Таяуда Ресей Федерациясының Түмен қаласында балалардың ұлттық шығармашылығына арналған “Радуга” халықаралық фестиваль-конкурсы өтті. Оған Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Фестиваль-конкурсқа қатысушылар халықтық (эстрадалық) ән, би, халықтық аспапта өнер көрсету, мәнерлеп оқу, ұлттық қолданбалы өнер шығармашылығы сияқты 5 аталым бойынша бақ сынады. Фестиваль-конкурсқа қатысушы 600-ден астам үміткер осы аталымдар бойынша өнер көрсетті. Біздің облыстан барған оқушылар мәнерлеп оқу және ән сайысына қатысты. Конкурсқа қатысушылардың әртістік қабілеттері, орындау шеберліктері мен сахна мәдениетіне, ұлттық киімдерінің сапасына қазылар ерекше мән берді, – дейді №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлнұр Мұхамеджанова.
Конкурсқа қатысқан №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің 5-сынып оқушылары Тәттігүл Амантаева (Мұқағали Мақатаевтың “Достық”) және Өмірхан Ризабек (Мағжан Жұмабаевтың “Туған жер”) өлеңдерін мәнерлеп оқудан II орын алды. 6-сынып оқушысы Олег Девяткин Асқар Жүнісбековтің “Жаса, Қазақстан” әнін жеке дауыста орындап, III орынды иеленді.