Самал Үмітбаева туған ауылы – Орталықта орта мектепті бітіріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін 1995 жылы ойдағыдай аяқтаған.
Ұстаздық еңбек жолын да Орталықта бастады. 20 жылдан бері өзі оқыған мектепте ұстаздық етіп жүрген Самал Оралқызы – мектебіміздің мақтанышы. Ол – өз пәнін жақсы білетін, оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін меңгерген, жаңа инновациялық технологияларды пайдаланып, заман талабына сай сабақтарын жаңаша ұйымдастыра алатын ұстаз. Қазақ тілі және әдебиеті пәндерін оқыту барысында оқушылардың тілін дамытуға, ана тілін қастерлеуге аса көп мән беріп, әр сабағын шығармашылық ізденімпаздыққа негіздеп өткізеді.
Бірінші санатты ұстаз үнемі ізденіс үстінде, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап, шәкірттеріне бүгінгі өмір талабына сай сапалы білім беру жолында аянбай тер төгіп, көпке үлгі болуда. Өмірінің ең шұғылалы шақтарын шәкірттеріне арнай отырып, өзі де тәжірибе жинап, шыңдалып келеді, ізденіс пен шығармашылық еңбектің арқасында білікті маман, үйретуші-тәлімгер, шебер ұстаз деңгейіне көтерілді.
Ұстаз “Сабақтың тақырыбының ауқымын аша білу, жаңа технологияларды пайдаланып, пәнін қызғылықты өткізу және оқушылардың өз бетімен ізденуін қалыптастыру” мәселесі бойынша жұмыс істейді. Мектеп, аудан көлемінде өткізілген семинарларға белсене қатысып, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп жүр. 2008-2009 жылдары “Сыни тұрғыдан ойлау” бағдарламасына сәйкес жүргізілген курс-семинарларға қатысып, сертификат алып, осы жобаны сабақтарында тиімді пайдаланып келеді.
Самал Оралқызы мектепішілік шаралар: тілдер апталығын, пәндік онкүндіктерді, әдеби кештерді, сыныптан тыс шараларды, сайыстарды ұйымдастыру арқылы да оқушылардың ана тіліне деген қызығушылықтарын дамытуда. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген қабілетті, дарындылықты танып-біліп, оның одан әрі дамуына бағыт беруде.
Оқушыларының аудан, облыс көлемінде көптеген жетістіктерге жетуі – ұстаздың білім беру жолындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Оқушылары “Жарқын болашақ” олимпиадасында, пәндік олимпиадаларда, шығармалар байқауларында, Абай, Мағжан оқуларының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Оның білім мен өнер сайыстарында жүлделі орындардан көріне білген Қарлығаш Есжанова, Әсел Бакенова, Гүлсара Мүсәйіпова, Салтанат Елубаева, Жадыра Үмітбаева, Ақнар Қазезова сияқты оқушылары мектебіміздің мақтанышына айналды.
Ұстаздың алдынан өткен көптеген шәкірттері де оның жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша колледж, жоғары оқу орындарын бітіріп, аудан, облыс көлемінде еңбек етуде.
Ұстаздың көпжылғы атқарған жемісті істері мен қол жеткізген табыстары бағаланып, аудандық оқу бөлімінің марапаттауларына ие. Әріптесімнің биік белестері әлі де алда.
Мақсат БАШЕНОВА,
Орман негізгі мектебінің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Жамбыл ауданы.