«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮРЛІ ӘН-КҮЙЛЕР – “ӘЛҚИССАНЫҢ” АРҚАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ән-күй өнерін дәстүрлі сипатта насихаттаушы ансамбльдердің бірі – “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің құрылғанына небәрі 4 жыл өтсе де, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып үлгерді. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ, “Солтүстік Қазақстан”.

2010 жылы облыстық филармонияның жанынан құрылған “Әлқисса” фольклорлық ансамблі өңірімізде ұлттық ән-күй өнерін дәстүрлі сипатта насихаттаушы жалғыз кәсіби ансамбль деп атасақ, қателеспейміз. Өнер ұжымында 12 музыкант қызмет етеді. Ансамбльдің қалыптасуына тікелей септігін тигізген Сайран Сәбитовтың орнын Руслан Асылхан басты. Қазіргі таңда ол ансамбльдің жаңа көркемдік жетекшісі болып табылады.  

Руслан Асылханның өңірімізде қызмет етіп жүргеніне көп уақыт өткен жоқ. Шал ақын ауданының тумасы – Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Ол облыстық филармонияның бір топ жас музыканттарының талап-тілегімен ашылған “Шабыт” этнотобында да өнер көрсетіп келеді. Домбыра, шаңқобыз және дауылпаз аспаптарында бірдей ойнай алатын Руслан Ерболатұлы этнотоптың да, “Әлқисса” ансамблінің де болашағы зор деп санайды.

– Дәстүрлі халық мәдениетін сақтау, халық әндерін орындаушылардың өнерін дәріптеу, ұмыт қалған ән өнерімізді жаңғырту мақсатында құрылған ансамбль репертуарының негізін қазақ халқының әндері мен күйлері құрайды. Мақсатымыз ән-жыр, терме-толғаулар секілді ұлттық рухани құндылықтарымызды, төл өнерімізді насихаттау болып табылады. Бүгіндері ансамбльдің құрамында 11 музыкант пен жеке ән орындаушымыз бар. Олардың барлығы жоғары білімді музыканттар, – деген ансамбльдің жетекшісі Руслан Асылхан ансамбль мүшелерімен таныстырып өтті.  

Көзден тасада қалған аспаптардың бірі – сазсырнайда Айдос Ақылбеков ойнайды. Ол – қылқобыз, сазсырнай, шаңқобыз, жетіген аспаптарын да бірдей меңгерген. Сонымен қатар көмеймен айту өнеріне де машықтанған. Жезқазғанның тумасы Айдос – Астана қаласындағы ұлттық өнер университетінің дәстүрлі музыка өнері кафедрасының түлегі. Оқуды тамамдай салысымен зайыбы Жәмила Мұстафина екеуі облыстық филармонияның шақыруымен Қызылжар қаласына көшіп келеді. Жәмила да ансамбльдің мүшесі. Ол қылқобыз аспабын меңгерген. Филармониядағы жұмысымен қатар, қазіргі таңда облыс орталығындағы өнер колледжінде шәкірттер тәрбиелейді. Ансамбльде прима қобызында ойнайтын екі бірдей музыкант бар. Олар: Меруерт Адамбекова мен Фариза Амантаева.

Бұл ансамбльдің құрамында бірнеше аспапты бірдей меңгерген әмбебап музыканттар жетерлік. Шертер ұлттық аспабында Татьяна Букирова мен Алуа Нұрмұхамбетова ойнайды. Ал Саян Дүйсенов, Самал Асылбаева, Ринат Балғабаев домбыра аспабында сүйемелдейді. Ал Юля Полякова баянды меңгерген.

Ансамбльдің репертуары негізінен қазақ халық әндерінен тұрады. Заманауи сазгерлермен қатар, халық күйлері мен әндеріне қоса, ансамбль жергілікті сазгерлердің туындыларын да орындамақ ойда. Осы орайда фольклорлық ансамбль “Қазақ халқының 1000 әні” атты еңбектің авторы Александр Затаевичтің ізін қуған сазгерлердің бірі – жерлесіміз, музыкант, сазгер Сайдаш Ғайсиннің “Солтүстік Қазақстан өңірінің фольклорлық мұрасы” деп аталатын әндер жинағындағы туындыларға жан бітірсе деген тілек те жоқ емес.

 Репертуарында 50-ден астам ән-күйі бар өнер ұжымының жетістіктері де аз емес. Былтыр Ақтөбе қаласында өткен “Жұбанов көктемі – 2013” халықаралық фестивалінде өнер көрсетіп, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, халықаралық “Шабыт” фестивалінде халық музыкасы аталымы бойынша лауреат болса, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған республикалық фольклорлық этнографиялық ансамбльдердің “Ғасырлар сазы” дәстүрлі музыка фестиваль-байқауының Ахмет Жұбанов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі салтанатты шараларға белсене қатысатын ансамбль Астана қаласында өткен Наурыз мейрамына қатысып, елорданың тұрғындары мен қонақтарына өнерінен шашу шашты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp