Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, онда 3 мәселе қаралды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімі Самат Ескендіров елімізде билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының қарым-қатынасы үшін барлық жағдай жасалғанын айтып, Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы, ең алдымен, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатындығын атап өтті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – кеңестің өткен отырысында қабылдаған бірқатар шешімдердің орындалу барысы туралы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов баяндады. Оның айтуынша, өткен отырыста қабылданған 7 шешімнің барлығы да орындалған. Баяндамашы аудандық басылымдардағы мемлекеттік тапсырыстың тарифтік саясатының сараптамасы жасалғанын, оның негізінде бір басылымға 5 миллион теңгеден кем емес мемлекеттік тапсырыс мөлшерін белгілеу қажеттігін атап көрсетті. Облыс әкімі Самат Ескендіров бұл жөніндегі ұсынысты қолдайтынын, аудандық газеттерді толық көлемінде қаржыландыру шаралары қолданылатынын білдірді.
Пошта қызметі мен БАҚ-тың байланысы жайында хабарлама жасаған “Қазпочта” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Ерік Нұрақаев өңіріміздегі 700 елді мекенге уақтылы қызмет көрсететін ұлттық оператор мен БАҚ арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын айтты.
Облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратбек Зейнуллин халықтың діни сауатын арттыру, экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуда “төртінші биліктің” рөлі өлшеусіз екендігін атап өтті. Ал ақпараттық арандатушылыққа жол бермес үшін журналистердің де діни сауатын арттыру аса маңызды. Самат Сапарбекұлы басқарма басшысына бұл мәселеге қатысты БАҚ және дін өкілдерінің арнайы кездесуін ұйымдастыруды тапсырды.
Кеңес жұмысына қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты пікірлерімен бөлісіп, өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, “Карат-Прогноз” ЖШС-нің директоры Олеся Герасимованың айтуынша, жергілікті кабельді операторлардың “31” және “1 Северный” телеарналарын өңірлік желіге қоспай отырғандарына бір жарым жылдың жүзі болған. Өңір басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеуді Ішкі саясат басқармасына тапсырды.
Ал “Әділ Арқа” өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау жөніндегі қоғамдық қорының төрайымы Зәуре Жұмалиева мемлекеттік органдар басшыларының ашықтығы БАҚ жұмысының тиімділігін арттыратынын тілге тиек етіп, бұл орайда біздің облысымызда оң ілгерушілік барлығына ризашылық білдірді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов журналистер қауымының өңір жұртшылығына денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағдарламаларды таныстырып, ем-дом алу қажеттігін насихаттауда еңбектерінің ерен екендігін айта келе, алдағы уақытта БАҚ өкілдері кейбір дау-дамайлы тақырыпқа қалам тербемес бұрын біржақтылыққа жол бермей, тараптардың бәрінің пікірлерін ескерсе деген ойын ортаға салды.
Кеңес жұмысын қорытындылаған өңір басшысы Самат Ескендіров күн тәртібінде қаралған мәселелер алдағы уақытта да өзектілігін жоймайтынын айтты.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.