“Дельфин” су спорты түрлері мектебінде мемлекеттік қызметшілер арасында жүзуден облыс біріншілігі өтті. Жарысқа облыстық және аумақтық мемлекеттік органдардан, барлығы 17 мемлекеттік органнан 55 мемлекеттік қызметші қатысты.
Мемлекеттік қызметшілер арасында саламатты өмір салтын насихаттап, оларды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуды көздеген сайыс барысында ерлер – 50, ал нәзік жандар 25 метр қашықтықта сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің арнайы органдарының арасында 44 ұпай жинаған №67332 әскери бөлімнің мамандары топ жарса, облыстық аумақтық департаменттер арасында 37 ұпайға қол жеткізген облыстық Салық департаменті үздік деп танылды. Ал облыстық атқарушы органдар ішінде 33 ұпайы бар облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы көш бастады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және кубоктармен марапатталды.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.