Наурыздың 29-ы күні табиғатты сақтаудың, планетамыздың шектеулі ресурстарына қамқорлық жасау үшін бірлескен әрекеттің қажеттілігін көрсету мақсатында дүниежүзі бойынша бір сағатқа электр жарығы сөндірілді. “Жер сағаты – 2014” акциясына солтүстікқазақстандықтар да үн қосты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
2007 жылы Австралиядан бастау алған “Жер сағаты” акциясын (ағыл. Earth Hour) Дүниежүзілік тұмса табиғат қоры (WWF) наурыздың соңғы сенбісі күні жыл сайын өткізеді. Ол бұқара халықты бір сағатқа жарық пен электр жабдықтарын сөндіруге үндейтін шара. Акцияны өткізудегі мақсат – әлем жұртшылығының назарын климаттың жаһандық өзгеру проблемасына аудару және адамдарды энергия мен басқа да табиғи ресурстарды үнемдеуге шақыру.
Акцияның алғашқы жылында Австралия астанасының 2 миллионнан астам тұрғыны мен 2 мыңнан астам компанияларының жұмысшылары жарықты өшірген. Нәтижесінде Сидней қаласы бір сағаттық энергия шығынын 10,2 пайызға қысқартқан. Ал 2008 жылы бұл іс-шараға бүкіл әлемнің 370 қаласынан 50 миллионнан астам адам қатысқан.
Біздің еліміз аталмыш акцияға ресми түрде 2009 жылы қосылып, оған Астана мен Алматы қалалары және 400-ден астам компаниялар қатысқан.
2010 жылы “Жер сағаты” акциясына 126 елден 1,3 миллиард адам қатысса, 2011 жылы ол 1,8 миллиард адамды қамтыған. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. 2012 жылы акция “Планетаны сақтау үшін әлемге үндеу таста!” ұранымен өткен. 2013 жылғы акцияға Астанадағы “Бәйтерек” монументі, Алматыдағы “Көктөбе” телемұнарасы, Нью-Йорктегі 102 қабатты “Эмпайрстейт-билдинг” ғимараты, Сан-Францискодағы “Алтын қақпа”, Римде – Колизей, Австралияда – Сидней опера театры, Бангкокте – “Ват-Арун” будда храмы, Стокгольмде – Корольдер сарайы, Ұлыбританияда – Лондон Сити-Холы, Парижде – Эйфель мұнарасы, Афинада – Акрополь, тағы басқалары қатысқан.
Қазақстандағы “Жер сағаты – 2014” акциясы ормандарды сақтау және қалпына келтіру, қалалардағы демалыс орындарын көгалдандыру, еліміздің жасыл желегін көбейтуге қоғамның қызығушылығын тудыру, орманды алқаптарды қалпына келтіру жобаларына ресурстар тартуға арналған “Ағаш отырғызудың ұлттық күні” деген бастамамен өтті.
– “Жер сағаты” акциясына Петропавл қаласы бірінші рет қатысып отыр. Акцияға қатысушылар суды үнемдеу, жеке автокөліктің орнына қоғамдық көліктермен жүру арқылы ауаның ластанбауына үлес қосу, қағаз қалдықтарын жинау сияқты әрекеттерімен де планетамызды сақтауға атсалыса алады. Петропавл қаласының жастары да бір-бірімен хабарласып, әлеуметтік желілерден алшақтап, жарықтарды өшіріп, электр қуатын үнемдеу арқылы “Жер сағаты” акциясына үн қосу мақсатында таза ауаға серуендеуге шықтық. Осылайша өзіміз тіршілік етіп отырған жердің табиғатына, климатына, ресурстарына бейжай қарамайтынымызды көрсеткіміз келді, – дейді облыстық Студенттер альянсының төрайымы Динара Мақсұтова.
Бұл күні облыстық және қалалық әкімдіктердің, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті №1 корпусының, “Достық үйі” және “СевКазЭнерго” АҚ ғимараттарының алдарындағы түнде жанатын шамдардың жарығы бір сағатқа сөндірілді.