«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерекеңнің атақонысы Шоққарағай – Ақан сері әнге қосқан Сырымбет тауының бөктерінде орналасқан, табиғаты тамылжыған көрікті жерлердің бірі. Аспанмен таласа өскен ну қарағайлардың саф ауасы – дертке – дауа, жанға – шипа. Ауылға тақау қос көлдің арасынан жылымшылап ағатын өзенше қар мол түскен жылдары арнасынан таси ағып, ерек мінез танытатыны бар. …Оның әкесі Жәмшит ақсақал еңбекке жастайынан араласты. Таң атқаннан кеш батқанға дейін ұжымшардың қара жұмысына жегілсе де, қыңқ демейтін. Шеген құдық қазудың кәнігі шебері бригадаға жетекшілік етті. Шешесі Қанша да еңбек озаты болды. Әкесі қолына қару ұстап, батысқа аттанғанда Ерембек Жәмшитұлы бар-жоғы үш жаста еді. Асқар таудай панасының суреті де сақталмапты. Анасының сипаттауына қарағанда, өзін аузынан түсіп қалғандай елестететін. Қасыңның қалыңдығы, өзгелерді сүттей ұйытатын дауыс мәнерің әкеңдікі, деп отыратын анасы жарықтық. Ағалары құсап екі інісі де хабар-ошарсыз кетті. Іздеп барып, бір уыс топырақ салайын десе, сүйектерінің қайда қалғанын да білмейді. Жанын егілтетін де, сай сүйегін сырқырататын да, өзегін өртейтін де – осы жайт.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бауыры Қабиден екеуін шешесі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қатарынан кем қылмай өсірді. Ерембек Шоққарағай бастауыш мектебін бітірген соң оқуын Сырымбеттегі пансионатта жалғастырды. Оны күміс медальмен тамамдап, қазақ, орыс тілдерін жетік біліп шықты. Есілдерті – Новосібір қаласындағы темір жол оқуына түсу. Қолынан келгенше шешесіне ауыртпалық түсірмеу жағын ойлады. Алда-жалда түсе қалса, киім тегін. Оның өзі – үлкен сеп. Тиісті құжаттарды алдын ала жібергенімен, жауап келмей, көңілі пәс тартып жүрген. Сырттай бұйығы көрінетін түбіт мұртты жігіт жеме-жемге келгенде үлкендерше шешім қабылдай білетін. Содан пойызға мініп, Ресей еліне саяқ жол тартты. Болашақ теміржолшыларды бастан-аяқ киіндіру жеңілдігі алынып тасталғанын естігеннен кейін құжаттарын Новосібір ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне тапсырды. Оны ойдағыдай аяқтаған соң Қазақстанға бөлінген үш жолдаманың бірін қолына ұстатты. Алғашқы еңбек жолын Семей қаласынан бастап, ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесіне оқытушы болып орналасты. Екі жыл тәжірибе жинақтаған жас маман сол кездегі Целиноград және Петропавл қалаларындағы “Казахсельмаш”, “Казсельхозтехника” бірлестіктерінде шебер, инженер, директордың орынбасары қызметтерін атқарды.

– 1971 жылы Торғай облысы құрылып, жас маман ретінде мен де шақырылдым. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Сақан Құсайынов тағайындалды. Ол кісіні Солтүстік Қазақстан облаткомының төрағасы қызметінен білетінмін. Сірә, жастығымды, мамандығымды ескерсе керек. Оның үстіне арнайы тапсырмаларын тап-тұйнақтай орындап жүргенімді ұнатып қалған болуы керек, – дейді Ерекең өткенді еске алып.

Мұнда да қызығы мен шыжығы көп қауырт іске білек сыбана кірісіп кетті. Қайда жұмсаса да, ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен, қарапайым да көпшіл мінезімен көзге түсті. Екі жылдан кейін облыстық партия комитетінің өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатылды. Осылайша, “отызында орда бұзған” жалынды жас “қамал алар” қырық жасында Арқалық қалалық атқару комитетінің тізгінін ұстап, шаһарды сегіз жыл басқарды. Көп жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі ретінде “Құрмет Белгісі” орденін кеудеге тақты. Қоғам қайраткері ретінде танылып, жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөленді. 1988 жылы Торғай облысы жабылып, Қазақстан компартиясының орталық комитеті Ерекеңе түрлі жауапты орындар ұсынды. Ол болса, туған жерге оралуды жөн деп тапты. Мұндағылар тәжірибелі басшыны қуана қарсы алып, Соколов ауаткомына жетекшілік етуге жіберді.

Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында халық қалаулысы атанып, облыстық мәслихаттың хатшылығына сайланған Ерембек Әубәкіров бар саналы ғұмырын облысымыздың экономикасын көтеруге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға жұмсады. Небір қиындықтарды қайыспас қара нардай көтеріп, депутаттардың күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Үш бірдей шақырылымдағы мәслихат хатшысы міндетін абыроймен атқарып, 13 жыл бойы жергілікті өкілетті биліктің тізгінін ұстап келді.

Отағасының абыройын асқақтататын да, мерейін өсіретін де, шаңырақты жылылыққа бөлейтін де – отанасы. Жан жары Анар Мырзағалиқызы осы санаттан табыла білді. Тәтеміз Петропавл қаласындағы бухгалтерлік техникумды бітірген соң біраз жыл осы салада еңбек етті. Сосын дәрігер болуды армандап, Қарағанды медицина институтының жалпы емдеу факультетіне құжат тапсырды. Емтихандарды сәтті тапсырып, студент атанғанымен, ата-анасы “бұзақылар қаласында” оқуына үзілді-кесілді қарсы болды. Сол жылы Целиноград қаласында медицина институты ашылып, оған ауысуға талпыныс жасағанымен, ректорат қабылдаудан бас тартты. Содан қайсар мінезіне басып, өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Коломиецтің қабылдауынан бір-ақ шықты. Мән-жайды түсіндіріп, дегеніне жетті. Тағдыр екі жасты қазіргі елордамызда осылай табыстырды. Білікті дәрігер бола жүріп, ағамыздың тірегіне, қамқоршысына, сүйенішіне айналды. Бүгінгі күні қол ұстасып, шалқи басқан екеуі ата-әже жасына жетіп, ұлы Асқар мен келіні Азиядан Санжар атты немере, қызы Бота мен күйеу баласы Мейрамнан Абай, Әйгерім есімді жиендер сүйіп отыр.

75-тің төріне көтерілген Ерембек Жәмшитұлы екінің бірінің қолы жете бермейтін аса жауапты, лауазымды қызметтерде жүрсе де, биязы, сыпайы мінезінен, аспайтын-саспайтын қалпынан ауытқыған емес. Атақ-даңққа ұмтылмады. Кейбіреулер құсап, қолынан келіп тұрғанда қонышынан басу, қызмет бабын теріс мақсатқа пайдалану оның қанына сіңбеген. Бұл қасиет оған әкесінен жұққан. Оның орнын жоқтатпауды, атына кір келтірмеуді, елге, халыққа, Отанға қалтқысыз қызмет етуді перзенттік парыз, азаматтық борыш ретінде түсінген адам ғана осылай өмір сүрсе керек. Оған адалдықтан айнымай келе жатқан Ерекеңнің өмір жолы айғақ.

 Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp