Асқар АЛҒАЗИН,
зейнеткер.
Елімізде мал шаруашылығын дамытуға зор маңыз беріліп отырғандықтан, мал дәрігерлік қызметке сұраныс та артып отыр. Ұзақ еңбек жолында, оның сонау тоқырау жылдарында құлдырауын бастан кешкен Нұрлан Мұхаметжанов ветеринарлық жұмысқа мемлекеттік деңгейде назар аударыла бастағанын құптайды. Бір кездері қоғамдық меншіктегі мал түгелге жуық талан-таражға түсіп, мал маңындағы қызметкерлердің көпшілігі қажетсіз болғандықтан, жұмыссыз болып шыға келді емес пе? Олардың қатарына ілікпесе де, мал шаруашылығының мәртебесі түсіп кеткен қиын жылдары Нұрлан Кәтайұлы да соған байланысты тұрмыс тауқыметін тартқан жандардың бірі болатын. Атакәсіптің және өзі сүйген істің жадау жағдайы жанына бататын еді. Бірақ көңіліңе толар-толмасына қарамастан, қолға тигенін қанағат тұтып, сүйікті мамандығынан қол үзген жоқ.
Бүгінде Тимирязев ауылдық округінде ветеринария жөніндегі бас маман қызметін атқаратын ол соңғы бірер жылдан бері ветеринарлық қызмет құрылымдарының жаңғыртыла бастағанына тәубе етеді. Әсіресе, аудандық ветеринарлық станциялардың қалпына келтіріліп жатқаны көңілінен шығады. Өзі еңбек етіп жүрген аудан орталығының ауылдық округін басқалармен салыстыруға болмайды. Тұрғындары малды ең көп ұстайтын округ осы. Өткен жылдың 1-ші шілдесіндегі санақ бойынша онда 1744 бас ірі қара, 2879 бас қой-ешкі, 704 бас жылқы және 1291 бас шошқа болды. Осының барлығын компьютер жүйесіне енгізіп, ауыл тұрғындарының қолындағы малға ветеринарлық бақылау жасайды. Ол осы қызметке қабылданар алдында мемлекеттік тестілеуден өткен, маманға соған сәйкес ветеринарлық жұмыстарды осызаманғы талапқа сай ұйымдастыру міндеті жүктелген. Ал, оның жауапкершілігі жеңіл емес.
Өткен жылдың наурыз айынан бері өзі қызметке кіріскен қараша айына дейін округте мал дәрігері болмағандықтан, Нұрлан Кәтайұлы атқарар жұмыс қордаланып қалған екен. Алдымен тұрғындар ұстап отырған малдың құжаттық сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Оған бөлінген мемлекет қаржысын толық игеруге күш салды. Сәйкестендірілген мал басын бірыңғай компьютер жүйесіне енгізіп, сол бойынша мал иелеріне тиісті құжаттарын тапсырды. Сондай-ақ мал дәрігерлеріне қазір әрбір ірі елді мекенде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай мал сою қосындарын ретке келтірудің міндеті жүктеліп отырғандықтан, Тимирязево ауылындағы осындай сойыс орнын бақылауына алды. Ол аудандағы санитарлық талапқа сай келетін бірден-бір мал сою қосыны болып табылады. Онда ветеринарлық қызмет көрсету заңына сәйкес сойылатын мал алдымен дәрігерлік тексерістен өтеді, сосын сойылған етке ветеринарлық зерттеу жүргізіліп, содан кейін ғана тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жасалған құжаттары толтырылады.
Міне, осы жұмыстардың бәрінде мал дәрігері ауылдық округінің әкімі Сайран Байдалинаның тарапынан қызу қолдау тауып отырғанын айтады. Қандай мәселеде болсын тұрғындармен тіл табысып кетуіне оның көмегі көп тиеді. Сондай-ақ ұйымдастыру жұмыстарын қажет ететін іс-шараларда әкім тікелей араласпайынша, шешілмейтін мәселелер де болады, ондай жағдайда Сайран Қабиденқызының оралымдығы мен іскерлігіне талай рет тәнті болғаны бар. Айталық, малдың жұқпалы ауруларына қарсы жаппай егуді ұйымдастыруға, сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуге оның көп көмегі тиді.
Нұрлан Кәтайұлының еңбек жолы Тимирязев ауданындағы “Восход” кеңшарында басталды. Осы салада кеңшар тарағанша еңбек етті. Одан кейін сегіз жыл бойы Тимирязев ауданының аумақтық инспекциясында еңбек етті. Онда ол өзіне жүктелген тапсырмаларды уақтылы және жауапкершілікпен атқарып отырды. Соған бір мысал – ауданның төрт ауылдық округіне тараған құстың Ньюкасл ауруын ауыздықтауға қатысқандығы. Басында Ақжан және Ақсуат ауылдарында 2012 жылғы қазанда байқалған бұл ауру одан кейін Құртай және Тимирязево ауылдарын да қамтып, өткен жылдың маусым айына дейін созылды. Осы қауіпті аурудың одан әрі тарауына тосқауыл қойып, уақытымен санаспай күрескендердің қатарында облыстың жұқпалы ауруларға қарсы күрес отрядының және аудандық ветеринарлық станция мамандарының құрамында болған Нұрлан Мұхаметжанов та бар.
Сонымен бірге, аудандық аумақтық инспекцияда жүрген кезінде аудан көлеміндегі малдың құтырма ауруының алдын алу шараларына да белсене қатысты. Соның нәтижесінде бұл дерт таралған жоқ. Нұрлан Кәтайұлы бұрынғы аумақтық инспекциядағы сияқты қазіргі ауылдық округ әкімдігінде де беделді.
Тимирязев ауданы.