Әзірбайжан мәдени орталығының төрағасы Тахир Гусейнов ынтымағы жарасқан Қазақстанда тұратынын, қазақ халқының бауырмалдық, қонақжай қасиеттеріне тәнті екенін мақтанышпен жеткізді.
– Саяси қуғын-сүргін зардабын көп тартқан халықтардың бірі – әзірбайжандар. Сталиндік зобалаңның салдарынан туған жерінен аластатылып, Қазақстанның оңтүстік аймағына еріксіз жер аударылған. Одан кейін тың және тыңайған жерлерді игеру жорығына үн қосып, өз тағдырларын қазақ секілді тілі ұқсас, діні ортақ меймандос халықпен байланыстырушылар қатары аз болған жоқ. Біз бір-бірімен рухани байланысқа түсіп, туыстай болып кеткен аға буынның сабақтастық дәстүрлері мен қымбат құндылықтарын жалғастырушы ұрпақпыз. Қазақстанда туып-өскендіктен, оны атамекеніміз, туған үйіміз, Отанымыз санаймыз.
– Тахир Ибрагимоғлы, Қызылжар өңірінде екі мыңға жуық қандастарыңыз тұрады екен. Олармен қарым-қатынастарыңыз қалай?
– Бүгінгі күні Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында 22 этномәдени ұйым мен 11 жастар клубы жұмыс істейді. Қай-қайсысы болсын өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді, тұтастық пен ұлттық бірлікті қалыптастыруды басты мақсат етеді. Орталықтың құрылғаны бүгінгідей көз алдымызда. Тұңғыш жетекшілігіне пединституттының жас маманы К. Джанкишиоглы сайланды. Қатарымыз санаулы болғанымен, қыруар жұмыс атқарылды. А. Мирзоев, Г. Илдырымов басқарған тұстарда тың бастамалар дүниеге келіп, этносаралық, конфессияаралық татулықты үзбей насихаттауды басты бағдар етіп келеміз.
Қоғамдық іс-шараларға жоғары саналылықпен қатысатын қандастарымыз баршылық. Олардың арасында марқұм Т. Мұсаевтың есімі үлкен ілтипатпен аталады. Тахир Тәуелсіздіктің туы желбіреген жылдары Елбасымыздың саясатын белсене қолдап, ел игілігі жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Булаево стансасында мешіт құрылысына қаржылық қолдау көрсетіп, Абай, Мағжан көшелерін көгалдандыруға атсалысты. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрын жаңғырту ісіне алғаш үн қатысушылардың бірі болды. Сол сияқты “Караяз” ЖШС-нің директоры М. Гасанов та облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Мирахмед 500 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында жетім және ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған облыстық мектеп-интернатқа апарған сый-сияпаттарды сатып алуға қаржы бөлді. Р. Дадашов, С. Зейналов, Ч. Курбанов, тағы басқа алқа мүшелері балалардан жүрек жылуын аяған емес.
– Тағы қандай іс-шараларға мұрындық болып жүрсіздер?
– Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында Төрағамыз Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға келелі міндеттер қойып, бейбітшілікті, келісімді одан әрі баянды етудің үлгі-өнегелерін ұсынып келеді. Осындай сындарлы саясаттың арқасында Қазақстанда өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген ахуал орнады. Бұл орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасының қабылдануының мән-маңызы зор. Биылғы Жолдауда Мәңгілік Ел болу ұлттық идеясы көлденең тартылды. Бейбітшілік пен қазақстандықтардың бірлігі тоғысқан жерде әлеуметтік, экономикалық өрлеудің зор мүмкіндіктері пайда болды. Әлемдік дамудың алдыңғы легіне қосылуға бет бұрдық. Қазақ ұлтының біріктірушілік рөлі әлдеқашан мойындалған. Оны күнделікті өмірде сезініп жүрміз. Біз, әзірбайжандықтар, ана тілімізде оқу, салт-дәстүрімізді өзге этнос өкілдеріне көрсету, қызықты да танымды шаралар өткізу мүмкіндігіне иеміз. Өзге де мәдени орталықтармен Наурыз мейрамын, Сабантой, “Покровский перезвон” Славян мәдениеті күндерін, Қазақстан халқы бірлігі мейрамын, Астана, Петропавл қалаларының күндерін, өңірлік байқауларды, рождестволық кездесулерді, жастар қанаты шеңберінде Тәуелсіздік күніне арналған “Қазақстанда өмір сүргенімізге мақтанамыз” атты фестивальды бірлесе өткіземіз. “Нұр Отан” партиясы филиалымен тақырыптық кештер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырып жүрміз.
– №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенімен байланысып тұрасыздар ма?
– Патриоттық, отаншылдық сезімі жоғары, рухани жан дүниесі кең, еліміздің саналы азаматын тәрбиелеу алдымыздағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Президентіміздің жастарға арнайы сөз арнауы тектен-тек болмаса керек. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық өркендеу мектебі түрлі бағдарламалар бойынша жұмыс істеудің рухани ошағы іспеттес. Қазір онда 9 ұлт өкілдеріне жалпы білім берумен қатар, өз тілі мен мәдениетін оқып-үйренуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлері де кеңінен таныстырылады. Әзірбайжан тілінің мұғалімі Г. Джафаров Алматы қаласында өткен “Оқыту барысында тілдерді меңгеруде инновациялық және интерактивті әдістерді қолдану” республикалық ғылыми-әдістемелік семинарда білімін жетілдіргенін айта кеткен жөн. Ал этнобірлестіктің тағы бір мүшесі Г. Гасанова Тараз қаласында өткен республикалық пәндер олимпиадасында орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша екінші орынды иеленді. Аға буынның елге, жергілікті ұлтқа, тіліне, тарихына деген құрметін, сыйластығын көріп өскен бала тек осы ізгі жолды таңдары анық.
Ел жарастығы – ерен қазына екенін бір сәт те естен шығармауымыз керек. Қазақстандағы ұлтаралық достықты нығайтуға Ассамблея мүшелері ғана емес, барша жұрт болып атсалысқандары жөн дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.