінаралық татулық, келісім бар. Дінбасы өкілдерінің арасында да әріптестік қарым-қатынас орнаған. Өңірде тұтас елімізге тән теріс ағымдардың көріністері де жоқ емес, бар. Бірақ діни ахуал өзге өңірлерге қарағанда тұрақты, – деді.

Ал облыстық және қалалық ақпараттық-насихат топтарымен АНТ кездесу сұхбат ретінде өтті. Былтырғы жылы құрылған мұндай топтар өңіріміздің аудандарында да болып, кездесулер өткізіп келеді. Олардың мүшелері – дәстүрлі дін өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушылары, дінтану пәндерінің ұстаздары, қоғамдық бірлестік және ардагерлер ұйымдарының өкілдері. Жыл басынан бері АНТ-лар өңірімізде 20-ға жуық мекемеде дәстүрлі дін, теріс ағым тақырыптарын қамтыған дәрістер оқып, Дін істері жөніндегі агенттік бекіткен бейнематериалдар мен буклеттер таратты. Бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады, деп топтардың мүшелері өздерін толғандырған мәселелерін де ортаға салды.

АНТ-лардың қызметі облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, конфессияаралық келісімді нығайту, “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңды түсіндіру, теріс пиғылды ағымдардың әсерінен жастарды қорғау болып табылады. Өңірлік АНТ мүшелерінің жүргізіп жүрген жұмыстарының негізгі бөлігі жастардың діни сауаттылығын арттыруға арналған. Өңірдің жоғары оқу орны мен колледж және мектептерде АНТ мүшелері дәрістер оқып қана қоймай, олардың таным-түйсігіне қызғылықты бейне-фильмдерді көрсетіп келеді. Осы тұста теріс пиғылды діни ағымдар жайында үлестірме материалдардың, әдістемелік оқулықтардың жетіспеушілігі де сөз болды. Осы орайда Ерлан Абдақасов Дін істері жөніндегі агенттіктің ақпараттық-насихат тобының жұмысына арналған 5 томдық кітап шығарғалы жатқандығын айтты. Бұл әмбебап кітапта дәстүрлі дін, теріс ағымдар, көптеп қойылатын сұрақтарға жауаптар жарық көреді. Бейне және үлестірме материалдардың да мәнді әрі мағыналы болуын, қабылданған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңға қайшы болмауы тиіс деген ол бұл материалдарды да шығаруды агенттік қолға алды, деді.

АНТ мүшелері тарапынан оқу орындарында 2010 жылдан бастап оқытылып жүрген дінтану пәніне қатысты да мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, белгілі бір әдістеменің жоқтығы, бөлінген сағаттың аздығы өскелең ұрпаққа кеңінен дәстүрлі дін жайында ақпарат беруге қолбайлау болып тұр, деді жиынға қатысқандар. Сондай-ақ жергілікті телеарналардан көрсетілетін діни бағдарламаның уақытын ұлғайтуға да назар аударылды.

Ерлан Абдақасов бұл күні бірқатар шіркеулерде де болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp