“Ат айналып қазығын табар” дегендей, Үсайын Жылқышиевтің туған жерге оралғанына бір мүшел уақыт болған. Ол бұған дейін Өзбекстанның Тамдыбұлақ ауданында тұрып, 2001 жылға дейін орыс мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп, орыс тілі пәнінен сабақ берген. Мұғалімдіктің барлық сатысынан өткен ұстаз алғаш елге келген кезде қиын болғанын есіне алады. Келгенде екі бөлмелі үйде ағасының отбасымен бірге 9 жан тұрған. Өздерімен бірге көшіп келген 86 жастағы шешелері 92 жасында қайтыс болып, оған Айыртау жерінде топырақ бұйырыпты.
– Алғашқы кезде “Қызметімді, үйренген жерімді тастап бекер келдім бе?” деген күдігім де болды. Өйткені, ол кезде сырттан келген біздейлерге көзқарас мүлдем басқа еді. Оған қоса бұл жақта бәрі орыс тілінде сөйлейді, бірге келгендер орыс тілін білмей, көп қиналды. Бүгінде бәріне бейімделіп, орысша сөйлеуге де, суыққа да үйрендік. Шүкір, бәрі жақсы. Қазір “ертерек келмеген екенмін” деп ойлаймын. Қиыншылықтың бәрін өткен шақта есімізге аламыз. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” дегендей, туған елге қоныс аударғаным балаларыма дұрыс болды. Екі ұлым бар. Үлкенім Астанадағы “Тұран-Астана” университетін бітіріп, Щучинск қаласында жұмыс істеп жүр. Алматы энергетика және байланыс университетін бітірген екінші ұлым Отарда әскери міндетін атқаруда, – дейді Үсайын Жылқышиев.
Өзі елге келген соң М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, тарих пәнінің мұғалімі ретінде екінші мамандықты меңгерген. Зайыбы Мәрия Өтемұратова – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. 32 жылдық еңбек өтілінің 23-24 жылын бала тәрбиесіне арнаған олар өздерінің таңдаған мамандықтарына өкінген емес. Үсайын Жолдасұлы бүгінде Айыртау ауданының Айыртау орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
– Айыртау орта мектебі таза орыс тілінде білім беретін. Біз келгеннен кейін қазақ сыныптары ашылды. Сол оқушыларымыз қазақ мектептерінің ішінде аудан бойынша ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинап, бірінші орын алды. Мектепті бес оқушы бітіріп, барлығы да жоғары оқу орындарына түсті. Мектепте биология кабинеті жабдықталып, интерактивті тақта қойылған. Химия, өзін-өзі тану кабинеттері бар. 100-ге жуық оқушысы бар мектеп математикалық бағытта жұмыс істейді. Бір өкініштісі, сыныптар шағын жинақты. Бұл баланың білім сапасына кері әсер етеді. Қазақ сыныптарына оқулықтар жетіспейді, – деген Үсайын Жолдасұлы мектептің көкейкесті мәселесінің бір шетін шығарып қойды.
Үсайын Жылқышиевтің айтуынша, олар шетте жүргенде де айтарлықтай қағажу көрмеген. Өздеріне лайық қызметтері болған және Тамдыбұлақ ауданында бірыңғай қазақтар тұрған. Бірақ, “Өзге елдің оты өз еліңнің түтініне татымас” дегендей, қанша жақсы болса да, ата-бабаларының өмір сүрген жеріне аңсап жеткен. Алайда, елге оралған отандастарымызды кейбір жергілікті тұрғындардың туған жердің қадірін біле бермейтіні қынжылтады екен. Олар бөтен елде жүрсе де, ана тілін, ұлтымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ұмытпаған. Бүгінде түйе, жылқы, сиыр ұстап, төрт түлік малдан алынатын шұбат, қымыз, сүт өнімдерінен жасалған ұлттық тағамдардан өз еліміз бен шетел азаматтарына дәм татырып, олардың жасалу жолдарымен таныстырып жүр.
– Біз 2006 жылдан бері “Экос Көкшетау” туристік фирмасымен бірлесіп, жаз айларында жұмыс істейміз. Олар этнотуризмді дамыту бойынша шетелдік туристермен жұмыс істеуге бізді дайындап, оқытты. Бұл фирма келген туристерді бізге жібереді. Біз оларды қабылдап, келгеннен кеткенге дейін үйдің бір бөлмесін соларға арнайы бөліп береміз. Шоқан Уәлихановтың әжесі – Айғанымның қонысына, Ботай қонысына, Қарасайдың кесенесіне экскурсиялар жасатамыз. Африка, Германия, Америка, Австриядан келген туристер болды. Олар біздің салт-дәстүрімізді, киіз үйді таңсық көріп, оның ішіндегі заттарды қызықтайды. Онда әжеміздің ою-өрнек салып тіккен көрпелері, киіз үй жабдықтары, текеметі – барлығы сақталған. Бұл киіз үйге зайыбым Мәрия келін боп түскен. Сондықтан да ол бізге ыстық. Киіз үйді Наурызда, басқа да мейрамдарда, қонақтар келгенде де тігеміз, – дейді Үсайын Жылқышиев.
Оның айтуынша, өздері салт-дәстүрге өте берік. Отбасында балаларына, мектепте оқушыларына ұлттық салт-дәстүрімізді ұдайы түсіндіріп отырады. Үйде тек ана тілінде сөйлесетін отбасы мүшелері шетелдік туристерге де қазақша сәлемдесу, қоштасу, алғыс білдіру, тағам түрлерінің атаулары, бар-жоқ сияқты жеңіл-желпі сөздерді үйретіп жібереді.
– Бір адамға күніне – 5 мың теңге, бұл баға шетелдіктерге қымбат емес. Оның 15 пайызын туристік фирма алады. Туристерге тек қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаймыз. Ол үшін әр тағамның қалай дайындалатынын түсіндіріп, таныстырамыз да, қайсысы қандай тамақ жейтінін сұраймыз, сол бойынша асты зайыбым өзі дайындап береді. Шетелдіктер мұнда болған уақытта жерде отырып тамақ ішіп, қызықтағандары бие, түйе, сиыр сауып та көреді. Туристер көбінесе біздің табиғатымызға қызығады. Бұл кәсіпті балаларымыз одан әрі жалғастырмақ. Олар Шалқар көлінің жағалауынан орын алып, өңірдің туризмін дамытуға өз үлестерін қоспақшы, – дейді Үсайын Жолдасұлы.
Сабақта да, жүрген жерінде де ұлттық салт-дәстүрімізді осылайша насихаттап, үйретіп жүретін Үсайын Жылқышиевтің айтуынша, адамдар әртүрлі. “Тамшы тас теседі” дегендей, айта берсе, ұлттық құндылықтарымыз бірінің болмаса екіншісінің құлағына сіңеді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.