Бұл дүниеге бала әкеліп, шаңыраққа шаттық сыйлайтын жаны нәзік жандардың жан түршіктірерлік қылмыстарға баруы қоғамның алаңдаушылығын туғызып отыр. Өткен жылы ғана адам өлтірген талай әйел облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен темір торға қамалып кете барды.
Бақытжан САТЫБАЛДИНОВА,
облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы.
Ерлерге қарағанда қылмыс атаулыға сирек баратын әйелдердің адам өлтіру кезіндегі қитұрқы әрекеттері жан түршіктіреді. Дене бітімі нәзік жандар өз құрбанының қауқарсыз сәтін пайдаланып, қанішерлікпен азаптап өлтіру фактілері жиі орын алуда. Алқабилердің қатысуымен өткен істердің бірінде Б. деген әйел азаматтық некедегі ерінің ұйықтап қалуын күткен. Содан кейін күйеуінің басын балтамен шаба берген. Қатыгез әйел жасаған қылмысы үшін 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал жанжалдасудан кейін ұйқыға кеткен күйеуін үтіктің бауымен буындырып өлтірген тағы бір әйел соттың үкімімен 11 жылға түрмеге жабылды.
Өткен жылы алқабилердің қатысуымен өткен сот отырыстарында айуандықпен жасалған тағы да бірнеше қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылды. Сондай істердің бірін мысалға келтірер болсақ, екі әйел бірінің күйеуін қатыгездікпен ұрып-соғып, содан кейін ұзартқыштың бауымен буындырып өлтірген. Істі тындырған соң өлі денені балконға шығарып тастап, үш күн бойы ішімдікке салынады. Балалары бар екі келіншек заңға сәйкес тиісті жазаларын алды.
Айта кететіні, бұл санаттағы қылмыстарға барған әйелдердің барлығы да айуандық әрекеттерді мас күйінде жасап келген. Мұндай безбүйректердің, тіпті, туған балаларын да өлтіруден тайынбайтыны өзекті өртейді. Осындай жан түршіктірерлік оқиғалардың бірі сотта қаралған болатын. Дені сау сәбиді дүниеге әкелген В. деген әйел босандырып алған Х. деген әйелден баланы өлтіруін сұраған. Босанған ананың өтінішін аяқасты қылмаған әйел жылап жатқан нәрестені буындырып өлтіреді. Ал қанішер келіншек өз баласының өлі денесін пакетке салады да, оны далаға лақтырып жібереді. Айуандық әрекетке барғандар 12 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал болған жағдайға куә бола тұрып, ол жайында ешкімге тіс жармаған тағы да екі әйелге қатысты айыппұл төлеу жазасы қолданылды.