Кеше облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда агроөнеркәсіп кешеніндегі облыстық аумақтық инспекцияның және Петропавл қаласы әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмысықаралды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Владимир Отрадныхтың айтуына қарағанда, өткен жылы аумақтық инспекцияға қарасты бір бөлімнің бұрынғы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, әлі күнге дейін сот шешімі шығарылған жоқ. Сондықтан оны пара алды немесе лауазымды қызметін асыра пайдаланды деуге жеткілікті негіз жоқ.
Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закарияновтың айтуынша, өткен жылы қалалық әкімдікке заң бұзушылықты жою туралы 81 прокурорлық әрекет ету актісі түскен, оның 6-уы – наразылық, 75-і – ұсыным, 1-еуі – нұсқама. Олар Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы, Жер қатынастары бөлімдеріндегі заң бұзушылықтарға байланысты. Соған орай 43 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Үстіміздегі жылы аталмыш бөлімдердің жұмысы ведомствоаралық комиссияның отырыстарында қаралмақ.
Төлеген Закариянов қолданылып жатқан шараларға қарамастан, құқық бұзушылық әлі де бар екендігін атап айтты.
Мысалы, Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы А.Попов сәулет, құрылыс және қала құрылысы заңнамасын өрескел бұзуына байланысты қызметінен босатылды, ал “Петропавл қаласы әкімдігінің ветеринарлық станциясы” КМК директоры И.Күрпенов кірісі және мүлкі туралы декларацияны дер кезінде табыс етпегені үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қала басшысы облыс орталығында орын алған бұдан басқа да сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтарға нақты мысалдар келтіріп, оларды жою үшін қолданылып жатқан шаралар туралы айтты.
Облыс әкімі Самат Ескендіров, әсіресе, Петропавлдағы тұрғын үй кезегіне байланысты арыз-шағымдардың көп екенін, сондықтан пәтер бөлу мәселесінің мөлдірлігін қамтамасыз ету қажеттігін атап айтып, қала басшысына тізімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.