“Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері осы саланың ардагерлерімен кездесті.
Виктор БОНДАРЕНКО,
М. Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің профессоры.
Басқарма басшысы Руслан Есеналин өңір спортшыларының республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп жүргенін, дене шынықтырумен шұғылданатын жерлестердің қатары қалыңдай түскенін атап көрсетіп, Сочи Олимпиадасына қатысқан Роман Креч пен Дмитрий Бабенконы, сондай-ақ паралимпиадашылар Қайрат Қанафин мен Елена Мазуренконы баптаған жаттықтырушыларға алғыс арнады.
БЖСМ директоры Виктор Лаврик пен спорт ардагері Александр Мицих спортта ұрпақтар жалғастығын қайта жаңғыртып, облысымызда дене шынықтыру мен спортты дамыту бірлестігін құру қажеттігіне назар аударды.
Анығында да, бұл қоғамдық құрылымға негізінен жоғары дәрежедегі спорт шеберлерін даярлауға ондаған жылдарын арнаған нағыз кәсіпқойлар кіруге тиіс.
Басқосуда болған спорттың әр түрінде даңққа бөленген КСРО спорт шеберлері мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Антонина Волкова, Зоя Меңдібаева, Валентина Шаповалова, Бауыржан Құлжанов, Анатолий Федоршин, Виктор Окаванцев, Анатолий Ухабов, Виктор Малинко, Вячеслав Якушев, Василий Левчук, Виктор Дручинин осы кездесуді ұйымдастырған басқарма басшылығына ризашылықтарын айтып, әлі де жас спортшыларды даярлап, шеберліктерін жетілдіруге үлес қоса беретінін білдірді.
Белгілі өнерпаз Сергей Снурнициннің орындаған әндері мен оқыған әзіл-қалжың өлеңдері ардагерлердің көңілдерін жадыратты.