«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЛАГОВЕЩЕНКАДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ 400 оқушыға тарлық етіп тұр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылындағы қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін №2 орта мектеп 2000 жылы ашылған. Бүгінгі таңда аталмыш мектепте 400 бала білім алып жүр. Мұғалімдердің басым бөлігі жоғары білімді, әркім өз мамандықтары бойынша еңбек етеді.

Гүлсара Едресова да аталмыш мектепте химия-биология пәндерінен сабақ береді. Жоғары білімді, бірінші санатты ұстаздың білім саласында еңбек етіп келе жатқанына да 34 жылға таяп қалған. Еңбек еткен жылдарының басым бөлігінде дәстүрлі түрде, бор және тақтамен жұмыс істеген мұғалім қазіргі жаңашылдыққа да төселіп қалғанын айтады. Мектепте интерактивті тақталар, мультимедиалық кабинеттер бар.

 – Жалпы мұғалімдердің үштен бір бөлігі – жастар. Сонымен қатар білім беру жүйесінде көптен еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдер де бар. Олардың қатарында физика пәнінің мұғалімі Қанат Ипов – “Білім беру ісінің үздігі” атағын иеленіп, еңбегімен еленген жан. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гауһар Мағжанова зейнеткерлікке шыққанына екі жыл болса да, әлі жұмыс істеп, жас мамандарды тәрбиелеп жүр. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қамар Мұхамедқалиева, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Қалзайым Әуелбаева және өзім зейнеткерлікке шығуға жақын жүрсек те, жылдар бойы жинақтаған тәжірибемізбен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесімізді беріп тұрамыз. Мектепте еңбек етіп жүрген жастардың көбі өзіміздің түлектеріміз, олар жоғары оқу орнын бітірген соң ұшқан ұяларына қайта оралады. Сондай оқушымыздың бірі – Нұрқат Серікбаев оқуын бітірген соң “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келіп, өзімізде жұмыс істеп жүр. Ұжымда ер мұғалімдер де өте көп, – дейді Гүлсара Тұрсынқызы.

Гүлсара Едресованың айтуынша, түлектердің арасында медициналық академия, фармакология, технология, агрономдық мамандықтарды таңдап, сол салалар бойынша грантпен оқып жүргендері де бар. Биылғы оқушыларының да білімге ынталары жаман емес. ҰБТ-дан бес оқушы – биологияны, 1-еуі химияны таңдаған. Бір оқушысы ұстазының жолын қуып, химия-биология пәндерінің мұғалімі болуды көздеп отыр. Олар ҰБТ-ға мақсатты түрде дайындалып жүр. Тіпті, үзіліс уақытында да ұстазына келіп, тест тапсырмалары бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алады. Дәстүрлі емтиханға кімнің баратыны жөнінде сынып жетекшілері ата-аналармен келісе отырып, жұмыс істейді. Гүлсара Тұрсынқызы жетекшілік ететін гуманитарлық бағыттағы 11 “а” сыныбының 5 оқушысы дәстүрлі емтихан тапсырмақшы.  

– Оқушыларыма ризамын, болашағын, үйлерінің жағдайын ойлайды, сөзді де түсінеді. Мектепте тәртіп бұзушылық, сабаққа кешігу деген жоқ. Топ басшысы таңертең барлығын түгендеп, сабақтың соңына дейін қадағалап отырады. Мектеп Интернетке қосылған, әр кабинетте моноблок тұр. Оқушылар ҰБТ-ға дайындалатын арнайы “5+” бағдарламасына кіріп, әр пән бойынша білімдерін тексереді. Бағдарламаның бір тиімді жері, оқушы бірден қатесін көріп, оны түзету жолдарын іздестіреді. Өз алдыма “Сын тұрғысынан ойлау технологияларын қолдана отырып, балаларды өздігінен жұмыс істеуге үйретуді” мәселе етіп алдым. Оқушыларымның арасында химия пәні бойынша ғылыми жоба қорғап, жүлделі орындар алғандары бар. Айнагүл Сәукенова “Газды сусындардың денсаулыққа зияны” туралы ғылыми жоба қорғады. Соның әсері болса керек, қазір Благовещенканың дүкендеріне газды сусындарды онша әкелмейді, өйткені оларды алушылар аз, – дейді Гүлсара Тұрсынқызы.

Мектеп жанындағы 40 оқушыға шақталған интернатта көрші ауылдардан келген балалар тұрады. Онда жақсы жағдай жасалған. Шағын орталықтағы екі топта 30 бүлдіршін тәрбиеленіп жүр. Мектеп жанындағы 10 сотық жерге картоп, көкөністің барлық түрлері егіледі. Одан алған өнімдерді мектеп асханасы мен шағын орталықта кәдеге жаратады. Сонымен қатар мектеп үлескісіне осыдан екі жыл бұрын 100 түп қарақат та егіліпті. Алайда, білім ошағының жақсы жақтарымен қатар, қынжыларлық жағдайлары да бар екен.

– Мектепте кабинеттер жетіспейтіндіктен, ондағы 400 оқушы екі ауысыммен оқиды. Биология, химия кабинеттері жоқ, оқулықтар жетіспейді. Өзімде интерактивті тақта болған, бірақ екі жылдан бері проекторы жарамай қалды, ал физика кабинетінде, керісінше, компьютер істен шыққан. Қазір екеуіміз бір-бірімізбен ауысып, жоқтан бар жасап, сабақтарымызды осылай жүргізудеміз. Мектеп ескі, ұлдардың жұмыс істейтін шеберханасы, сүргілейтін құралдары жоқ, олар тек теориялық сабақтармен шектеледі. Ұлдарға қарағанда қыздардың жағдайлары жақсы, олар тоқу, тігу, тамақ дайындауға үйретіледі. Қыздарға технолог маман Мөлдір Бексұлтанова сабақ береді. Жаңа үлгідегі мектеп – оқушылар мен ұстаздардың арманы, – дейді Гүлсара Едресова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp