Ауғанстандағы соғыстың дәл ортасында жанын шүберекке түйе жүріп, елге дін-аман оралғандардың бірі – қала тұрғыны Мұратбек Қожахметов.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– 1979 жылғы 25 желтоқсанда КСРО әскерлерi Ауғанстан шекарасынан өтiп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейiн соғыс қимылдарын жүргiздi. Отан алдындағы борышын адал атқарған әрi өз болашағына сенген өзіміздей өрімдей жас жігіттер саяси ойынның құрбанына айналдық. Жат елден елге оқ пен оттың ортасынан тән жарақатынан бұрын жан жарақатымен оралдық. Сол уақыттан бері тура 25 жыл өткенімен, тән жарасы жазылса да, жан жарасы жазылған жоқ, – дейді ол.
Ширек ғасыр уақыт өткенімен, Ауған соғысының әрбір көзі тірі ардагері үшін жат елде басынан өткерген қиындық, бөтен елдің ми шыжғырған ыстығы, автоматтар пен пулеметтер күрсілі, түн ортасындағы дабылдар күні кеше ғана орын алған тәрізді. Жадыңда қалған соғыстың сұмдығын ұмыту мүмкін емес екендігін ол да тілге тиек етті:
– 1978 жылы әскерге шақырылып, әскерге шақырылушылар қатарында сап түзедім. Бастапқыда “Отар” полигонында танкі басшысына оқып, ал кейін әскери борышымды Алматыда жалғастырдым. Ал 1979 жылдың 26 желтоқсанында жоғары әскери басшылықтың бұйрығымен полк құрамында Ауғанстан Демократиялық Республикасына аттандық. Шынын айту керек, бастапқыда біз соғысқа бара жатқанымызды білген емеспіз. Қайта керісінше, басшылық әскери оқу-жаттығуға бара жатырсыңдар деп айтқан болатын. Осындайда өзге ел мен жер көреміз деген ойда болғанымыз рас. Бірақ, өз басым қару асынып, дәл қайнаған қанды майдан ошағына барармын деген ой санама кіріп шыққан емес. Дегенмен, ант қабылдағаннан кейін және ер жігіт болған соң қандай жағдай болса да, міндетімізді өтеуге міндеттіміз. Аллаға шүкір, біз келе сала жаумен айқасқа бірден кірісіп кеткен жоқпыз. Алғашқы ісіміз таулы аймаққа палатка құрудан басталды. Бұдан соң жаттығулар, мылтық ату, көздеу, дәлдеу, шабуылдау, қоршау сынды арнайы тапсырмалар тактикасын пысықтаумен болдық.
Мұратбек ағаның айтуынша, 17-18 жастағы сарбаздарға бейбіт өмір сүріп жатқан адамдарды қорғау міндеті жүктелген екен. Сөйтіп, қарауылға шығып, бөтен ел мен жердің тұрғындарын жаудан қорғаған. Осы орайда Ауған елінің ауа райына шыдау қазақстандықтарға қиын болған. Әсіресе, жаз айларында күннің қатты ысып, көлеңкедегі ауа температурасының өзі 45 градусқа дейін жетіп отырған. Осындай күндері 20 килограмдық қару-жарақ асынып, рейдке шығу кімге болса да оңайға тимеген. Таудың әр тасын жатқа білетін бандалық құрылымдарды аңдып, техникалық колонналарға тосқауыл қойып, адам шығыны санын көбейтуді көздеген жауға олар тойтарыс берді. Осындайда жаныңда жүрген сарбаздың келесі күні ажал құшқанын көріп, оны базаға сүйреп әкелу жас жігіттердің психикасына әсер етпей қоймайды. Міне, осы жерде 1980 жылдың көктеміне дейін өз міндетін ойдағыдай өткерген.
– Ең алдымен Ауған әскерімен бірлесе әскери қимылдар жүргізіп, Баглан қаласының маңында көтерілісшілердің көзін жою бойынша әскери тапсырмаларды орындадық. Ал кейін дұшпандармен шайқаса жүріп, Кабулға дейін жеттік. Осы уақыттың ішінде қан майданды да, қатарластарымыздың өлімін де көрдік. Қаншама әскери жолдастарым қыршынынан қиылды. Тірі қалса, олар да түтін түтетіп отырар еді. Достарыңның мәйітін көру адамды өмірден түңілдіріп жібереді екен. Болашағыңа деген сенімің мұқала түседі. Ақыры әскери борыш өтеуімнің мерзімі бітіп, ұшақпен Термез қаласына ұшып келдік. Ал одан елге бет алдым. Сөйтіп, өрімдей жас болсам да, туған елге өмір мен өлімнің ортасында жүріп, запастағы лейтенант офицері шенінде оралдым, – дейді ардагер.
Тау мен тасты тасалап, партизандық әдіспен соғысқан дұшпандардың шабуылдарынан аман қалған Мұратбек Сәдуақасұлының өмірбаянына аздап тоқталар болсақ, ол 1955 жылы Омбы облысының Шарбақкөл ауданындағы Кішібаранқол ауылында дүниеге келген. Ауған соғысына аттанбас бұрын 1972 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, химия және биология пәнінің мұғалімі мамандығын алып үлгерген. Ал 1977 жылдан бастап бір жылдай Солтүстік Қазақстан облысының Пресновка ауылындағы №74 кәсіби-техникалық училищесінде қызмет атқарған. Ауған соғысынан кейін Ресейдің Омбы қаласында 25 жыл Ішкі істер органында қызмет атқарса, 1996 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келген. Ал 2002 жылдан бастап облыс орталығындағы №40 орта мектептегі “Алғашқы әскери дайындық” орталығында қызмет атқарған. Мұратбек Сәдуақасұлы – соңғы үш жыл аталмыш орталық директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Бүгінде Мұратбек ағай Ауған еліндегі әскери қимылдары барысында көрсеткен өжеттілігі үшін “Ерлігі мен батылдығы үшін” медалінен басқа, “Интернационалист жауынгер” төсбелгісімен, Ауғанстан президенті Наджибулла қол қойған “Кеңпейілді Ауған халқынан” белгісімен және басқа да медальдармен марапатталған. Сондай-ақ жауынгерлік қызметі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасы да бар ауған соғысының ардагері облыстық ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағы кеңесінің мүшесі.
Мұратбек Сәдуақасұлы Ауған соғысының аяқталғанына 25 жылға жуықтаса да, қан майданға тиісті бағасы берілмей келгендігіне қынжылады. “Соғыстың үлкен-кішісі жоқ” дегендей, Ұлы Отан соғысында от пен оқ ортасынан оралғандар мен Ауған соғысында қан кешкендердің мәртебесін бөле-жара қарау дұрыс емес деп санаймын. Сөзбен айтып теңес-тіргенімен, заң жүзінде ҰОС ардагерлеріне жасалатын әлеуметтік жеңілдіктер ауғандықтарға қарастырылмаған. Әлі де толыққанды соғысқа қатысушы мәртебесін аламыз деп үміттенемін, – дейді ауған соғысының ардагері.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.