Облыс орталығындағы жекеменшік “Добрая сказка” бөбекжай-бақшасының директоры заңсыз тексерістерден көз ашпай, жала жабудан жан бағуы қиындаған соң облыстық Кәсіпкерлік палатасына жүгінген болатын. Мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің директоры Виталий Михайловтың айтуынша, “Балапан” бағдарламасының аясында әрі шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі деген үмітпен 2012 жылдың желтоқсан айында ашқан бөбекжай-бақшаның жұмысы ілгері баспай келген. Оған таусылмайтын тексерістер мұрша бермеген.
– Бірнеше несие алып, аумағы 366 шаршы метр болатын мекемені алғашқы уақытта жалдап, кейін сатып алдым. Оның ішін талаптарға сай толық жабдықтадым. Алайда, санитарлық-эпидемиологиялық станция әр топтың жеке жуынатын бөлмесі болу керек дегенді алға тартып, өзім жоспарлаған 4 топтың орнына 48 адамға шақталған екі топты ашуға ғана рұқсат етті. Мемлекеттік мекеменің неліктен осындай ережені бұзған өзге балабақшаларға көз жұмып қарайтынын білмедім. Әйтсе де қыруар қаражат жұмсап ашқан балабақшаны жабудың қисыны жоқ деп шештік. Жұмысымыз бірізділенді дегенде тыныштығымызды сансыз тексерістер бұзды. Оған баласын балабақша әкеліп жүріп, ішкі талапты бірнеше рет бұзған ата-ананың прокуратураға берген шағымы мұрындық болғанын кейін білдім, – дейді кәсіпкер.
Балабақшаға баласын белгіленген уақыт аралығында емес, оның ұйқысы қанған кезде, өзге балалар тамақтарын ішіп немесе оқу-жаттығу жұмыстары жүріп жатқан уақытта әкелетін бір әйелге бөбекжай-балабақшаның тәрбиешісі ескерту жасап, ішкі ережені бұзуға болмайтынын айтады. Алайда, талапқа бағынбаған ата-ана дөрекі жауап берген. Балабақшаның меңгерушісі де: “Шарт талаптарын орындамасаңыз, мекеме қызметінен бас тартқаныңыз жөн” дегенде ол: “Балабақшаға төленген барлық қаражатты қайтарыңдар, әйтпесе бұл әрекеттерің үшін өкінесіңдер”, – дептіміс.
Ата-ананың бұл сөздерінен кейін көп ұзамай бірден бірнеше ведомство балабақшаны тексере бастайды. Биылғы жылдың екі айы ішінде бүлдіршіндер мекенін облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент тексеріп, өз саласы бойынша ешқандай заңсыздықты таппаған. Ал СҚО Білім саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері тексеріс жүргіземін деп тізе батырып жіберген сияқты.
– Еңбек демалысында жүрген уақытта жеке иелігімді тексеріп жатқанын жұмысқа келгенімде бір-ақ білдім. Олардың менің рұқсатымсыз тексеріс жүргізуге құқығы жоқ. Заңсыз тексеріс ұйымдастырған Білім саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері оқыту жоспарында бірнеше сабақ бойынша артық уақыт қосылғанын айтып, бөбекжай-бақшаның меңгерушісіне 37 мың теңге айыппұл салған. Ал білімі және еңбек өтілі бар екі педагог қайта даярлау курстарынан өтпеді деп сол үшін менің атыма сотқа шағымданған. Мекеменің ашылғанына бір жылдан енді асқандықтан әрі бұл мамандар жақында ғана жұмысқа қабылданғандықтан, курстарға жазылып, кезектерін күтіп жүрген болатын. Алайда, мән-жайды ешкім сұраған да жоқ. Баса-көктеп, ойына келгендерін істеді. 30 жылдық еңбек өтілі бар балабақша меңгерушісі қысымға шыдай алмай, жұмыстан шығу туралы арыз жазды. Көңілдеріне күдік ұялаған ата-аналар балаларын балабақшадан әкетіп жатыр. Салық департаменті де тексеріс жүргізетіні жайында хабарлаған болатын. Әйтеуір, облыстық Кәсіпкерлік палатасының араласуының арқасында тексерістер тоқтатылды. Ал 1 сәуірден бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторийдің жарияланатыны да бізді тексерістен құтқармақ, – дейді жеке кәсіпкер.
Кәсіпкерлік палатасының сарапшысы Асқар Махметтің айтуынша, өзара ынтымақтастық туралы меморандумының негізінде кәсіпкердің шағымы қалалық прокуратураға жолданған. Прокуратура департамент жұмысын тексеру кезінде аталмыш жекеменшік балабақша жоспардан тыс әрі заңсыз тексерілгенін анықтады. Осылайша кәсіпкердің тірлігіне тұсау салған мемлекеттік қызметшілер әкімшілік жазаға тартылды.