Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың төрағалық етуімен ғылыми негізделген агротехникалық технологияларды енгізу жөніндегі облыстық аграрлық кеңестің отырысы өтті.
Қатран ҚАРМАНОВ,
облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы агрономиялық бөлімінің басшысы.
Кеңестің жұмысына облыстық аграрлық кеңестің мүшелері, облыстық және аумақтық ведомстволардың, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары, тәжірибе станциясының ғалымдары қатысты. Онда алдағы көктемгі-дала жұмыстарына берілетін ұсынымға қатысты мәселелер қаралды, аграрлық кеңес мүшелерінің баяндамалары тыңдалды.
Бұл жолғы жиында ғалымдардың, шаруашылық басшыларының, мамандардың сөздерінде көктемгі-дала жұмыстарын жүргізу жөніндегі ұсынымдар айтылды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы директорының орынбасары Александр Пигалев “Күзгі-қысқы метеорологиялық жағдай және Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы топырақ ылғалының әлеуеті”, осы тәжірибе станциясының сұрыптық агротехникалық зертханасының меңгерушісі Ольга Гаас “Облыста дәнді дақылдар, дәнді бұршақты және майлы дақылдар сұрыптарын өсірудің болашағы” тақырыптарында әңгіме өрбітті.
Одан кейін жиналғандар алдында “Аби-Жер” ЖШС-нің директоры Игорь Гришанов “Ауыл шаруашылығы дақылдарын тамырдан тыс қоректендіру жоғары және сапалы өнім алудың негізі ретінде” деген тақырыпта өз іс-тәжірибесімен бөліссе, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы филиалының директоры Марат Мұқашев “Өңірдің 2014 жылғы фитосанитарлық жағдайы мен болжамы” жайындағы дәйектемелерін ортаға салды. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Владимир Мешетич өзі зерттеп жүрген “Жемшөп – мал шаруашылығы тиімділігінің негізі” тақырыбында көпшілікке ой саларлық мәселелерді қозғады.
Аграрлық кеңес мәжілісінде тікелей ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын агроқұрылымдардың басшылары да өз пікірлерін білдірді. Бір сөзбен айтқанда, осынау алқалы жиында биылғы жылдың көктемгі-дала жұмыстарына дайындық және оны өткізу жөніндегі агро-техникалық ұсынымдар бойынша дәйекті әңгіме өрбіді.
Ылғал қорын үнемдеу технологиясын жаппай енгізу үшін облыс агроқұрылымдарына осызаманғы жоғары өнімді техниканы кең көлемде қолданып, ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін барлық алқапқа минералдық тыңайтқыштар сіңіруді жауапкершілікпен жүргізе отырып, өсімдіктер өсуінің реттегіштері мен жеделдеткіштерін, сондай-ақ, өсімдік қорғау құралдарын қолдану қажет.
Өткен жылдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруді ғылымның қатысуынсыз дамыту мүмкін емес. Олай болса, кеңесте айтылған ғалымдардың ұсынымдары мен аграрлық кеңес мүшелерінің пікірлері тәжірибе жүзінде қолданыс табады деп білеміз.