«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛИЯ ДЕСЕ, ДЕГЕНДЕЙ ӘРІПТЕСІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құттыбай АХМЕТОВА,

Өскен мектебінің мұғалімі.

“Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі”, деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, әріптесім Қызыл-Әскер орта мектебінің директоры, физика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Әлия Қожахметова жайлы әңгіме қозғамақпын.

Әлия Қойбағарқызы 1977 жылы Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітіріп, өзі оқыған Қызыл-Әскер сегіз жылдық мектебіне физика пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасты. Бір жылдан кейін-ақ мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды, ал 1988 жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарып келеді.

Отыз жылға жуық басшылық қызметте жүрген Әлия Қойбағарқызы өзін білімді тәлімгер, білікті көшбасшы, іскер ұйымдастырушы, еңбекқор ұстаз ретінде көрсете білді.  

Әлияны атына заты сай, бейбіт күннің қаһарман қызы десем, артық емес. Ол өзінің саналы ғұмырын мектепке, шәкірттеріне, еліне, Отанына адал еңбек етуге арнап келеді. Бүгін де оның шәкірттерінің арасында ғылым докторы, ғылым кандидаты, елге еңбегі сіңген кәсіпкер, жоғары санатты дәрігерлер, әдебиетшілер, журналистер, өзінің жолын қуған мұғалімдер, майталман егіншілер мен малшылар да баршылық.

Өзі басқарып отырған Қызыл-Әскер орта мектебінің өркендеуіне, оның жылы да жарық, іші-сырты таза болуына, ауласының жасыл желекке бөленуіне Әлия Қойбағарқызы үлкен күш-жігер жұмсады. Осындай ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Ол – “Халыққа білім беру ісінің үздігі” Құрметті атағына ие, жоғары санатты ұстаз. Облыстық, аудандық Білім басқармасы мен бөлімі тарапынан талай марапатқа ие болды. 1998 жылы “Астана” медалін, 2007 жылы “Шапағат” медалін кеудесіне тақты.

Әлияның басты мерейі – өз алдынан білім нәрімен сусындаған шәкірттері. Ол өзі оқыған мектебімен бірге өсті, осы алтын ұясымен бірге қанаты қатайып жетілді. Менің аяулы ақылшым, білімді тәлімгерім, еңбектегі әріптесім Әлия Қойбағарқызының алар асулары әлі де алда екеніне сенімдімін.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp