«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАПАН” мен “АҚ БҰЛАҚТЫҢ” БАҒЫТЫ ДҰРЫС, ал коммуналдық кәсіпорындар бәсекелі ортаға берілмек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, онда 3 мәселе қаралды. Оның алғашқысы – 2010-2014 жылдарға арналған “Балапан” мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова хабарлама жасады.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өткен жылы өңір басшысының бұрынғы балабақшаларды қайтаруға қатысты тапсырмасы негізінде облыс орталығында осындай 3 балабақша бүлдіршіндерге қайтарылған болатын. Десек те Петропавдағы балабақша тапшылығы күн тәртібінен түспей тұр. Бүгінде мұнда мектепке дейінгі мекемелерге кезекте тұрғандар саны 10 мың сәбиге дейін жеткен. Шолпан Каринова республикалық бюджеттен “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруға облыс орталығына бөлінген 21 миллион теңгеден астам қаражат 165 орынның ашылмауына байланысты кейін қайтарылғанын да айтты. Өңір басшысы қала әкіміне облыс орталығындағы бұрынғы балабақшаларды қайтару жұмысын жандандыру арқылы балабақша тапшылығын азайтуды тапсырды.

Шағын орталықтарда балаларды толық күнмен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылды. Бүгінде облыс бойынша мұндай 500-ден астам орталық жұмыс істесе, олардың 49,5 пайызы балаларды тек жарты күндік білім және тәрбие беру қызметімен қамтамасыз етіп отыр. Басқарма басшысы шипажайлық топтарды ашу мәселесіне де баса көңіл бөлу қажеттігін айтты. Мұндай топтар облыс орталығы мен М.Жұмабаев ауданында ғана бар.  

Ал жалпы республикалық көрсеткішке көз жүгіртсек, біздің өңір мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша 6-шы орында тұр. Биыл 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,4 пайызға артып, 89,4 пайызды құраған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 16,9 пайызға артық.

Биылғы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қолданыстағы мектепке дейінгі мекемелерді ұстауға 1 миллиард 336 миллион теңгенің, ал жаңа орындарды ашуға 111,9 миллион теңгенің қаражаты бөлініпті. Биыл мектепке дейінгі 870 орынды ашу жоспарланып отыр. Баяндамашы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және сауықтыру мәселесіне де тоқталып өтті. Бүгінгі таңда облыс бойынша жазғы демалыс шараларымен 55 мыңнан астам баланы қамту жоспарланыпты. Олар облыс аумағындағы 18 сауықтыру лагерінде дем алмақ.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – “Ақ бұлақ” бағдарламасының өткен жылғы орындалуы барысы қаралды. Ол жайында баяндаған облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ратмир Усманов бағдарлама аясында облыста 298 шақырым су құбырлары салынғанын айтты. Бұл мақсатқа 4,4 миллиард теңге жұмсалыпты. Соның нәтижесінде 20 елді мекенге таза ауызсу жеткізіліп, 11 ауылды сумен жабдықтау жақсарып, ауыз- сумен жабдықтаудың 30 нысаны салынған. Бағдарламаның тиімділігін атап көрсеткен Ратмир Усманов оны жүзеге асыруға бөлінетін бюджет қаржысының аздық етіп отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар баяндамашының пікірінше, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бойынша шараларды жүзеге асыруға шаруашылық субъектілерін тарту жұмысы да жолға қойылмаған.

Ал мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар бүгінгі таңда пайдамен емес, шығынмен жұмыс істеуде. Ол туралы облыстық Қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов жеткізді. Бүгінде өңірімізде барлығы 223 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын бар болса, облыс орталығындағы 8 кәсіпорынның шығыны 10 670,4 мың теңгені құраған. Аудандар бойынша 21 кәсіпорынның шығынының жалпы сомасы – 175654,6 мың теңге. Өңір басшысы Самат Ескендіров жұмыстың тиімділігін арттыру үшін коммуналдық кәсіпорындарды бәсекелі ортаға беру керектігін айтып, әр басқарма екінші жартыжылдыққа дейін қарамағындағы бірнеше кәсіпорынды нарықтық экономикаға шығаруға дайындауды тапсырды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp