«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТАУЫШ БІЛІМНІҢ ЖАҢА СТАНДАРТЫ келесі жылы енгізілмек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің еліміздегі білім берудің басым бағыттары бойынша 2014-2016 жылдарға арналған жоспарында білім беру саласының мазмұнын өзгертуге байланысты бірнеше жаңашылдық бар. Олар туралы айтып беру үшін Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаны әңгімеге тарттық.

– Күлпаш Әміржанқызы, білім беру мазмұнын өзгертуге не себеп болды?

– Қоғамның жаһандануы, адами ресурстардың мобильдігі, ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың дамуы, Интернет арқылы түрлі ақпарат көздерінің қолжетімділігі, бұқаралық ақпарат құралдары мен технологиялардың ықпалының артуы білім мен ғылым саласындағы инновациялардың жылдам өзгеруіне әкелді. Уақыт талабына сай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында білім беру мазмұнын жаңартуды, білім берудің ұлттық моделін қалыптастыруды міндеттеді. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі еліміздегі білім берудің басым бағыттарына арналған құжат әзірледі. Ол бойынша 2015 жылдан бастап бірінші сыныптардың оқу бағдарламасының мазмұны өзгертіледі.

– Ол қандай өзгерістер болмақ?  

– Бастауыш сыныптарды оқыту мерзімі 5 жыл болады деген болжам бар. Қазіргі қолданыстағы бағдарламада “Өзін-өзі тану” мен ағылшын тілі пәндері 1-сыныптан енгізілді. 2015 жылдан бастап ақпараттық-коммуникативтік технология (АКТ), “Ғылымға кіріспе” пәні енгізіледі деп күтілуде. Бұл пән балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, тақырыпқа ғылыми негізде талдау жасауға, оқушылардың бастауыш сыныптардан бастап ғылыми көзқарастарын қалыптастыруға бағытталады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін бастауыш буында кіріктіріп өткізу жоспарлануда. Олардың бағдарламасы да біріктірілуде. Музыка, сурет, еңбек пәндері өнер пәніне кіріктіріліп, оқушының шығармашылығын дамытуға ықпал етеді. Олардың барлығын бастауышта бір мұғалім жүргізеді. Біздің қазіргі тәжірибемізде жеке тақырыптар бойынша пәнаралық байланыс, пәндердің кіріктірілуі бар. Жаңа стандарт бойынша тұтас пәндер кіріктіріліп өткізілетін болады. Дүниетану пәні де кіріктіріледі. Онда да химия, физика, биология сияқты ғылымдардың негізі қаланады. Бастауыш сыныптарға енгізілгелі отырған оқыту жүйесі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бүгінгі күні жүргізіліп жатыр. Олар тәжірибе жинақтады, оны ғылыми тұрғыда ғалымдар, оқымыстылар мен аналитиктер бақылап, осылайша оқыту тәжірибесінің тиімділігін дәлелдеді.

– Пәндердің кіріктірілуі мұғалімдердің қысқаруына әкеліп соқтырмай ма?

– Мұғалімдердің саны оқу жоспарының сабақ санына сәйкес келеді. Қазір бастауыш буындар ғана қарастырылып жатыр. Мысалы, бастауыш сыныптың жүктемесі бұрынғыдай 18 емес, 12 сағат болуы мүмкін. Нормативтік құжаттар өзгертіледі. Осылайша Қазақстанның болашақта көздеп отырған білім беру жүйесі қалыптасады.

– Жаңа стандарт бағдарламасының қазіргі білім беру жүйесінен қандай айырмашылығы бар?

– Жаңа стандарт бойынша шетелдердің білім беру бағдарламалары сараланып, біздің ұлттық білім беру моделіне лайықталды. Біздің діліміз, салт-дәстүріміз, тәрбиеміз қазақстандық білім беру үлгісіне сәйкестендірілді. Отанға сүйіспеншілік, мәдени мұраларымыз, ұлттық құндылықтарымызға құрмет оқушы бойына тәрбие шараларында ғана емес, барлық оқу үдерісі барысында сіңірілетін болады. Бағдарлама, ең бастысы, баланы дамытуға бағытталады. Оқушылар әр тақырып бойынша Интернетті пайдаланып, өздері ізденіп, талдау жасауға үйренеді. Кембридж бағдарламасы бойынша сабақтар басқа форматта өтеді. Қазіргі талап оқушылар белсенділігін арттыру болып отыр. Олар ақпараттық-коммуникативтік технологияларды кеңінен пайдалана отырып, жаман-жақсыны өздері түсініп, қабылдаулары керек. Жаңа стандарт балаларды ізгілікке тәрбиелеуді көздейді.

– Жаңа стандарт бойынша оқытатын оқу-әдістемелік құралдар, мұғалімдер дайын ба?

– Білім және ғылым министрлігінде оқу бағдарламасы және оқулықтар әзірленуде. Ол бағдарламалар мен оқулықтар арнайы сараптамадан өткізіледі. Ол үшін әр облыстан бастауыш сыныптарда жұмыс істеп жүрген тәжірибелі-білікті мұғалімдерден сараптамалық топтар құрылады. Олар осы бағдарламалар мен оқулықтарға талдау жасайды. Бұл жұмыс 2015 жылға дейін жүргізіледі. Қазіргі оқулықтардағы кемшіліктер барлық деңгейде айтылып, талдау жүргізіліп жатыр. Оның барлығы ескерілетін болады. Сондай-ақ бастауыш сыныптардың мұғалімдерін арнайы даярлықтан өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі әр облыс пен өңірлерге тютерлер, яғни бастауыш сынып мұғалімдері арасынан басқаларын үйрету үшін арнайы дәріс беретін мұғалімдер даярлап жатыр. Олар “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның СҚО ПҚБАИ филиалы базасы арқылы даярлануда. 2015 жылы бірінші сыныптарды оқытатын барлық мұғалімдер жаңа бағдарлама бекітілгеннен кейін біліктілікті арттыру бойынша қайта даярлық курстарынан міндетті түрде өтетін болады.

– Сонда екі стандарт қатар жүре ме?

– 2015 жылы 1-ші сыныпқа келгендер бастауыш білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты бойынша оқиды. Сол жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі жалпы білім беретін мектептерде де ішінара кезең-кезеңмен енгізіле бастайды. 2027 жылға дейін екі мемлекеттік стандарт қатар жүргізіледі. 2027 жылы жаңа стандарт толық енгізіледі деп күтілуде. Жаңа стандарт бойынша жоғары оқу орындарына түсуді мақсатты түрде жоспарлағандар ғана 11-12-сыныптарда оқиды. Демек, қазіргідегідей 11- сыныпты бітіріп алып, колледжге бару деген жоқ. Жоба бойынша 10-сыныпта орта білім бітіп, 11-12- сыныптар ЖОО даярлық курстары іспетті болады, тіпті, олар жоғары оқу орындарының базасында оқытылуы мүмкін. Жаңа бағдарлама бойынша әр бала бастауыштан бастап, бейіміне қарай дайындала бастайды. Орта буынға келгенде баланың қай мамандыққа бейімділігі басымдығы анықталып, сол қабілеті дамытылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp