Облыстық Сот актілерін орындау жөніндегі департаментте өткен брифингте осы жайында айтылды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Департаменттің заңды тұлғалардан өндіріп алу жөніндегі бөлімінің сот орындаушысы Валентина Зуйкинаның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында облыс орталығы бойынша еңбекақы қарызын өндіріп алуға байланысты 23 миллион теңгенің 26 атқару құжаты түскен. Олардың 16-сы аяқталып, соның нәтижесінде 139 жұмысшының маңдай термен тапқан нәпақасы қайтарылыпты. Ал атқару ісінде қалған 10 құжат бойынша әлі 66 адамның еңбекақысын қайтару керек. Сот орындаушысының айтуына қарағанда, қарызды қайтарудың тексерілген тетіктері бар. Мәселен, қарызын төлеуден қашқақтаған басшының атындағы мүлікті анықтау арқылы оларды тәркілеу, заңды және жеке тұлғалардың шетелге шығуын шектеу қарызды қайтаратын құрылым қызметкерлерінің жұмысының тиімділігін арттыратыны анық. Сондай-ақ, басқа құрылымдармен бірлесіп, рейдтік шаралар өткізудің де оң нәтижелері бар.
Брифингте биылғы жылы облыс орталығында еңбекақыны ұзақ уақыт бойы төлемей келгендердің тізімін бастап тұрған “Қазградстрой СК” ЖШС-нің қарыздан толық құтылғаны белгілі болды. Кәсіпорын басшысының өткен жылдың желтоқсанынан биылғы жылдың ақпан айына дейін 50-ден астам жұмысшысына төлемей келген еңбекақы қарызы 8 миллион теңгеге жуықтаған болатын.
Жалпы, биыл облыс бойынша департаменттің орындауында 246 миллион теңгенің 131 атқару құжаты болып, олардың 141 миллион теңгені құрайтын 77 құжаты аяқталған.